Экология министрлігі араб шейхтарына жойылуға шақ тұрған құстарды аулауға не үшін рұқсат бергенін түсіндірді. Қазақстан олардың ақшасына қызығып отыр екен. Себебі шейхтар атып алған әр дуадаққа 700 мың теңгеге жуық ақы төлейді.
Үкімет өткен аптада Катар мен Біріккен Араб Әмірліктерінің 4 шейхына жылына 300-дей құсты атуға рұқсат берген. Аңшылар Қызыл кітапқа енген «жиек дуадақ» немесе «жорға дуадақтарды» Кендерлі-Қаясан, Арыс және Қарақтау, Жосалы мен Оңтүстік Қазақстандағы Мемлекеттік қорық аймағында атуға құқылы. Ал саятшылықтан түскен ақша дуадақтар мен басқа да жоғалып кету қаупі бар жануарларды тіркеу, оны қорғау, сонымен қоса «Охотзоопром» инспекторларын көлікпен қамту және жабдықтауға жұмсалмақ.
Министр Мағзұм Мырзағалиевтің
айтуынша, Парсы шығанағы елдерінің аңшылары қазынаға 61 миллион доллар қаржы
құйыпты. Соңғы он жылда 20 мыңнан астам дуадақ табиғат аясына жіберілсе, оның
мыңға жуығы атылған.
«Осы жолы бұларға 273 құсқа рұқсат бердік. Дегенмен қанша шығатыны
белгісіз. Ол аңшылық қой. 270 құсқа 181 миллион теңге ақша түседі», —
дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Қаулыға қарағанда, 10 қазан — 15 қараша кезеңіңде шейх Халифа Бин Заед Әл Нахаянға (Біріккен Араб Әмірліктері) Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар Арыс жөне Қарақтау мемлекеттік қорығының аумағында 43 дуадаққа жөне Жамбыл, Қызылорда мен Түркістан облыстарындағы республикалық маңызы бар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік қорығының аумағында 90 дуадаққа, шейх Сурур Бин Мұхаммед Әл Нахаянға (Біріккен Араб Әмірліктері) Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар Кендірлі-Қаясан мемлекеттік қорығының аумағында 43 дуадаққа, шейх Сеиф Бин Мұхаммед Әл Нахаянға (Біріккен Араб дмірліктері) Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар Кендірлі-Қаясан мемлекеттік қорығының аумағында 43 дуадаққа, шейх Джасем Бин Хамад Бин Халифа Әл Таниге (Қатар) Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар Аңдасай мемлекеттік табиғи қаумалының аумағында 27 дуадаққа, сондай-ақ Алматы жөне Жамбыл облыстарындағы республикалық маңызы бар Жусандала мемлекеттік қорығының аумағында 30 дуадаққа ителгілерімен саятшылық құруға рұқсат берілген.
Шейхтардың қазақ жерінде аң аулайтыны, оған үкіметтің ерекше жағдай жасайтыны қоғамда бұған дейін де қызу талқыланған. Аңшылыққа жауапты басшылар шейхтар құрған дуадақтарды қорғау жөніндегі халықаралық қорының ұйытқы болуымен Қазақстанда дуадақ өсіретін шаруашылықтардың пайда болғанын, онда жыл сайын жүздеген дуадақ табиғатқа жіберілетінін алға тартып келеді. Біздің білетініміз, дуадақ өсіретін шаруашылық Түркістан облысының Бәйдібек ауданында орналасқан. Шейхтар осы жобаға 3,5 миллиард теңге инвестиция құйған. Жылына 6оо-ге жуық дуадақты табиғат аясына жібереді. Бір сөзбен айтқанда, құсты өздері өсіреді, өздері аулайды.
Белгілі бір ушыққан жағдайды алдын алу үшін қабылданған шешім, кері әсерін беретін «Кобра эффектісі» деген құбылыс бар. Осы заңды қабылдауымыз да «кобра эффектісіне» соқтыруы әбден ықтимал. Ендеше жағдайдың қалай өрбуі мүкін екендігін егжелеп айтып берейін.
Саясаттану, қоғамтану, экономика, психология салаларында «кобра эффектісі» термині жиі кездеседі. Ол ағылшындардың Үндістанды отарлау кезінде пайда болған. Британ империясы Үндістандағы билікті жүргізген тұста кобра саны күрт өсіп кеткен. Ағылшындардың біршамасы зардап шегіп, біразы әбжылан уынан көз жұмған. Субтропиктік аймаққа бейімделмеген ағылшындарға бұл, әсте, ұнамайды. Отарлаушылар бірден күресті бастап кетіп, «әр кобра басына сыйақы тағайындалады» деп халыққа хабар таратады. Күн сайын өлген кобра арқалаған жұрт ағылып жатады. Мәселе шешілгендей көрінген, бірақ кобра саны азаюдың орнына бұрынғыдан да көбейе түседі. Себебі, сыйақыға әуестенген тұрғындардың көбі әбжыланды асырап, санын көбейте бастайды. Кобра популяциясының асқынғанын түсінген билік сыйақыны алып тастайды. Ал жылан асыраған тұрғындар амалсыз кобраның бәрін таратып жібереді. Нәтижесінде кобра саны бұрынғыдан да артып кетеді.Тағы бір оқиға ХХ ғасыр ортасында Қытайда болған. Сол уақыттағы агрономдардың анықтауы бойынша, ауыл шаруашылығына зардабы тигендердің көбі торғайлар екен. Жергілікті халық бүкіл торғай атаулыны жоюға кірісіп кетеді. Нәтижесінде, экологиялық баланс бұзылып, жәндіктер саны көбейіп кетеді. Бүкіл егін-жай, астық алқаптары мен бау-бақшаларды құрт-құмырсқа басып, бәрі құрдымға кетеді. Ал торғайлардың табиғи балансы біраз жылдардан кейін ғана қалыпқа келген. Кобра эффектісінің экономика мен саясаттағы ықтималдығын зерттеген аналитик Хорст Зиберт Венесуэладағы оқиғаны мысалға келтіреді. Жанармай тапшылығынан Венесуэла билігі жаңа заң енгізеді. Заң бойынша күнтізбенің тақ күндері тақ нөмірлі көліктер, жұп күндері жұп нөмірлі көліктер жүре алады. Адамнан айла қалған ба? Жүргізушілер екінші көлік сатып алып, тақ және жұп нөмірлі екі көлікпен жүрген. Соның салдарынан мегаполистерде көлік саны артып, елде жанармай дағдарысы болған.
Біз араб әмірлеріне табиғатта сирек кездесетін құстарымызды ақы төлеп аулауға рұқсат бергеннен соң, олар тек сирек кездесетіндерін ғана емес басқаларында аулауға кірісуі мүмкін. Сөйтіп көп деп жүрген құстарымыз да азайып, олардың санын қалпына келтіруге одан да көп қаржы кетеді. Табиғат инспекторлы әмірлердің алтынын алып ештеңе көрмегенсіп кете береді. Себебі парақорлыққа әлі иммунитетіміз қалыптаспаған. Араб әмірлеріне рұқсат берілгенін естіген басқа да елдің шенді-шекпенділері қарап отырмасы кәміл. Сондықтан табиғи тірі байлықтарымызды қолда барында бағалай білейік. Арабтың алтыны үшін қазақтың алтынынан айырылып, «Кобра эффектісі» деген осы екен ғой деп жүрмейік.
Есенбай Ізбасаров