Жақында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Орал қаласындағы 1991 жылғы Қыркүйек оқиғасының 33 жылдығына орай қоғамдық конференция өтті. Конференцияны облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Азат» азаматтық қозғалысының батысқазақстандық ардагерлері ұйымдастырды.

Ең әуелі жазушы, журналист Мұнайдар Балмолда дайындаған бейнебаян жиын қатысушыларының назарына ұсынылды. 91-дің күзінде орын алған осынау саяси оқиға шынайы көрсетілген бейнебаяннан Оралды казактарға бергісі келмеген жастардың жанайқайы анық байқалады. Бұдан соң «Азат» азаматтық қозғалысының бастауыш ұйымын құрушылардың бірі Светлана Құтқожина  «Қазақ тілі» қоғамының жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажын, талап-тілегін тыңдап, олармен тығыз байланыста жұмыс жүргізгенін жеткізді. Тарихшы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ардагері Зұлқожа Шарафутдинов ХХ ғасырдың соңындағы саяси-әлеуметтік ахуал жайында толығырақ баяндады.

– Мемлекет тарапынан Орал қаласындағы 1991 жылғы Қыркүйек оқиғасына саяси баға берілуі керек. Осы оқиғаға қатысты мағлұматтарды мектеп, жоғары немесе арнаулы орта оқу орындарының оқулықтарына, оқу бағдарламаларына енгізу қажет. «Азат» азаматтық қозғалысы ардагерлерін жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне жұмылдырған жөн,- деді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, конференцияның модераторы Нұрлан Сәдір.   

Өз кезегінде «Азат» азаматтық қозғалысының ардагері, бокстан халықаралық дәрежедегі төреші Нұрсұлтан Қонарбаев оқиғаның қалай өрбігені жайында біраз ақпаратты ортаға салды. Мұнайдар Мұхамбетжанұлы ереуілге шыққан жастардың қажет жағдайда жан қиюға дайын болғанын тілге тиек етті. Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева Қыркүйек оқиғасының мән-маңызын айқындайтын мағыналы іс-шаралардың алдағы уақытта да өткізілетінін мәлімдеді. Конференцияның басқа да қатысушылары осы оқиғаға қатысты ойларын ортаға салып, әңгімеге араласты.

– 1991 жылдың қыркүйегінде Орал казактары Ресей патшасына қызмет еткендеріне 400 жыл толуын атап өтуге талпынды. Оған қазақ патриоттары наразылық білдіріп, қарсылық танытты. Мені осы шараға студенттердің қатысқаны қуантты. Себебі, жастар өз елінің тарихын біліп өсуі тиіс,- деді «Алаш» азаматтық қозғалысының ардагері, Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті жалпы техникалық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ержігіт Қоблан.

Мәрлен ҒИЛЫМХАН,

Орал қаласы