Халық өнері – адам жанының небір құпия иірімдері көрінетін күрделі сала. Ұшқан  құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын кең байтақ қазақ даласының түкпір-түкпірінде қасиетті ән мен күйді шашау шығармай жинастырып, халыққа насихаттап жүрген өнер иелері қаншама!?

Әр әншінің әсем дауысынан, жүрек лүпілінен даланың алуан түрлі бояуларын айқын байқаймыз. Ал домбыраның үнінде халықтың жан сезімі, мінез-құлқы бар. Көздің жасын, көңілдің ділін, арман-мұңын ән арқылы жеткізген ғой халқымыз. Ән тыңдай отырып, бабаларымыздың басынан кешкен қайғы-қасіретін, күйініш-сүйінішін, замана сарынын көз алдымызға келтіреміз.

Біз бұдан біраз жыл бұрын «Атамекен аспаны» радиофестивалімен Атырау өңірінде болғанбыз. Келе сала өзіміз білетін әнші-күйшілерімізді іздестіре бастадық. Алғаш облыстық филармонияның есігін ашқандағы ойымыз – Қазақ радиосының әуе толқынынан әлденеше  насихаттаған дүлділ әнші Мекес Төрешовпен жолығып, сырласу еді. Өкінішке орай Мекес ағамыз бірер ай бұрын дүниеден озыпты. Мен ендігі жерде ол кісі туралы естелік жазатыныма  қатты өкініп қалдым…

Қаумалаған өнер иелері Мекес ағалары жайлы ортақ ой айтып, ол кісінің қадір-қасиетін  тізбектеп баяндай берді…

Әнші Мекес Төрешов Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданына қарасты «Таубұйрат» ауылдық кеңесінің «Қарақұс» елді мекенінде туған. Ауылдағы бастауыш мектептен, «Сүйіндік» ауылындағы орта мектептен онжылдық білім алып шығады. Дарынды өнерпаз бала кезінен қолына домбыра ұстап, анасы Мәдинаның тәрбиесімен өнерге ұмтылады.

Бозбала кезінде той-думанда ән салып, ауыл өнерпаздарынан біраз нәрссені де үйренеді.  Қазақрадиосында бір кездескенде  Мекес ағамыз өзінің бал дәурен балалық шағы туралы былайша сыр ағытқан-ды.  

«Мен бесінші-алтыншы сыныпта оқып жүрген кезде Ғарекеңнің күйтаспаға жазылған әндерін естіп өнерге құштар болып өстім. Бізде қызыл бұрыш деген болатын. Сонда патефон тұрушы еді. Мынау «Желкілдек», «Жас өмір», «Ақжамал», «Айнамкөз» әндері сол пластинканың бір жағында, екінші жағында Жүсіпбек Елебековтың орындаған әндері бар-тын. Әсіресе Ғарекеңнің орындауындағы әуезді әндері маған ерекше әсер ететін. Содан кейін менде «өскенде әнші болсам-ау» деген ой қалыптасты. Көп ұзамай қолыма домбыра алып, ән үйрене бастадым. Қалай болғанда да Ғарекеңнің орындау шеберлігі дауысының биік шыңға көтерілуінің өзі тым бөлек-тұғын. Содан әнші болуды алдыма мақсат етіп қойдым.

«Қазақконцерттің» жаңадан ашылып жатқан кез болатын. 1959 жылдың аяғына таман «Қазақконцертке» жұмысқа орналастым.  Міне содан бері мені киелі сахна өзіне арбап алды. Сахнасыз тірлікті көзге елестете алар емеспін.   Менің ән бағдарламамда Ғарекеңнің орындаған халық әндері мен Мұхит бабамыздың ән туындылары.  Ғарекеңнің әндерін орындаушылар бірде баршылық қой. Ол кісінің домбыра қағысы, әнді орындау шеберлігі ғажап-тұғын. Біз Ғарекеңнің әндерін қанша мәрте айтсақ та кейбір кезде шалалақ жасаймыз. Дегенмен осы кісінің қол  соғуы, айту иірімімен ден қойып көп көп үйрендік» – деп еді Мекес аға.

Шашасына шаң жұқтырмайтын дарабоз, күміс көмей  әншілер Мұхит мектебінен өнеге алып, сарқылмас рухани қазынамызды әр кезеңде толықтырып отырғаны баршаға аян.

