Қазақтың кең сахарасы өмірге небір саңлақтарды алып келді. Солардың ішінде жер-жаһанға аты мағлұм әл-Фарабидің алар орны ерекше. Себебі, оның ғылыми еңбектері мен терең философиялық ойлары бүгінгі күнге дейін өзінің маңыздылығын жойған жоқ. Оның мұралары бүкіл адамзатқа ортақ құндылық болып саналады. Оның бізге жеткен философиялық ойлары барша адам баласына рухани қуат секілді. Мен осы мақаламда сіздермен шығыстың ғұлама ғалымының нақыл сөздеріне қатысты ой бөліскім келеді.
Адалдық жайында «Ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты», «Шыншылдық адалдықпен ағалас», «Өрге жүзген өнегелі ісімен, Таңда адал дос өз теңіңнің ішінен», «Жүргендер көп достық атын малданып, Қалмағайсың сен де бірде алданып» деген сөздері бар. Ол егер де адамда «адалдық» феномені бар болса, онда ол адамның бойынан «ар-ұят», «жауапкершілік», «ізгілік» деген феномендерді де кездестіреміз дейді.
Оның ойынша, адалдық – шынайы адамның болмысын жасайтын негізгі фактор. Ол болмаса болмыс жасанды деп саналады. Қазіргі «бетперде киіп алғандар» деген сөз соларға нұсқалған. Әл-Фараби, әсіресе, достар бір-біріне адал болуы керек дейді. Өйткені, достықтың «бетпердесін» киіп жүргендерге алдану оп-оңай деп, боямасыз, адал достыққа, дос таңдаудағы дәлдікке үгіттейді. Адалдықтың мәнін ол осылай түсіндіреді.
Ғалымның «бейқамдық сәтсіздікке бастайды» деген ойы Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңімен үндес. Екеуі де бейқамдық, немқұрайлылықты кесапатың бастауы санайды. Әл-Фараби мен Абай үндестігі мұнымен шектеліп қалмайды. Мысалы, «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңінің мәні әл-Фарабидің «Сұлу саз жан сергітеді» деген ойына сыйып кетеді. Одан басқа әл-Фарабидің білім-ғылымға үгіттеген «адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді», «білімді болу деген – жаңалалық ашуға қабілетті болу», «білім қуған жанның ойы күнделікті күйбелеңнен көп алыста жатады», «шын білім – ақиқат, анық білім», «Ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтқыр ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұялайды», «Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет ондай болмасқа керек» деген ойлары да ұлы ақынымыздың шығармашылық мүдедесімен бір сарында. Әл-Фараби ғылым-білімнің мәнін түсіндіруге ұмтылған. Оның ойынша, бұл мән – жаңа нәрсеге ұмтылу, жаңа өркениет қалыптастыру. Сонымен қатар, ол ғылым мен білім игерудің пайдасын, игерген ілімді пайдалы іске жұмсауды, оның қаншалықты маңызды ұғым екендігін айтады.
Шығыстың көрнекті тұлғасы адам бойындағы мінез-құлықты ең басты рөлдердің біріне қояды. Егер адамның мінез-құлқында міні болса, оны рухани кесел санайды. Асан Қайғы бабамыздың «мінезі жаман адамға енді қайтып жуыспа» деген ойына саяды. Әл-Фараби мінезді ішкі дүниенің айнасы санай отырып, тұрақты бақыттың себепшісіне теңейді. Адам ақылды әрі мінезі көркем болса, онда оның бойында «адамгершілік» феномені міндетті түрде болады дейді ойшыл ғалым.
«Шын беріліп қызықтаған нәрсе ғана жүрекке жетеді» дей отыра, адамда ерік қалауы бар екендігін, тағдырының жызылып қоймағандығын айтқысы келеді. Яғни, «бостандық», «еркіндік», «қалау», «таңдау» сияқты феномендерді жүректің кілті санайды.
