Бұл жолдар сонау ХҮІ-ХҮІІ ғасырдың  1598-1645 жылдары 47 жыл бойы ел билеген Есім ханмен араға жік түскенде айтқан атақты Жиембет жыраудың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты жырынан алынып отыр.

         Еңсегей бойлы ер Есім,

         Есім сені есірткен,

         Есіл де менің кеңесім.

         Ес білгеннен, Есім хан,

Қолыңа болдым сүйесін,-деп толғаған жырау сөзін «Мен жоқ болсам, Есім хан, Ит түрткіні көресің, Жиембет қайда дегенде, Не деп жауап бересің?»..,-дегені бүгінгі таңда да өзекті естілгендей болып тұрады кейде,  ағайын!

Ежелден ат үстінде қар төсеніп, мұз жастанып жүріп, ел шетін торыған жауға қарсы тұрған бабаларымызды үні Тәуелсіздікке ұласып, халқының бірлігі мен тірлігі үшін арпалысқан асқақ ұрандарына, шүкір, бүгінгі күні қол жетті. Шүкіршілік ететіні, Тәуелсіздіктің көк туын әрдайым тік ұстауды ұрандатқан сол асылдардың көзсіз ерліктері әр қазақ ұланына үлгі болуға тиіс.

Сондықтан да Жиембет Біртоғашұлындай даралардың есімін халық жадында қалдырып, жаңа Қазақстанның жас өренінің жадына сіңіріп, отаншылдық рухын асқақтата түсу-әр буынның биік парызы десек артық болмас. «Әр қазақ-менің жалғызым» деп Сабыр ақын жырлағандай, жалпақ даланы жайлаған ел азаматтарының басты тілегі-Қазақстанның  бірлігі, шекарасының беріктігі, береке-байлығы, халқының амандығы екендігі сөзсіз.  

Жиембет жыраудың Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында, Алматы, Астанада тұрып жатқан ұрпақтары 5-6 жыл бұрын бастама көтеріп, бауырларына үн тастап, ата аманатын бүгінгі қоғамға жеткізіп, оны баянды етуге үлес қосып, бірігіп,  қасиетті ісін жалғастырып, іс-шара, үгіт-насихат жұмыстарын одан әрі жандандыруға үлес қосуға  білек сыбана кіріскен еді.

Бұл игі бастаманың қарқыны елге ауыр індет келген кезеңде де бәсеңдемей, бауырлар ерік-жігерлерін жанып, сырқатына ем таппай қиналғандарға қол ұшын беру үшін қаржы жинап,  ауруханаларға керек-жарақтарын алып көмектесіп, бірліктерімен де бір сынақтан өткендей боп  көрінген.

Одан  әрі  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Табылды Құлыястың қос тілде бірдей “Жиембет батыр» атты  роман-эссесі жарық көрді. Сондай-ақ  Астана мен Ақтөбе, Индерборда Жиембет батыр әрі жыраудың есімі көшелерге беріліп, әділдіктің туы биікте желбірей түскен. Алайда бір өзі атақты еңсегей бойлы Ер Есімнің оң қолы, бас биі, батыры бола жүріп, сыртқы басқыншы қалмақтарға қарсы бес бірдей соғыста дараланған, атақты Орбұлақтағы шайқастағы ерлігі үшін Алшынның хас батыры ретінде есімі ескерткішке жазылған Жиембеттің батырлығы мен шешендігін насихаттау, үлгі ету  Тәуелсіздік жылдары қанатын кең жаюдың орнына түрлі деңгейдегі түсінбестікке тап болып, әлі де қарқын ала алмай келе жатқанын да мойындауға тиіспіз. Әрине, отаншылық пен патриоттықты алға шығарған қазіргі таңда мұндай селқостықты  жөн іс деп айту да қиын.

Сондықтан ата ұрпақтары осы жолы «Төбеңе шығар күн бар ма, Жотасы биік Дендерім» деп өксік ата жырларына қосып, өлеңдеріне арқау еткен Индер ауданының орталығы Индерборда жыраудың рухына арнап ас беріп, дұға оқуды ұйғарып, ол  күздің алғашқы айында ұйымдастырылды.

Бұдан бұрын мұндай басқосу Жиембет жыраудың ата қонысы саналған, көпшілік тарихи деректерде: «Жиембеттің негізгі мекені-Байбарақ, Байшөрек деген жерлер. Қыстағы Жайық жағасындағы Есім төбесі. Жазда Жиембет ауылы Жем-Сағыз бойын жайлаған» деп атақты ғалым Ханғали Сүйінішәлиев жазғанындай, Батыс Қазақстан облысындағы Ақ Жайық ауданының  орталығы Чапай қаласында өткен болатын.

