Әйіп  қажы Бекенұлы 1838 жылы Толыбай елді мекенінде дүниеге келіп, 1931 жылы қайтыс болған. Ол кісі Атырау өңіріне даңқы жайылған ағартушылардың бірі. Ауқатты жанұяның баласы бола отырып жастайынан білім алуға құлшыныс білдірген Әйіп алғашында «Жалпақталдағы» медреседе, кейін Қазан қаласындағы жоғарғы дәрежеде діни білім беретін оқу орнында оқып, білім алады.

Елге ақыл-парасаты мен білім-білігімен танылған Әйіп Бекенұлын патша өкіметі 17 жасында Толыбай, Тума құмын жайлаған қазақ ауылдарына старшын етіп сайлайды.

Әйіп Бекенұлы старшын болыс басшысының көмекшісі, кеңесшісі қызметтерін 51 жыл атқарған. Жұмыс жасаған жылдары қарама-қарсы екі қоғамда да елдің тыныштығын сақтау үшін жұмыстанған.

Жайық бойындағы казак-орыстармен тату-көршілік саясатты берік ұстаған. Нәтижесінде  екі арада түсінбестік, келіспеушілік, кикілжің болмаған.

Ел ішіндегі ұрлық-қарлықты, зорлықты, озбырлықты, әлімжеттікті қорқытып тыя алмайтынын білген Әйіп бұдан құтылудың жолы тек діни толық сауаттылық, себебі діни сауатты адам харам іске бармайды деп бағамдаған.

Әйіп 1900 жылы құм өңірінде тұңғыш зәулім мешіт салдырып, білікті молдалар алдырып, діни толық сауаттандыру жұмысын қолға алған.

 Бар өмірін дін жолына бағыштаған Әйіп Меккеге үш рет қажыға барған көрінеді. ХIХ-ғасырдың аяғы мен ХХ-ғасырдың басында қазақтар арасында мұсылман діні біршама дәуірлеген кез болса керек. Міне осы кезде өзінің елінде үлкен беделге ие болған Әйіп қажы Меккеге кезекті сапарынан кейін мешіт салу ісін қолға алып оны өз қаражатына тұрғызған. Мешіт салу ісіне орыс шеберлерін тартқан. Толыбай елді мекенінде салынған Әйіп қажының атышулы Көк мешіті сол өңірдің балаларын білім нәрімен сусындатқан шын мәніндегі шамшыраққа айналды. Әйіп қажы өзінің  Көк мешітін 1900-жылы бітіріп пайдалануға берген көрінеді. Мешіт бүкіл батыс өлкедегі ең алып, ең зәулім, ең сәулетті де көрікті архитектуралық ғимарат болған. Оның бірнеше күмбезді мұнарасы,бөлмелері және үлкен залы болған. Қыран ұшқан құла түзде салынған мешіттің намаз оқитын үлкен залына бір мезгілде 200 адам сыйған дегенге сену қиын болса да оны көрген адамдар біздің заманымызға жеткізіпті. Осындай алып құрылысты Әйіп қажы тек өзінің қаражатына салдырған. Алғашқы кезде бұл мешітте ер балаларды  мұсылманша «қадим» жүйесімен оқытқан. Оқу төрт жыл жүргізілген. Балаларға араб тілінде  «Шариат-ул-иман», «Иман-шарт», «Әптиек», «Қырық хадис» және т.б. пәндер оқытылған. Сонымен қатар мешітте оқушыларға шығыс поэзиясының алыптары Фердаусидің, Низамидің, Науаидің, Хаямның шығармалары, «Мұңлық-Зарлық», «Жүсіп-Зылиха», «Ләйлі-Мәжнүн» сынды  шығыс дастандары таныстырылған.

Өз заманының озық ойлы азаматы болған Әйіп қажы мұсылмадық діни білімнің халқына түбінде аздық ететінін терең түсіне отырып,орысша оқытуға қамданған. Бұл мәселеге қажының досы, Жәңгір хан ашқан қазақ даласындағы түңғыш мектептің  түлегі, атақты Мақаш правительдің ықпалы да болуы мүмкін. Қалай дегенде де көрнекті ағартушы Әйіп Бекенұлы 1913 жылдан бастап өз мешітіндегі діни  оқуды зайырлы білім жүйесіне батыл ауыстырған. Кейін бұл мектепті бітіргендердің арасынан атақтары бүкіл республикаға жайылған әйгілі ұстаздар өсіп шықты. Олардың басым көпшілігі орыс тілін таза меңгерген адамдар еді. Оның сыры неде дейтін болсақ Әйіп қажы ұйымдастырған мектепті бітіргендердің бірқатары кейін өздерінің білімін Гурьев қаласындағы Русское-киргизское училищеде жалғастырған еді. Оны бітіргендерге «халық мұғалімі» атағы берілетін болған. Орысша ерекше сауатты бұл ұстаздар халық арасында «двухклассниктер» атағына ие болған еді. Әйіп қажының мектебінде алғаш сауаттарын ашқан Абақанов Қабижан, Бисалиев Үмбет білім саласына сіңірген  зор еңбегі үшін Ленин орденімен наградталса, Мұқанғазы Сиранов Еңбек Қызыл Ту орденін алды. Ерен еңбектері үшін үкімет наградаларына көрнекті мұғалімдер Мусалимов Есет, Қабдықалықов Қалеш, Жұмахметов Сайхан, Байбеков Ғабдолла  да ие болғанды. Білім саласын көптен бері зерттеп жүрген ғалым ретінде айтарым:  Әйіп қажының есімін мәңгі есте қалдыру шараларын жүзеге асыру бүгінгі ұрпақтың борышы болып табылады.