Әл-Фарабидің «ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуына, жақсы қылық пен жаман қылықтың ара-жігін ашуына көмектесетін күш» деген сөзінен үлкен философиялық астарлы ой табамыз. Ой елегіне салып қарайтын болсақ, адамды құрайтын үш компонент белгілі бір өзіндік элементтен қуат алады. Яғни, болмыс тәнінің күші – бұлшық еттер, жанының күші – махаббат, ал рухының күші – ақыл-парасат. Осыны әл-Фараби жақсы түсінген.
«Ғақлия көзбен қарасаң, Дүние – ғажап, сен – есік, Жаһлы көзбен қарасаң, Дүние – қоқыс, сен – меншік» деген ойы батыста қалыптасқан редукционизм бағытын өлтіре сынаған. Редукционисттер – адамды затқа немесе хайуанға тең ететіндер. Әл-Фараби олар дүниеге маңдай көзімен қараған дейді. Егер жүрек көзімен қарағанда, адам барлық құдіретке жол ашар есік саналатын еді деп ой түйеді. Қазақта «жүректегі көз – көз, маңдайдағы көз – без» деген сөз осыдан қалса керек. «Адамға тән бір жақсы қасиет – өзін қоршаған әлемнің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ете алу» деп, әл-Фараби адам баласын хайуаннан һәм мүліктен даралайды.
Әл-Фараби философиясында қозғалатын тағы бір мәселе «тәрбие» феномені. Оның «тәрибесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әйгілі афоризмінің түп-төркінін мен айтпай-ақ ұғып отырған боларсыздар. Өйткені, оның мәнін Абай он жетінші қара сөзінде жақсы жеткізеді. Ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің дауласуы ең шешуші тұста жүректің барлығына басшы болып сайлануымен аяқталады. Адам қанша ақылды, білімді, күш-жігерлі болсын, жүрегінде тәрбиемен берілетін «ар-ұят», «иман», «адалдық» сынды феномендер болмаса, ол түбі кесапатқа әкеледі дейді. Осы тұстан Абай мен әл-Фараби байланысын тағы да байқай аламыз.
Әл-Фарабише тәрбиелеу деген – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту. Демек, тәрбие бар жерде білім де бар. Екеуін егіз ұғым санайды. Бір-бірінен ажыратса адамзатқа кесел тиеді дейді.
Осы орайда атақты психоаналитик, психология саласында жаңалық ашқан, бейсаналылық теориясының негізін қалаушы ғалым Зигмунд Фрейдтің адам санасы, оның ішінде тәрбие жөнінде айтқандары ойыма сап ете түсті. Оның пікірінше, адам санасы үш қабаттан тұрады. Оларды Фрейд «эго», «суперэго», «ид» деп атады. Солардың ішінде суперэго деген – бала күнімізден санамызға құйылатын элементтер, яғни тәрбие. Сананың ид қабатындағы, яғни түпсанадағы қалаған нәрсесіне бала күнгі берілген тәрбие тиым салатын болса, онда ол трансформацияланып адамның потенциалына айналады. Содан эгоға түскен потенциялымен адам небір ғажайып өнер туындыларын дүниеге әкеледі. Бұны неге айтты дейсіздер ғой!? Өйткені, бұл – әл-Фарабидің тәрбиелеуді өнер қуатын дарыту деген сөзіне дәлел бола алады. ХІХ ғасырдың ғалымы айтқан сөзді біздің ғұлама ІХ-Х ғасырларда айтып кеткен екен.
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың нақыл сөздерін мен осылайша пәлсапалық електен өткіздім. Қорытындылай келе, оны шығыс философияда өзінің бөлек орны бар ірі тұлға ретінде көретінімді айтқым келеді. Еуропада қалыптасқан небір философиялық мектептер сияқты, қазақтың кең жазирасында қалыптасқан философия мектебі бар, ол – «Әл-Фараби» мектебі. Оның өкілдері – Алтын Орда әдебиеті, жыраулар поэзиясы, хандық дәуірі, дәстүрлі ақындық өнері кезеңдерінің тұлғалары және Абай мен оның ақын замандастары. Бұл – тарих, ал біз тарихпен болашақты жасауымыз керек. Ол үшін тарихи тұлғаларымыздың нақыл сөздеріне терең болуымыз маңызды деп ойлаймын.
Есенбай Ізбасаров
Атырау қаласы