«Зерттеуші» қиялға беріліп кеткен бе?
Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толды. Осыған орай бұқаралық ақпарат құралдарында Ұлы Жеңіске қалай қол жеткізгеніміз туралы бұрын белгісіз болып келген жаңа архивтік деректер көптеп жариялануда. Солардың ішінде атыраулықтар үшін өте маңызды минометші, Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев туралы жаңа деректер жұртшылықтың назарын өздеріне аударды. Оның басты себебі, 1942 жылдың қаңтар айында Гурьев облысы Есбол аудандық әскери комиссариатынан (қазіргі Атырау облысы Индер аудандық әскери комиссариатынан) 1918 жылы туған 2 Боран Нысанбаевтың майданға алынуы болды. Бір Боранның аты-жөні Нысанбаев Арыстантегі болса, екінші Боранның аты-жөні Нысанбаев Мәстектегі еді. Олар 1943 жылдық ақпан айының бас кезінде Брянск майданының 48-армия құрамындағы 137 атқыштар дивизиясының 771 атқыштар полкінде (командирі подполковник А.И.Гордиенко) неміс-фашист басқыншыларымен шайқасқан. 1943 жылдың 6 ақпанында сол 771-ші атқыштар полкі І батальонның әскерлері Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясын фашистерден азат ету үшін шабуылға шыққан.
Бұл туралы подполковник А.И.Гордиенко былай деп жазады: «40 минуттық артиллериялық дайындықтан кейінгі кеңес әскерлерінің шабуылынан еш нәтиже болмаған. Себебі, жаудың ДОТ тәрізді етіп жасалынған мықты да үлкен ДЗОТ-ынан пулеметтер жоғарыдан оқ себелеп, жауынгерлердің ілгері жылжуына мумкіндік бермеген. Осы кезде 1-минометшілер ротасының минометшісі Боран Нысанбаев пулеметтердің себелеп тұрған оғының астымен 2 рет жау ДЗОТ-ына жақындап барып, гранаталар лақтырады. Бірақ, пулемет үні өшпейді. Содан кейін, командирден пулеметтердің үнін өшіруге рұхсат алған Боран, өз денесін айналдыра гранаталармен байлап, қолына танкіге қарсы қолданылатын 2 граната алып, ДЗОТ-тың есігіне дейін жорғалап барады да, есікті теуіп ашып, ДЗОТ-тың ішіне секіріп кіріп, гранаталарын лақтырады.
Жойқын жарылыс нәтижесінде пулеметтер түгелімен істен шығып, батальон жауынгерлері жау әскерлері орналасқан төбені басып алады. Тас-талқаны шыққан ДЗОТ-тың ішінен 28 неміс-фашист солдаты мен офицерінің өліктері және комсомол мүшесі Боран Нысанбаевтың денесі табылады. Осылайша, минометші Боран Нысанбаев Арыстантегі сүйікті Отанын басқыншылардан азат ету жолында ерлікпен қаза табады».
Архивтік деректерге үңілсек, 771-атқыштар полкінің командирі, подполковник А.И.Гордиенко Лески деревнясын жаудан азат етуде қаһармандық көрсеткен минометші Исимбаев Буран деп көрсетеді. Қызыләскердің аты-жөніне байланысты қателіктің себебін былай деп түсіндіруге болады. Ол мезгілде танкіге қарсы қолданылатын 2 гранатамен ДЗОТ-ты жарып, сол жерде өзі де қаза тапқан, денесі әбден пәршаланған қызыләскердің кім екенін анықтау қиынға соққан. Тек төсқалтасынан алынған, қанға малынған комсомолдық билеттің қалдығы негізінде құжат Исимбаев Буран деп толтырылған».

Исимбаев Буран қаза тапқаннан кейін бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталып, Кеңес Одағының Батыры атанған. Соғыстан кейінгі жылдары Кеңес Одағының Батыры Буран Исимбаевтың шындығында аты-жөні Боран Нысанбаев және оның туған жері Қазақ КСР, Гурьев облысы екендігі белгілі болған. Соған сәйкес, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Л.И.Брежнев 1963 жылы аты-жөні түзетілген Боран Нысанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру турлы Жарлыққа екінші рет қол қойған.