Ғарифолла атамыз Мұхиттың ұрпақтары Шынтас пен Шайқыдан үйренсе, Ғарекеңнің орындаушылық шеберлігін бойына дарытқан  Мекес  ағамыз көңілді, күлдіргі әндерді нақышына келтіріп орындағанда тыңдаушыны бір серпілтіп тастайтын.

«Әнді айтқан сайын Мекес ағаның дауысы ашыла түсетін. Домбыраның бұрауын жоғары көтере береді,  дауысы жетпей қала ма деп ойлайсың. Дауысты бар күшке салып айтатыны бар, фальцетке салып айтатыны бар. Домбырадан жел есіп тұрғандай, қасында отырғанды ұйытып алады. Сахнаға шыққанда да тыңдаушыны баурап алады. Тыңдап отырып, әнге ғашық болып қаласың. Әдемі салатын иірімдері бар. Ғарекеңді дәл қайталамайды. Өзінің ерекше қасиетімен Мекес екенін білдіріп тұрады. Қағыстары мен иірімдері төгіліп тұратын. Ағай бұрын әнші ретінде танылса, кейін ұстаз болып соңынан шәкірт ертті. Мекес ағаның әзілге құрылған әндерді шебер орындағаны сонша ел қыран-топан күлкіге батып, мәз-мейрам болатын» — дейді осы жайлы әнші Ажар Сейтенова.   

«Қазақконцертке» орналасқан Мекес Төрешев өнер майталмандарымен сапарлас болып, көпшілікті талантымен тәнті етті. Арнайы алдынан дәріс алмаса да ол Ғарекеңді ұстаз тұтты. Дала төсінде төгілте ән шырқаған тұнба дарын иесі Мекесті басшылардың бірден «Қазақконцертке» қабылдауы көрегендік десе де болғандай. Сол кездері шебер күйші  Оқап Қабиғожинның бәйбішесі Мекеске күйшінің домбырасын сыйға тартқан. «Жауынменен жер, батаменен ел көгереді» демекші, аяулы ананың ақ батасын алған Мекес  Оқап ағасының домбырасын жарты ғасырға жуық қолынан түсірмеді.

Енді Мекестің Мұхит мектебінің қадір-қасиеті жайлы айтқан ойын келтірейік.

«Қазіргі кезде Мұхиттың әндерін салатын әншілер бар. Мұхит мектебін әрі қарай неге жалғастыра бермейді? — деген сұрақ туса, бұл әннің күрделілігіне байланысты ғой деп ойлаймын. Екінің бірінің орындай алмауы– осы әннің күрделілігінен екені рас»

Әнші Жайықтың жағасындағы Атырауға келіп, облыстық филармонияға қызметке орналасады. Осы арада өмірлік жары Жақсыгүл Рахманқызының естелігін жалғастырсақ:

«Мекес екеуміз 1967 жылы бас қосып, Атырауға қоныс аудандық. Мекеңнің адамгершілігі мол, өмірден көргені көп, кейінгі ұрпаққа берері бар, артында ізі қалды. Балалары бар, шүкір, екі ұл, бір қыздың ата-анасымыз. Сол балаларды өсіріп-өндіріп, үйлендіріп тұрмысқа беріп, арқа-жарқа болып жатқанда отырған кезімізде Мекес дүние салды. Балалардың ішінде өнерге бейімі жоқ. Балалар барлығы да инженер. Жиенімізді музыка академиясына оқуға бердім».

Жақсыгүл апамызбен арадағы әңгімеміз қысқаша сұхбатқа айналды.

  •  Мекес ағамыздың әкелік қамқорлығы жайлы да айта отырсаңыз!
  • Балаларды бетінен қақпай өсірді, тәрбиеледі.
  •  Ағаның орындаған әндерінің ішінде өзіңізге арналған әндер дегенді қайсысын айтар едіңіздер?
  • «Екі-ай көзің жан қалқа» дейтін бір әні бар. Алғаш соны естіп, өзім де ғашық болғанмын. Кейін бар әні жаныма жайлы тиетін….

Әншінің елге оралуына ықпал еткен сол кездегі филармония директоры Ғинаят Үмбетов еді. Ол кісі Мекесті жаңадан құрылған «Атырау-Жайық» ансамбліне әнші ретінде қабылдады. Халық әндерімен қоса Мұхит бабасының  әндерін тамылжыта орындай білген Мекес үнемі ізденіс үстінде шыңдалған әнші. Ол ансамбль құрамында Қазақстанның көптеген аймақтарында өнер көрсетіп, республикадан тыс Түркия, Моңғолия, Өзбекстан, Түркіменстан, Ресей жерлерінде туған халқының өнерін насихаттады.

Мекес Төрешов қиындығы мен қызығы мол қасиетті өнер жолын айқындап, сол жолда қажымай-талмай еңбек етті, шәкірт тәрбиеледі. Әнші ағамыз жайлы көзі тірісінде атыраулық күйші Қадыржан Түсіпқалиев: «Мекеспен филармонияда бірге жүрдім. Оның артықшылығы – әннің иін келтіретін. Дауысы сондай ашық, жақсы азамат еді. Өзі ақкөңіл, арамызда сыйластық болды. Үлкен демейді, кіші демейді айналып-толғанып жүреді, аса бауырмал жан еді» десе, әнші, сазгер. Исатай ауданының Құрметті азаматы. Мәдениет қайраткері. Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті Гүлмайдан Сүндетова сөз орайында Мекес Төрешовтың орындаушылық шеберлігіне талай тәнті болғанын айтады.

«Мекес ағамыз бар болмысымен өнерге берілген адам еді. Өкініштісі – өмірден ерте кетті, ағамыздың әлі де берері мол еді. Ол – Ғарекеңнің ән орындау шеберлігін толық бойына сіңірген және оны әрі қарай көп ізденіспен дамытқан жан. Халық әншінің өнеріне бас иетін, тамаша орындаушы, дарынды өнер иесі еді ғой. Ол кісінің артынан да көп шәкірттері ісін жалғастырып, ұстаздан алған білімін әрі қарай насихаттауда.  Мекес ағамыз маған туыс болып келеді. Ағамыздың аңқылдаған мінезі болатын, өзінен кішілерге «айналайындар» деп еркелетіп отыратын».   

Асқақ та сазды әуенімен тыңдаушысын ән қанатында тербеген Мұхит мектебінің санаулы саңлақтарының бірі Мекес Төрешов халқының аңсай күтіп, тамсана тыңдайтын әншісі еді. Әнсүйер қауымды тәтті әуенге ұйытып, зор қошеметке ие болған шағында ол межелі жеріне жетті. Оның судай тұнық, сынаптай толқыған сұлу үні, шырқата салған әсем әндері талай тыңдаушының жадында қалды. Мекестің Қазақ радиосының алтын қорына қалдырған ән-термелері теңіздің тамшысындай ғана. Әнші асыл қазынасын өзімен бірге ала кеткендей.

Әр әншінің табиғатына бейім, өзіндік орындаушылық ерекшелігі болады. Тұғыры берік, тұрлауы тиянақты өнер болмысымен ерекшеленеді. Асыл өнердің бағы, көшелі кісіліктің иығына қонғанда ғана жанады. Мұратын тереңнен тапқан әншінің жан-дүниесі, өмірге көзқарасы әндей сергек, маңғаз, таза да сұлу. Ол пендешіліктен биік жан еді.

Өмір көшінің алдында халқының ән-жырын арқалаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мекес Төрешов әннің асылын шырқап, саналы ғұмырын қасиетті өнерге арнады. Өнер иесінің ой-сана, болмысы, қоғамдағы орны, азаматтық тұлғасы уақыт озған сайын сомдала түспек. Кейінгі ұрпақ әндерін үнтаспадан үйреніп, өнер зерттеушілер орындаушылық шеберлігінен ғылыми еңбектер де жазар.

«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп Абай атамыз айтқандай, әр адам бір жұмбақ әлем. Өмір бойы ән сырын зерттеп, соңғы нүктесін қоя алмай кеткен, сырлы да сырбаз өнердің тұңғиығына бойлай, інжу-маржанын теріп, тыңдаушысына мөлдірете жеткізе білген шебер суреткер, талғампаз орындаушы, ұлағатты ұстаз, асыл жар, ардақты әке, арқа сүйер аға  Мекес  Төрешов Мұхит мектебінің өз өкілі, арқалы әншісі еді…

Алтын ИМАНБАЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты