Өңірге келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов пен Серік Ерубаев жақында облыстың бір топ ардагерлерімен кездесті. Оны облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов ашып, жүргізіп отырды. Жиында заң шығарушы органның өткен 2024 жылғы атқарған жұмыстары туралы баяндаған Мәжіліс депутаттары аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты Үкіметке қойылған депутаттық сауалдары мен олардың орындалу жайынан да жан-жақты хабардар етті. Мәселен, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов табиғи ресурстар туралы Заңға өзгерістер енгізу, елге әкелінетін қытайлық тауарларға қатаң бақылау орнату жайын, ал депутат Серік Ерубаев Каспий теңізі жағалауының тартылып кетіп, құм көшкінінің пайда болуына байланысты жағалауға изен, сексеуіл көшеттерін егу арқылы құм көшкінін тоқтату шараларын алу, «Атырау-Астрахан» автокөлік жолының сапасына қатысты депутаттық сауалдарын Үкімет пен құзырлы министрліктерге жолдағандығын жеткізді.
Кездесуде елағалары – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев банктер арқылы шаруа қожалықтарына берілетін субсидиялардың уақтылы, әрі дұрыс берілмейтіндігін, су шаруашылығы саласының ардагері Бисен Қуанов қолданыстағы су кодексінің кейбір баптарына өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Серік Сапанов, Өтеген Нұрғалиевтар да көптің көкейінде жүрген мәселелерді көтеріп, ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын барысында ардагерлер тарапынан және әлеуметтік желі арқылы қала мен аудандардан депутаттарға қырықтан астам сұрақтар қойылып, оларға тұшымды жауаптар берілді.
Елағалары өңірден сайланған депутаттарына ризашылық сезімдерін білдіріп, Жаңа жылда да жұмыстарына сәттілік тіледі.