Осыдан кейін Кеңес Одағының Батыры Грамотасын тапсыру үшін Гурьев облысы, Индер ауданына Мәскеуден келген уәкілдер күтпеген жағдайға душар болады. Себебі 1942 жылы қаңтар айында Есбол ауданынан майданға екі Боран Нысанбаевтың алынғандығы белгілі болады. Енді қай Нысанбаевтың отбасына батырдың грамотасын тапсыру мәселесіне келгенде алдымен сол кездегі саяси ережеге сай олардың отбасында сотталған адамның болған, болмағандығы тексеріледі. Өкінішке орай, Кеңес Одағының Батыры, минометші Боран Нысанбаев Арыстантегінің туған ағасы соғыс кезінде сотталған болып шығады. Сондықтан да Кеңес Одағының Батыры Грамотасы атқыш Боран Нысанбаев Мәстектегінің отбасына тапсырылады. Бұл жерде дәлірек анықтағанда мыналарды білуге болатын еді:
1. Минометші Боран Арыстантегі, ал атқыш Боран Мәстектегі;
2. Олардың туған жерлері әр түрлі;
3. Боран Нысанбаев Арыстантегі комсомол мүшесі, ал Боран Нысанбаев Мәстектегі ешқандай қоғамдық ұйымға кірмеген;
4. Боран Нысанбаев Арыстантегінің бастауыш білімі бар;
5. Боран Нысанбаев Арыстантегі 1943 жылдың 6 ақпанында Лески деревнясын азат ету үшін болған ұрыста ерлік жасап, қаза тапқан болса, Боран Нысанбаев Мәстектегі 1943 жылдың 14 желтоқсанында Украина жерінде Житомир облысының Малин ауданы Федоров селолық кеңесі аумағында қаза тапқан.
6. Боран Нысанбаев Арыстантегі соғыс барысында жараланбаған, ал Боран Нысанбаев Мәстектегі 1943 жылдың 16 ақпанында құлағынан оқ тиіп жараланып, қысқа уақыт госпитальда жатып, емделіп шыққан. Алайда, осындай ерекшеліктер болса да Кеңес Одағының Батыры атағы атқыш Боран Нысанбаев Мәстектегінің отбасына тапсырылған. Күні бүгінге дейін Атырау облысында республикамызда Боран Нысанбаев Мәстектегі 1943 жылғы 6 ақпандағы оқиғаға еш қатынасы болмаса да Кеңес Одағының Батыры деп есептелініп келеді.
Тек 2019 жылдан бері қарай Боран Арыстантегінің ұрпақтары іздеу салып, Ресейдің архивтерінен деректерді алдыртқан кезде ғана, шындық белгілі бола бастады. Қазіргі кезде Боран Нысанбаев Арыстантегінің ұрпақтары батыр бабаларының жасаған ұлы ерлігі туралы хабардар. Олар 2025 жылдың мамыр айында батыр бабалары қаза тапқан жерге барып, зиярат етіп қайтты. Туған жердің топырағын, оның қабірінің басына салды. Ал жергілікті билік Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев Арыстантегі зиратының басына мемориалдық тақта орнатты.
Сөйтіп, қазіргі кезде Лески деревнясын фашистерден азат ету жолында өзін құрбан еткен жауынгердің Боран Нысанбаев Арыстанұлы екендігін Орел облысы Покров ауданының тұрғындары мойындап, оны қайтадан жерлеп, оған мемориалдық тақта /суретте/ қойды. Осылайша ақиқат толықтай анықталды. Алайда, соңғы кездерде Боран Нысанбаевтардың Ұлы Отан соғысындағы қаһармандықтары төңірегіндегі мәселеге біржолата нүкте қоюды қаламайтын, дәлірек айтқанда 1943 жылы 6-шы ақпанда ұлы ерлікті жасаған атқыш Боран Нысанбаев Тәстектегі деп дәлелдеуге тырысатын кейбір «зерттеушілер» байқалуда. Оған дәлел – жуырда Ж.Науаровтың «Прикаспийская коммуна» газетінде (24.07.2025) және Facebook-те жариялаған мақалалары. Бұл «зерттеулерде» Ж.Науаров мырза қалай болғанда да Лески деревнясы үшін болған ұрыста ерлік жасаған атқыш Боран Мәстектегі деуге бар күш-жігерін салған. Тіпті, өзінің алдына қойған мақсатына жету жолында автор шындықтан шығып, қиялға беріліп кеткен деуге әбден болады. Оған дәлел – автордың Лески деревнясы үшін болған ұрыстағы минометші Боран Нысанбаев Арыстантегі жасаған ұлы ерлікті атқыш Боран Мәстектегі Нысанбаевқа аударуы. Автор тіпті атқыш Боран Нысанбаевты комсомол мүшесі деп, бір жазса, құжаттардағы «қызыләскер Б.Исимбаев ерлікпен қаза тапты» — дегенді былай қойып, атқыш Боран Нысанбаев «тірі қалыпты» -деп, айды аспанға бір-ақ шығарады. Немесе полк, дивизия, Армия командирлері мен қолбасшыларының, Әскери кеңес мүшесінің Боран Нысанбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына «қаза тапқаннан кейін» деп ұсынулары шындық болмағаны ма? Сонда қалың жұртшылық әскери қолбасшылардың сөзіне, әскери архивтерде сақталған құжаттарға сенбей, «зерттеуші» Ж.Науаровтың қиялына сену керек пе? Бұл жерде бүкіл халық алданып тұрған жоқ па? Тіпті автор мақаласында Боран Арыыстантегі туралы ештеңе жазбаған, себебі, ұлы ерлік жасаған батыр Боранды мойындағысы да, атын да атағысы келмейді. Лески деревнясында мықты бекінген жау ДЗОТ-ын беліне граната байлап, жарып жіберген атқыш Боран Мәстектегі деуден тынар емес.
