Жаз мезгілінде пойыз билетін емін-еркін сатып алу деген көзден бұл-бұл ұшқалы қай заман? Яғни, жыл сайын жаз маусымында қаладан-қалаға қатынайтын пойыз билеттерін кассадан еш сатып ала алмайсыз. Кассаның терезесінен сізге берілетін жауап біреу: «Билет жоқ!». Бары – осы… Бір қызығы – кассадан таба алмаған билетіңізді вокзал ішінде кіріп-шығып «Билет бар!» деп, қолындағы билетін сатуға ынталы адамдардың қолынан көре аласыз. Бұл – жабайы сауда. Өйткені, адамның қолына өтіп кеткен бұл билеттердің бағасы екі немесе үш есеге қымбат болып келеді. Алмайын десең, жолға шығуға мәжбүрсің, алайын десең, қым
бат…
Міне, жылдар бойы қордаланған осы мәселеге Президенттің назары түсіп, халық көкейінде бір үміт оянғандай болды.
Президент пойыз билетін тапсышылығын жоюды тапсырды
Жақында Президент Қ.Тоқаев жаз мезгілінде болатын пойыз билеті айналасындағы дауға нүкте қойып, билет тапшылығын жоюға назар аударды.
«Үкіметке жаз мезгілінде пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасауды тоқтату туралы тапсырма бердім. Бұл жағдай азаматтарымызға қолайсыздық туғызып, еліміздегі ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр», – деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.
Бұған дейін «Жолаушылар тасымалының» баспасөз қызметі 1 шілдеден бастап электронды темір жол билеттерін сатудың жетілдірілген жүйесі іске қосылғанын хабарлаған еді. «Бұл жүйе бос билеттерді белгілі бір уақыт аралығында ғана сатылымға түсіреді. Оның уақыт алгоритімін автоматика өзі есептеп шығарады. Егер касссир 30 секунд бір типті 5 сұраныс жасаса – онда жүйе оны құрсалап тастайды. Егер бір мезетте 3 бірдей сұраныс жасаса – онда оған «жүйе 5 минутқа құрсаланады» деген хабар түседі. Яғни, бұл жүйе бос билеттерді «ұстауға» қарсы бағытталған.
Ескі жүйеде жолаушылар тарапынан қайтарылған билеттер сол мезетте сатылымға шығып, алып-сатарлардың қолына түсетін еді. Олар осыны пайдаланып алынған жол құжаттарын бірнеше есе қымбат сатып, пайда табатын», — делінген хабарламада.
Билет жоқ – вагон бос
Бұл, сірә, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі екеніне дау жоқ. Кассадан билет таппай, әуреге түсіп, ақыр соңында заңсыз жолмен жолсеріктермен келісуге мәжбүр боласың. Ал вагонға кірсең жартылай бос. Мұның себебі неде?
Күн сайын ел аумағындағы пойыздарға шамамен 1500-1700 билет күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар үшін брондалады. Өз кезегінде бұл билеттер пойыздың жүруіне 24 сағаттан 6 сағат қалғанға дейін сақталып, кейіннен сатылымға шығарылады. Осының салдарынан брондалған билеттің 80 пайызы қолданылмай қалады.
Міне, бұл мәселе шешілсе, билет тапшылығын болдырмауға да септігі тиер еді, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Данияр Нұрмағамбетов.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ
осы мәселеге қатысты Инвестициялар және даму министрлігіне бірнеше рет хат
жолдаған. Алайда арнайы шешім қабылданбағандықтан, брондалған билеттер саны
өзгеріссіз қалып отыр.
Сонымен қатар, ол билет сатылатын «Экспресс» автоматтандырылған жүйесі әлі де
қолайлы болмай отырғанын, сондықтан жазғы тасымалдауларға дейін билетті қайта
өткізу тарифі 1000 теңге етіп белгіленгенін айтып өтті.
– Жолаушылар тарапы наразы болғаны рас.
Бірақ біздің басқа амалымыз болмады. Оған қоса, билетті кері тапсыру үшін билеттің иесі немесе сенімхаты бар адамның өзі болуы керек. Осыған дейін алыпсатарлар куәліктің көшірмесі арқылы билетті сатып алып, қайта өткізіп жүрсе, қазір бұл жағдай мүмкін емес, – дейді Данияр Нұрмағамбетов. Сондай-ақ, қосымша вагондар тек соңғы күні ғана қосылатындықтан, аз уақыт ішінде билеттің бәрі сатылып үлгермейді екен. Міне, осы мәселелердің бір жолға қойылмауынан қазір теміржол алаңында заңсыз әрекеттер өршіп отыр.
29 адам қызметінен қуылған
– Біз билетсіз жүрген жолаушыларға ешқандай шара қолдана алмаймыз. Ал теміржол қызметкерлері мұндай іспен қолға түсіп жатса, қатаң шара қолданылады немесе бірден жұмысынан қуылады, – деді бас директор орынбасары.
Данияр Нұрмағамбетовтың айтуынша, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығы бірқатар лауазымды тұлғаның қызметі төмендетілген.
– Біз 10 сәуірден бастап тексерісті күшейтіп отырмыз. Осы уақыт аралығында жолаушыларды билетсіз тасымалдаудың 335 дерегін анықтадық. Ал заңсыз әрекеті үшін 29 еңбек келісімшартын бұздық. Нақтырақ айтқанда, олардың екеуі пойыз басшысы, ал қалған 27-сі жолсерік болатын. Сонымен қатар, 44 адамға қатаң сөгіс беріліп, бас-аяғы жеті пойыз басшысы жолсерік лауазымына дейін төмендетілді. Айта кетер тағы бір жайт, Алматы мен Шымкент вокзалдарында жүргізілген тексерістің нәтижесінде 15 адамның заңсыз билет сатылымына қатысы бары анықталып, олардың әрқайсысына 5-10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, – деді ол.
