Сыбайлас жемқорлық – әлемнің бірде-бір елі толықтай еңсере алмаған күрделі әлеуметтік мәселелердің бірі. Ол мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамның болашағына да кері әсерін тигізеді. Сондықтан оның алдын алу және оған қарсы жүйелі күрес жүргізу – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағыттағы басты мақсат – қоғамның барлық саласында жемқорлық деңгейін төмендету, азаматтардың мемлекетке және оның институттарына деген сенімін нығайту. Алайда бұл міндетті тек мемлекеттік органдардың күшімен жүзеге асыру мүмкін емес. Ол үшін әрбір азаматтың бойында заңға құрмет пен жемқорлыққа төзбеушілік қағидаты қалыптасуы қажет.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану, билікті немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу және қызметтік жалғандық жасау сияқты әрекеттер жатады. Мұндай құқыққа қайшы әрекеттер қоғамдық дамуға кедергі келтіріп, мемлекеттік органдардың жұмысына деген сенімді әлсіретеді.
Әсіресе мемлекеттік қызмет саласында адалдық пен жауапкершіліктің маңызы зор. Өйткені мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасындағы байланысты қамтамасыз ететін тұлға. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер өз міндетін заң талаптарына сай, ашық әрі әділ атқаруға тиіс. Бұл – азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтудың маңызды шарты.
Жаңаөзен қалалық мемлекеттік қазынашылық басқармасының қызметкерлері де өз жұмысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын қатаң сақтауға басымдық береді. Қызметтік міндеттерді адал орындау, заңдылық пен жауапкершілік қағидаттарын ұстану – басқарма жұмысының негізгі ұстанымдарының бірі.
Менің ойымша, сыбайлас жемқорлықпен күрес әр адамның өзінен басталуы керек. Қай салада қызмет етсек те, жұмысымызға адал қарап, өзгелермен қарым-қатынаста әділдік пен жауапкершілікті басшылыққа алуымыз қажет. «Мен еліме не беремін, қоғам мен мемлекеттің дамуына қандай үлес қоса аламын?» деген сауал әр азаматты толғандыруы тиіс.
Әркім өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, заң талаптарын сақтап, жемқорлық көріністеріне бейжай қарамаған жағдайда ғана бұл кеселге қарсы күресте нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Адалдық пен заңға құрмет – әділетті қоғам қалыптастырудың берік негізі.
Г. С. Ұзақбаева,
Жаңаөзен қалалық мемлекеттік қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары
