Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, мемлекеттің экономикалық әлеуетіне нұқсан келтіріп, азаматтардың билікке деген сенімін әлсірететін күрделі әлеуметтік мәселе. Бұл құбылыс жекелеген елдерге ғана тән емес, халықаралық деңгейде де өзекті мәселелердің бірі саналады. Оның салдары заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарының сақталуына кері әсер етеді.
Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – лауазымды тұлғалардың өз қызметтік өкілеттіктерін жеке басының пайдасы үшін заңсыз пайдалануы. Оның кең тараған көріністеріне пара алу мен пара беру, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, таныстық арқылы заңсыз мәселе шешу және мемлекеттік мүлікті иемдену жатады.
Жемқорлыққа тосқауыл қойылмаса, елдің тұрақты дамуы мен өркендеуіне нұқсан келеді. Өйткені мұндай әрекеттер азаматтардың тең құқықтылығын бұзып, заң талаптарын сақтап, адал еңбек етіп жүрген адамдардың мүмкіндіктерін шектейді. Соның салдарынан қоғамда әділетсіздік күшейіп, мемлекеттік институттарға деген сенім әлсірейді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті болуы тиіс.
Жемқорлықпен күрестің ең тиімді жолдарының бірі – оның алдын алу. Бұл бағытта азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеу және қоғамда адалдық пен жауапкершілік құндылықтарын орнықтыру маңызды. Отбасында, білім беру ұйымдарында және еңбек ұжымдарында әділдік пен парасаттылық қағидаттарын дәріптеу де осы мақсатқа қызмет етеді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді электронды форматта көрсету адами факторды азайтып, заңсыз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет әр адамның күнделікті ұстанымынан басталады. Пара беруге де, пара алуға да жол бермеу, заңсыз әрекеттерге төзбеушілік таныту – азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Әрқайсымыз адалдықты өмірлік қағида етіп, заң талаптарын сақтауға мән берсек, әділетті әрі жемқорлықтан ада қоғам қалыптастыруға өз үлесімізді қоса аламыз.
Ж. Бердиева,
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік қазынашылық
департаменті басшысының орынбасары