Дей тұрғанмен жолаушылар тасымалдау саласындағы заңсыздықтар үшін тек пойыз басшылары мен жолсеріктер ғана жазаланып келген. Мұндай проблемаларды біле тұра, акционерлік қоғам басшыларының ешбірі жауапқа тартылмаған. Ал, вокзал кассалары «Жолаушылар тасымалы» АҚ-қа қарасты емес, сондықтан оларға қарсы жаза қолдана алмайды.
«Тальго» ұшақпен тең бе?!
Шыны керек, мереке күндері қарсаңында «Тальго» пойызына билет алу мүмкін емес. Мәселен, Астананың 20 жылдығы тойланар қарсаңында жүрдек пойыздың билеттері 20 мың теңгеден асып кетті. Мұның себебі неде?
«Жолаушылар тасымалы» басшылығы айтуынша, бұл мемлекеттік емес, АҚ болғандықтан, коммерциялық бағыттағы маршруттар арқылы қосымша табыс табуға құқылы мекеме екен. Олай болса, бұл мекеменің алдына адамның құқын қойып, әділдік туралы сөз қозғаудың өзі артық емес пе? АҚ басшылығы бұл мәселеге қатысты бір-ақ шешімді көрсетеді, яғни билетті арзан бағада алғыңыз келсе, 45 күн бұрын жоспарлаңыз. Осы уақытта базалық тарифтегі құнынан 25 пайызға арзан алуға болады. Ал неғұрлым жақын күндерге алсаңыз, бағасы да соғұрлым қымбатқа түседі. Бұл – бізде ғана емес, әуе тасымалдаушылар, автобус тасымалдаушылар арасында да, тіпті Еуропа мен Америкада да қалыптасқан жүйе, – дейді Данияр Нұрмағамбетов.
Адам робот емес. Адам баласының басында 45 күн бұрын емес, 4 сағат немесе 4 күн алдын жоспарланбаған жұмыстардың болуы мүмкін ғой. Олай болса, осы жағын да қарастыру керек емес пе?
Ескі вагондар жаңара ма?
Пойыз вагондарының ескіріп кеткендігі шешілмей тұрған мәселелердің тағы бірі ретінде ортаға тасталды: қымбат бағамен билет алып, вагонға кіргеніңде іші лас, иісі мүңкіп тұрады, мұндай пойыздар жақын уақытта жаңаруы немесе жөндеуден өтуі мүмкін бе?
Елімізде 80-90-жылдарғы, тіпті одан да ескі пойыздар жолаушылар тасымалдауда қолданылып келеді. Олар тәртіп бойынша тұрақты жөндеуден өтіп тұрғанмен, мүлдем ескірген. Алдағы уақытта олардың бәрі бірден жаңартылмайды, тек біртіндеп алмастырылмақшы.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ қазір осыған байланысты арнайы бағдарлама әзірлеуді қолға алып отыр. Жалпы теміржол саласында шешімін таппай тұрған түйткілді мәселелер жетерлік, ол тұтынушылардың талабы мен ұсынысы және басшылықтың іскерлігі біріккенде ғана шешімін таппақ.
Президент бұйрығынан кейінгі өзгерістер…
Ендігі уақытта жол билеттерін «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на қарасты 233 кассасында, жеке меншік 4500 кассада және де интернеттегі билет сататын ресми сайт EPAY.RAILWAYS.KZ (комиссиясыз) және де басқа да ғаламтордағы сату көздері арқылы алуға болады.
Айта кетсек, 2018 жылы интернет арқылы 16 млн 264 мың 373 билет сатылған. Ал, «Жолаушылар тасымалы» АҚ билеттердің алдын ала сатылуы қатысты түсінік берген еді. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға 45 күн бұрын ерте алынатын жол билеттерінің тапшылығы туралы шағымдар көптеп түсуде. Көп жағдайда жолушылар билеттерді түнгі сағат 24:00-ден кейін іздестіре бастайды. 45 тәулік бұрын сатылатын жол жүру құжаттары сатылымға таңғы сағат 07:00-де шығады.
Бұл уақыт қала маңы бағыттарына да тиесілі. EPAY.RAILWAYS.KZ сайтында электронды билеттерді рәсімдеу технологиялық үзіліс кезінде, яғни таңғы сағат 04:50 мен 05:50 аралығында тоқтатылады», – делінген «Жолаушылар тасымылы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Сондай-ақ, жолаушыларға жаңа қызмет – Күту парақшасы ұсынылады. Бұл қызмет Компанияға қарасты барша кассаларда жұмыс істейді. Керекті бағытта билет тапшы болған жағдайда жолаушы кассада күту парақшасына тіркелуі қажет. Айналымға билеттер түскен кезде жолаушының электронды поштасына хабарлама түседі.
Жолаушы екі сағат ішінде сол билетті Компанияға қарасты кез келген кассада сатып алуы керек. Алдағы уақытта Күту парақшасы қызметі электронды билет сататын сайттарға да енгізіледі. «Ұлттық тасымалдаушы жол билеттерін тек ресми кассалар мен арнайы сайттарда да ғана рәсімдеуді ескертеді. Алыпсатарлардан сақ болуларыңызды сұраймыз», — дейді компания өкілдері.
P.S. Десе де, вокзал маңындағы билет мәселесі шешіліп, билет табу ісі жолға қойыла қойған жоқ. Ел Президенті сеніп тапсырылған істің әлі де болса шешімін табуы шабан қолға алынып жатқан сыңайлы. Бұл заңға бағынушылықтың аздығы ма, әлде түймедейді түйедей етіп көрсетіп, көз алдау ма, оны алдағы уақыт көрсетеді.