Кеңес Одағының Батыры Грамотасы 1963 жылы бұл оқиғаға еш қатынасы жоқ отбасыға тапсырылды. Нәтижесінде, халық бір рет алданды. Енді XXI ғасырдың бірінші ширегінде Боран Нысанбаевтарға байланысты шындықты бұрмалауды Ж.Науаров мырза өз қолына алғаны бізге тіпті түсініксіз жайт?
«Зерттеуші» Ж.Науаров, Сіз «қазақтың қайсар ұлы ауыр жараланып, тірі қалған атқыш Боран Нысанбаев госпитальге түскен» дейсіз. Архивтік құжаттар бойынша Боран Мәстектегі Тула қаласындағы госпитальде 4-ақ күн емделген. Сонда оның ауыр жараланғаны қайда? Шындығында, архивтік деректер «атқыш Боран Нысанбаев 16 ақпанда Шалимово деревнясы түбінде болған шайқаста құлағынан жараланып, 4 күн госпитальда емделген» деп көрсетеді. Логикалық тұрғыдан алғанда госпитальда 4 күн емделу мен 6 ақпанда ауыр жараланудың арасында үлкен айырмашылық көрініп тұрған жоқ па?
Егер шындығын айтсақ, сіз минометші Боран Нысанбаев жасаған ерліктерді атқыш Боран Нысанбаевқа аударып жібергеніңізді өзіңіз де байқамай қалған сияқтысыз. Сіздің бұл пікірлеріңіз бұдан 82 жыл бұрын дүниеден өткен Борандардың рухына, олардың ұрпақтарына жасалған қиянат болмай ма? Қалай ойлайсыз? Сөз жоқ, кім-кімге де шындық керек. Ал, нағыз ақиқат бойынша Лески деревнясы түбінде ұлы ерлік жасаған минометші Боран Нысанбаев Арыстантегі. Сондықтан да бүгінгі күні, қадірменді Ж.Науаров мырза, сіз бен біздің алдымызға қояр мақсат біреу болуы керек. Ол минометші Боран Нысанбаев Арыстантегі жасаған ұлы ерлікті, кезінде кеткен қателіктерді халыққа жан-жақты түсіндіру. Тек сонда ғана қалың жұртшылық сізді де, бізді де нағыз ақиқатқа қол жеткізген зерттеушілер деп мойындауы мүмкін. Ендеше, жалған әңгімені қойып, нағыз ақиқатқа көшейік.
Газет оқырмандарының қаперіне бере кетейін, біз қозғап отырған тақырып төңірегінде облыстық, республикалық басылым беттерінде бұған дейін біраз материалдар жарық көрді. Мәселен, «Атырау» газетінің 2023 жылғы 27 шілдедегі Гүлзада Әбілдаеваның «Сіз кімсіз, Боран батыр?» және өткен жылғы 15 ақпандағы “Белгілі батырдың беймәлім тұсы” атты мақалалары жарияланды. Ал Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біз сөз етіп отырған жайттарды өзінің зерттеу нысанына алған белгілі тарихшы-өлкетанушы, профессор Аманкелді Шамғоновтың республикалық «Сахара», «Дат», облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттерінде Лески деревнясында ұлы ерлік жасаған минометші Боран Арыстантегі Нысанбаев екендігін архивтік тарихи деректер негізінде оқырманға ұсынуынан да біраз сауалдарға жауап тапқандаймыз.
Қадірменді оқырман, ақиқатын айтқанда минометші Боран Нысанбаев отбасына Кеңес Одағының Батыры атағының Грамотасын тапсыру – сол отбасында сотталған адамның болуына байланысты мүмкін болмай, екінші атқыш Боран Мәстектегінің отбасына тапсырылған. Мінекей, осы ақиқатты халыққа дұрыс түсіндіру бүгінгі зерттеуші-ғалымдардың басты міндеті болуға тиіс. Нағыз батырдың ұрпақтары ешкімге ешқандай кінә тақпайды. Олар тек тарихи әділдіктің орнағанын ғана қалайды.
Бақытжан Жұмат,
«Қазақстанның Құрметті журналисі».
Атырау қаласы