Бүгінгі қоғамда онкологиялық, созылмалы, патологиялық, жұқпалы және тағы басқа аурулармен ауыратындардың саны көбейіп, ауру жасарып келеді. Неліктен жап-жас жігіттер бедеу, сәбилердің жүрегінде ақау бар, қыздардың көбі мамологтарға кезекке тұрады, әлі ата-әже атанып үлгермеген егде жастағы кісілердің қан қысымы жоғары немесе сүйектері сырқырап, жүрегі сыр береді деген сұрақтар бізді жиі мазалайды. Осы мәселелердің төңірегінде дұрыс тамақтанбау, яғни диетаның жоқтығы, экологиялық хал-ақуалдың нашарлығы, жұмыстың ауыртпалықтары, спортпен шұғылданбау деген сияқты жауаптар естиміз. Бұларды жоққа шығара алмаймыз, бірақ біз маңызды бір нәрсені ескермей отырмыз. Ол не екен? Барлық ауруға қарсы тұра алатын антидене – мәдениет, нақтырақ айтсақ, қоғам мен байланыс деген ұғымдар. Ауырмаудың түрлі амалдарын қарастырғанымызбен, мәдениет жағынан оны әлі сынап та көрмеппіз. Өзге адамдардан изоляцияланудың, ешкіммен қарым-қатынас жасамай өздігінен өмір сүрудің адам денсаулығына кері әсері бар екендігіне тарихта бір мысал сақталған. Оны ғалымдар Розето эффектісі немесе Пенсильвания парадоксі деп атайды.
ИТАЛИЯДАН АМЕРИКАҒА
Розето-Вафорторе Римнен оңтүстік шығысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан қалашық. Ол ортағасырлық жүйе бойынша салынған: барлық үйлер үлкен орталық алаңды айнала орналасқан. Тұрғындар мәрмәр карьерлерінде, Апеннин тауының етегіндегі жазықтарда жұмыс жасады. Оларға тауға қайта-қайта көтеріліп түсу оңайға соқпады. Көбісі кедейшілікте өмір сүрді. Бірақ олар ХІХ ғасырдың соңына қарай мұхиттың арғы жағындағы мүмкіншіліктер мол мемлекет жайлы естиді. Сөйтіп 1882 жылдың қаңтарында қалашықтан Америкаға алғашқы топ көшіп кетеді. Алғашында Нью-Йоркке келгенімен, кейін Пенсильваниядағы Бангор қалашығына орналасады. Сол аймақта тақтатас карьеріне жұмысқа орналасады. 1894 жылы 1200-ге тарта розетолық Американың паспортын алады. Карьердегі жұмысқа еті үйренген тұрғындар бұнда да тақтатас карьеріне жұмысқа кіреді. Көп ұзамай Италиядағы барлық розетолықтар осында келіп, Бангорға көрші қалашық салып алады. Оны барлығы кіші Италия деп атағанымен, кейінен тұрғындарының бәрі бір қалашықтан екенін ескеріп Розето атауын иемденеді. 1896 жылы шіркеудің басына жас, қуатты Паскуаль де Ниско әкей келіп, тұрғындарды аулаларына сарымсақ, фасоль, картоп, қауын мен жеміс ағаштарын отырғызуға шақырады. Ол тұқымдар мен түптерді таратып берді. Қала жаңа тынысқа ие болып, шошқа бағып, вино жасау үшін жүзім егіп бастады. Басты көшелері Гарибальди-авенюдің бойында шағын дүкендер, ресторан, барлар, мектеп, монастырь бой көтерді. Паркті бұзып, орнын мазар қылды. Тұрғындар Розетода итальянша сөйлесіп, шағын қалада тату-тәтті, достық көңілде өмір сүріп жатты. Стюарт Вульф деген адам болмағанда дәл солай қала беретін де ме еді, кім білсін?
ПЕНСИЛЬВАНИЯ ПАРАДОКСІ НЕМЕСЕ РОЗЕТО ЭФФЕКТІСІ
Вульф – дәрігер. Асқазан ауруларын зерттеді және Оклахома медицина университетінде дәріс берді. Ол жаз айларында Пинсильваниядағы фермасында болды. Фермасы Розетоға жақын болғанымен оның мәні не, егер кіші Италия өзге әлемнен бөлекше өз салт-дәстүрінде, өз мәдениетіне сай өмір сүріп жатса. 1950 жылы Стюарт мырза жергілікті медициналық қоғамдастыққа дәріс оқуға келгенде, оны жергілікті дәрігер жанына шақырып алып оған қызық бір жайтты баяндап береді. Өзінің осы өлкеде 17 жылдан бері дәрігер болып еңбек етіп келе жатқанын және сол уақыттың ішінде розетолықтардың 65 жастан кіші ешқандай тұрғыны жүрек аурының шағымымен келмегендігін айтады. Алғашында Вульф оның сөзіне скептикалық тұрғыда қарайды, себебі ол кезеңде америкалықтардың 65 жасқа дейін қайтыс болғандарының көбіне жүрек ауруларының диагноздары қойылған екен. 1961 жылы Стюарт Вульф бірнеше әріптесімен бірігіп, қасына студенттерін еріте осы жағдайдың сырын зерттеуді бастайды. Қала мэрі оларға мектептен орын беріп, розетолықтар тексерістен өту үшін сонда келді. Барлық тұрғынның және олардың ата-әжелерінің амбулаториялық карталарын зерттей келе таңғаларлық дерек жазып алды. Ешқандай 55 жастан кіші розетолық жүрек ауруынан қайтыс болмапты. Басқа себептерден болатын өлім-жітім шартты деңгейінен 30-35%-ға аз. Вульф көмекке Оклахамадағы әлеуметтанушы досы Джон Браунды шақырады. Олар студент-медиктер мен аспирант-социологтарды тартып, әр үйге кіріп сұхбат жүргізеді. Ешқандай суицид, алкоголизм, нарко-тәуелділік және өте төмен деңгейдегі қылмыстылық. Ешкім де әлеуметтік жәрдемақы алмайды. Асқазандары да сап-сау. Тек оларды кәрілік қана жеңетін. Бұның бәрі шынымен тым парадоксальді естіледі емес пе?
ҚҰПИЯНЫҢ ЖАУАБЫН ІЗДЕУ
Басында Вульф розетолықтар ерекше диета ұстайды деп топшылайды. Бірақ бұл ойынан айнуға тура келді. Себебі олар тамақты пайдалы оливе майында емес, шошқаның майында қуырды. Италиялық пиццаның құрамында да тұз, май, томат, анчоус пен пияз бар. Басқалары тек рождествода ғана жейтін тұзды печениелер мен тоқаштарды олар жыл бойы жейді. Барлық тамағының 41%-ы майлы болды. Олар және ерте де тұрмады, йогамен, спортпен де айналыспайтын. Шешімі диета мен спортта болмаса, мүмкін, генде шығар? Италиядан келген розетолықтардың барлығы осы аумақта емес еді. АҚШ-тың басқа жақтарында да қоныстанған. Вульф олардың гендері бір-біріне жақын болатынын білді және қорғаныш гені бар шығар деп болжам жасайды. Дегенмен, тағы да сәтсіздік, өйткені басқа штаттардағы розетолықтар бұндай денсаулыққа ие емес болып шықты. Дәрігер мырза зерттеуін тұрғылықты жеріне байланысты да қарастырды. Көрші Бангор мен Назареттіктердің розетолықтар сияқты денсаулығы күшті емес екені анықталды. Енді бір ғана шешім қалды, ол қаланың түпкілікті өзінде жатқан сыр. Қаланың мәдениеті. Розето қаласының тұрғындары бір-бірімен тығыз қатынаста болды. Көршілерімен байланысы жақсы. Кеште әр отбасы паркке әртүрлі тамақ алып келіп, бәрі бірге бөлісіп жейтін. Қаладағылардың табысы, күн көріс деңгейі бірдей. Шіркеу олардың жүйке жүйелерін тыныштандыратын орын еді. Бірүйде үш ұрпақ тату-тәтті бірге күн кешетін. Өздерінің шыққан тектерін ешқашан ұмытпайтын. «Беймәдениет» шөліндегі «мәдениет» оазисі болды.
Оларда күйзеліс болмайтын шығар дейсіздер ме? Әрине болады. Еркектер тақтатас кареріндегі ауыр жұмыстан шаршайды ғой. Әйелдер күні бойы үйдің шаруасымен жүріп, кеште бір тынығады. Жалпы барлық тұрғындарға стрессогенді факторлар өз әсерін тигізді. Олардың бәрін жоғарыда айтқан мәдениет жеңе алды. Қоғам мен Байланыс. Осы екі ұғым оларды барлық ауруға қарсы антидене құрушылар ретінде тарихта қалдырды. Осылайша Стюарт Вульф розетолықтардың денсаулығының мықтылығының құпиясы – олардың мәдениеті деген шешімге келді.
ӘРІ ҚАРАЙ НЕ БОЛДЫ?
Түптің түбінде Стюарт пен Джон «Розето эффектісінің» құпиясын ашты. Бірақ оны нақтылап дәлелдей алмады. Жалғызбастылық адам баласының денсаулығын құрта береді екен. Америкада жалғызбастылар саны әлі күнге өсіп келеді. Розетоға жаңа тұрғындар ағылып келіп жатты. Олардың ойында тұрғындардың 80 жылға созылған мызғымас денсаулығының сырын ұғу, махаббаты мен сыйластығын түсіну деген болмады. Розетолықтардың 12 мүшесі сау, алкоголға тәуелді емес екенін біледі. Сөйтіп бұл оазисті де беймәдениет жұтатады. Сырттан келгендер өздерінің ғана жағдайын ойлап, тек реабилитациядан өтуге келген еді. Жергілікті тұрғындарға ашу-ыза, сорақылық, қылмыс жасау сияқты тағы басқа жаман әдеттерді жұқтырады. Қалада биік қақпаларымен үлкен үйлер пайда болды. Адамдар кешке бірге қыдыруды қойды. Қаладағы клубтар жабылды. Шіркеу кішірейді. Әлеуметтік жағдайлары әркелкі бола бастады. Байлары ескі «форд» пен «кадилактарын» жаңа «BMW» мен «мерседестерге» өзгертті. Қаланың соншалықты өзгергені адамдарға да әсер етті. Алғаш рет Розетода 1971 жылы 45 жастағы адам жүрек ауруынан қаза болды. Розето тұрғындары «индивидуалды» және батыстың күйзелісті өмірін қабылдаған кезде денсаулықтары күрт нашарлап, дәрігер Вульфтің гипотезасын растады.
ТҮЙІН
Қазір қазақстандықтардың да арасында жүрек ауруы жасарып келеді. Вульфтан кейін тағы да американдық ғалымдар көптеген тәжірибелер жүргізеді. Олардың нәтижесінде «индивидуалды» өмір салты тек жүрек емес басқа да ауруларың басты факторы болып есептеледі екен. Ал адамдармен тығыз қарым-қатынас, яғни «розетолық» қоғамдағы мәдениет онкологиялық, созылмалы, патологиялық, жұқпалы және тағы басқа аурулардың алдын алушы бола алады. Шынымен де, біз неге қазір, тіпті, көршілерімізбен байланысуды доғардық. Қазақ бұрын көршісінің үйіне кез келген уақытта кіріп шай ішіп, кешегі мен ертеңгіні талқылап кетпейтін бе еді. Сол кездерде мал бағудың өзі үлкен стрессогенді фактор болды ғой. Бірақ адамдар қазіргіге қарағанда аз ауырады, ұзақ жасайды. Балалары ата-анасына айқайлап, бөлмесін кілттеп алады дегенді тек кинодан көруші едік, қазір күнделікті өмірімізден де байқайтын болдық. Бір үйде үш ұрпақ дегенің не, немене, шөбшегін сүйетін төрт-бес ұрпақ тату тұратын. Қара шаңырақ деген осы емес пе? Қазір жастар үш ұрпақ түгілі, үйлегеннен кейін ата-анасынан бөлек шығып кетуге асығады.
Меніңше, мәдениет деген адам жасын ұзартатын, денсаулығын мықты қылатын барлық факторлардың басын біріктіруші. Егер ол болмаса, керісінше енді сізге стрессогенді факторлар шабуыл жасайды. Пенсильванияның парадоксі дегеніңізді, негізі, қазақтар баяғыда көріп тастаған. Ал бүгін сол батыстың өмір салтын жұқтырып, барлығын құртып алдық. Ендеше, денсаулығыңыз мықты болсын десеңіз жақындарыңызбен байланысты үзбеңіз және оларға деген махаббатыңызды жеткізуден қорықпаңыз.
Есенбай Ізбасаров