Бұл істе ақжайықтық Баймұрат Темірғазиев бастаған белсенділердің өлшеусіз үлестерін қосып жүргенін ерекше атап өтуге тиіспіз. Олар бәрінен бұрын ауданның барлық мәдениет үйлері мен кітапханаларымен бірігіп, Жиембет батыр сағаттарын ұйымдастыруды тәжірибеге енгізуі Индербордағы кездесуде жағымды іс екені ерекше атап өтілді. Сондай-ақ Баймұрат бауырымыз «аманат еді» деп Нұргегерей ағасының беріп жіберген Жиембет жырау туралы Табыл Құлыястың соңғы кездері шыққан  қос тілдегі 5 кітабын ала келіп, таратуы да осы бағыттағы көп жұмыстың бір оң ишарасы танылды. Негізі бұл кітаптардың да Жиембет жырауды танытудағы орны ерекше екені аян. Сондықтан да мұндай әдебиеттер батыстағы төрт облыстың кітапханаларына да таратылса, нұр үстіне нұр болмақ.

Сол секілді олар Байұлының жеті баулы Танаға қатынасты, соның ішінде Жиембет жыраудың ежелгі мекені саналатын ескі қорымдарға экспедициялар ұйымдастырып, тиісті мамандарды тартып, ескі құлпытастарды оқыту жұмыстарын да жүргізіп жатқаны құптарлық іс екені мойындалды. Оның жайын әңгімелеген оралдықтар, жалпы қай облыста да болмасын Жиембет жырауға қатысты дерек, ескі қорымдар туралы сөз бола қалса, өздеріне дереу хабарласып, бірлесіп, зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғандарын ашып айтты.

Жалпы көпшілік жақсы біледі, Жиембет жырау  әрі батырдың туған, опат болған кезеңдері, оның арулап қойылған жері, тіпті әкесінің аты да Бортоғаш (Мұхтар Мағауин), Біртоғаш (Ханғали Сүйінішәлиев), Бортұғалиұлы (Қазанғап Байболұлы) болып,  түрлі деректерде түрліше жазылып жүргенін де нақтылау, зерделеу тарихшы ғалымдардың бірден-бір міндеті екенін де айта кеткіміз келеді.

Сөйтіп, алдымен өз тарихымызды түгендеп, оны жас ұрпаққа  байыптап түсіндіріп, түрлі тәрбиелік шаралар ұйымдастыру арқылы, көпшіліктің, әсіресе бүгінгі қоғамның ортақ мақсат-мүддесінен шыққан оңды әрі жоспарлы жұмыстарының біріне айналса, одан ешкім де ұтылмас еді.

Аталған басқосуда сөз болған ғылыми-тәжіриебелік конференция сәтін салып ұйымдастырылып жатса, осы тақырыптарда ғалымдар мен өлкетанушы әріптестеріміз ынталы ізденістерге барып, көптеген тың деректерге қол жеткізе алады деген үміттеміз. Ал Батыс Қазақстанда облысындағы кездесуде арнайы қор құрылып, бірқатар ұйымдастыру шаралары белгіленіп, соңғы басқосуда осы жайлардың қорытындысы тыңдалғанын да ұмытпасақ керек. Бұл жұмыстардың қорытындысы туралы қордың құжаттарын дайындап, арнайы заңды тіркеуден өткізуге көп тер төккен, бүгінде оның жетекшісі болып отырған индерлік құрылысшы маман, елгезек азамат Талғат Бисенов біраз жайды баяндап, қордың құрылымдарын, мүшелерін таныстырып шықты.

Сонымен қатар Талғат өзі қолға алған жұмыстарға көмектескен белсенділердің барлығына да, соның ішінде егде тартқан жасына қарамастан қос шараға да қатынасып, Индер ауданын Жиембет жырау есімімен атау жөніндегі ұсыныстарын жеткізген индерлік ақсақал Өтеген Ақышев ағамызға, Баймұрат, Жұмагерей, Темірбай, Амандық, Айбар, Данияр, Серікжан, Сара, Айман, Назгүл Қазалиқызына, Орынбордан арнайы келіп отырған қонақтарға, тағы көптеген бауырларына ризашылық сезімін білдіріп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Сол үшінде әр облыста жұмыс істеуге жауапты деген ынталы топтар құрылып, олардың мүшелері белгіленді. Сонымен қатар  төраға көп болып, баршасының ортақ ұранына айналған Жиембет жырауға лайықты бір ескерткіш тұрғызу мәселесін күн тәртібіне шығарды. Оған лайықты орынды көпшілікпен, соның ішінде жергілікті билік өкілдерімен біріге отырып, келісімін алып, жер таңдау жұмыстарын жүргізу де алда тұрғанын  қаперге берді.

