Таңдау еркі адамда бар ма?
Адам өмірінде таңдай алатын, таңдай алмайтын заттар да бар. Гуманисттер мен детерминизмді қолдаушылардың дауы логиканың «тепе-теңдік» заңының бұзылуынан туады.
Таңдай аласың: досыңды, әйеліңді, тұратын үйіңді, көйлегіңді, мамандығыңды, оқу және жұмыс орныңды, т.с.с. Бұлар өз еркімізбен таңдалады.
Таңдай алмайсың: ата-анаңды (ата-анаң жынды болса, байлап бақ деген мақал да бар), бауырларыңды, қашан туылып, қашан дүниеден өтесің, туыстарыңды, туылған жеріңді, ұлтыңды, т.с.с. Бұларды таңдау еркі бізге бұйырмаған. Белгілі бір трансцендентті әлемнен бұйрық келеді, біз оны орындаймыз. Бірақ осыларды детермдеп алып, логиканың «тепе-теңдік» заңын бұзамыз.
Бір бала белгілі-бір спорт түрінен чемпион болды. Оның әрекетін көрейік:
«Менің ата-бабам батыр болған. Мен сондай тектілердің ұрпағымын, сондықтан чемпион болдым» деп мақтанса – өз еркімен таңдамаған нәрсесіне мақтану.
Өзі спорт мектебіне барып, жаттығып, еңбектеніп, мақтанса – өз еркімен таңдаған нәрселеріне мақтану.
Яғни таңдаған нәрсесі мен таңдамаған, маңдайына жазылған нәрсені теңестіріп (ата-бабасының батыр болғаны = өзінің чемпион болғаны), «тепе-теңдік» заңының бұзылуына әкелді. Детерминизмді жақтаушылар «бұл жігіттің ата-бабасы батыр болған, сондықтан тегіне тартып бұл да чемпион атанды. Алда жүру оның қанында бар нәрсе» дейді. Ал гуманисттер(либералдар) «ол өзі жақсы спорт мектебін таңдап, жаттығуы мен еңбектенуі де өз қалауында болды» деп пайымдайды.
Демек, тең заттар – тең, тең еместер – тең емес болған кезде ғана бұл таластың әділ әрі нақты жауабын береміз.
Меніңше, детерминизмді адамдар өздерінің күнәсін ақтап алу үшін ойлап тапқан. Барлық істеген күнәсін тағдырға жаба салады. Тіпті бұған арналған әзіл бар.
Бір сайтан баласын ерітіп, барлық заттарды таныстырып келе жатыр екен. «Мынау – ағаш, мынау – көл, мынау – тас» деп жатқанда, баласы «ал, мынау ше, бұл не?» деп сұрапты. Сайтан «бұл – адам, сен бұған жолаушы болма. Барлық күнәні өзі жасап алып, бізге жаба салады» деп баласын алыстау алып кетіпті.
Мінекей, біздің өзімізді ақтау үшін «сайтан азғырды» деген сылтау айтуымыз үлкен қателігіміз екенін осыдан ұғуға да болады. Тап бір сайтанның азғыруы пешенемізге жазылған нәрседей санаймыз. Қалам жаралғанда Сенің тағдырыңды жазғаны өтірік емес, бірақ құдай саған оны өзгерту үшін таңдау еркін берді. Тағдырымыз өз қолымызда.
Бұл менің субъективті пікірім, ал сіз қалай ойлайсыз, сіздің сенетін шындығыңыз қандай?
Есенбай Ізбасаров