Маңғыстау облысының Ақтау қаласында тұратын бауырлар атынан Орынбасар Сидешов сөз алып, болашақта Атыраудағы Халел Досмұхамедов атындағы университет басшылығымен біріге отырып, ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру мәселесін ұсынды.

Ақтаулық азамат үздік оқушыға «Жиембет жырау» қоры атынан стипендия тағайындау, сондай-ақ айтыс, жыраулар байқауларын ұйымдастыру сынды істерді қолға алып, Жиембеттану ісінің өзіндік бір дәстүрін қалыптастыру жөніндегі ұсынысы да болашақта ескерілетін шаруалар екені анық.

Сонымен бірге Жиембет жырауға Атыраудың көрікті жерінен ескерткіш тұрғызып, қаланың бір көшесіне батырдың есімін беру жөнінде ұсыныс енгізіп, осы жұмыспен белсене айналысуға шақырды.Жасыратыны жоқ бұл мәселе бұрында да көтеріліп, белгілі дәрежеде жұмыстар да жүргізілген екен.

Бірақ күтпеген жерден Жиембет жырау қазіргі талапқа сай халықтың бәрі бірдей біліп, мойындайтын  тарихи тұлға танылған ба деген сауал алдан шығыпты. Бұған енді кейбір жабық кабинеттерде отырған, өз ағайындарымыздың көзін жеткізу, көңілін орнықтыру үшін «Өтпес пышақ қол кеседі» демекші, бірқатар тиісті орындардың есігін қағуға тура келген.

 Шынында да «Қазақ энциклопедиясы», «Қазақстан тарихы», «Бес ғасыр жырлайды», тағы да басқа қалың тарихи томдар жинақтарға, анықтамалықтарға енген,  жыраулығы мен батырлығы түрлі елдердегі тарихи деректерде аталып, түрлі әдеби-зерттеу еңбектердің кейіпкері, аңыздарға негіз болған тұлғаны тану-танымау , әрине, жекенің ісі болмауы тиіс.

Бірақ басқасын айтпағанда, 1643 жылғы Салқам Жәңгірдің Орбұлақтағы шайқаста жауына күйрете соққы бергенде қол бастаған 10 батырдың бірі болған, атақты Ер Есім атанған ханның оң қолы, биі және Тәуелсіздік алған соң алып ескерткішке ұрпақтары тағзым етіп жүруі үшін, мәңгілік ұмытпасқа жазылып қойылған ердің бірі Жиембет Бортоғашұлының есіміне күмән келтірудің қисыны табыла қояр ма екен сірәда.

Дендер жерінде өткен басқосуда бұдан басқа сөйлеген ақтөбелік Амандық пен Асылан, алматылық Асқар Темірташев, индерлік Нұрлан Құсайынов, кәсіпкерлер Зәуреш Қазмұқашева, Айбар Әлмұқанов, тағыда басқалары қозғаған мәселелер, тақырыптар өте көп болды. Соның шінде Индербордағы жаңадан салынып жатқан мектепке Жиембет жыраудың есімін беру, ескерткішке Индербордың ең биік жотасын таңдау, немесе жеті шақырымдағы тоғыз жолдың торабына орнату, тағы да басқа тілектер болашақта жинақталып, қорытылып, тиісінше заңдастырылған салмақты бір ұсынысқа айналады деген сенімдеміз.

Осы ретте Ақтөбе облысының Хромтау қаласынан келген Амандық Ғаббасов пен Асылан Сыдықов өз бастамаларымен шығарған «Жиембет Біртоғашұлы» атты танымдық кітабын өздерімен бірге ала келіп, тұсау кесерін жасағанын да айтпасқа болмайды. Бұл қолға алынған игі іске бүгінде жасы 90-ға таялған индерлік қарт Өтеген Ақышұлы батасын беріп, сән-салтанатымен лентасын қиюы да бұл кездесудің сәнін ашып, мәнін асырды.

Сайып келгенде алыс-жақыннан жиналған Жиембет жыраудың ұрпақтары болып келетін үлкен-кіші бір ауыздан қасиетті тұлғаның аруағын әр уақытта ардақтап, рухын мәңгі есте қалдырудың шараларын бірлесіп ақылдаса отырып, оған тиянақтап қаржы жинақтап, барлық жұмыстарын түрлі деңгейдегі басшылықтармен бірлесе отырып, жүргізуге келісіп тарасты. Соған сай болашаққа арналған және кезеңдік  нақты жұмыс жоспарларын дайындауға келісті.Ендеше бастама баянды, іске сәттілік серік болсын!

Сүйеу ХАЛЫҚОВ,

арнаулы тілші.

Атырау облысы, Индербор кенті