Бұл атақты мұғалімдерден бөлек Әйіп қажы өзінің Көк мешіті жанынан  1913 жылдан бастап ашқан  орыс тілінде білім берген мектепте алғаш оқығандардың арасынан кейін  мемлекет қайраткерлеріне айналған аса көрнекті жерлестеріміз өсіп шықты.

Олар:

1.Атанбаев Өтешқали- Мәскеудегі Қазақстанның тұңғыш өкілі, Қаржы министрі, министрлер кеңесінің төрағасы;

2.Құспанғалиев Орайхан- Қазақстан Республикасының ішкі істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған;

3.Өтеғалиев Жұмаш — Облыстық, аудандық партия жұмысының қайраткері;

4.Азмухамбетов Қадер — Заң қызметкері, тұңғыш прокурор 1920-1930жж;

5.Сұлтанов Қуанышкерей — Партия, Совет жұмысының қайраткері;

6.Нұрмағанбетов Қайролла – Облыстық, аудандық партия, Совет жұмысының қайраткері;

7.Сағындықов Жұмажан- Партия, Совет ауылшаруашылық жұмысының қайраткері;

8.Қалешов Қисмет- Одақтық, Республикалық әскери қорғаныс саласының қазақтан шыққан тұңғыш экономисті;

9.Бисенов Қуанғали- Облыстық дәрежедегі ауылшаруашылық жұмысының қайраткері;

10.Маштахов Ғатих – Партия, Совет жұмысының қайраткері ;

11.Жұбанышқалиев Рахметқали – Партия, Совет, Кәсіподақ қызметінің қайраткері;

12.Хасанов Хинаш- Партия, халық ағарту қызметінің қайраткері;

13.Ғабдуллин Нәсжан-Партия, Совет қызметінің қайраткері;

14.Темірешев Кетебай- Партия, өндірістік қызметтің қайраткері;

15.Шамшиденов Қайреден- Партия, халық ағарту қызметінің қайраткері;

16.Молдашев Қуанышқали- Партия, ауылшаруашылық жұмысының қайраткері;

17.Шахманов Тастан – Ауылшаруашылығын басқару жұмысының қайраткері;

18.Сапаров Нәсіпқали- Ауылшаруашылығын басқару жұмысының қайраткері;

19.Төлешев Дүйсекен- Партия, өндірістік қызметтің қайраткері;

20.Молдашев Сатан- Ауылшаруашылығын басқару жұмысының қайраткері;

21.Шамшиденов Жұмақай – Халық ағарту жұмысының қайраткері;

22.Шахметов Рахметжан — Партия, халық ағарту қызметінің қайраткері;

23.Саржанов Қарпен – Партия, Совет, халық ағарту қызметінің қайраткері;

24.Құспанов Иман-  Халық ағарту қызметінің қайраткері;

Бұл асыл азаматтардың өмір жолдарына жеке жеке тоқталсақ, еліміздің дамуына қаншалықты зор үлес қосқанын білуге болады. Мәселен: Атамбаев Өтешқали Дүйсенғалиұлы (1910,Тума а. – 1994) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Әйіп Бекенұлының Көк мешіті жанынан ашылған бастауыш орыс мектебін бітіргеннен кейін, Гурьев қаласындағы мектептердің бірінен орта білім алғаннан кейін Куйбышев атындағы экономикалық жоспарлау институтын (1935) бітірген. Еңбек жолын қарапайым жұмысшылықтан бастаған. 1927 жылы Гурьев уездік аткомының тіркеушісі, аймақтық партия комитетінің іс жүргізушісі, қаржы халкомы  төрағасының орынбасары, Мәскеуде Қазақстанның тұрақты өкілі(1945-1955), қаржы министрі, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. «Ленин», «Октябрь революциясы», екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

Өтеғалиев  Жұмаш Өтеғалиұлы(1909,Орал губ. Гурьев уезі. Қызылқоға п. – 1971) – партия, кеңес қайраткері. Есбол аудандық  партия  комитетінің 1-хатшысы (09.1954 — 07.1961). Алғашқы білімін Әйіп қажының мектебінен алғаннан кейін, Педтехникумды тәмамдаған (1926-1930),  Батыс Қазакстан облысының орта мектеп директоры (1930 — 1932), Чапаев аудандық халық ағарту бөлімі меңгерушісі (1933-1934), Гурьев округі Есбол аудандық халық ағарту бөлімінің  меңгерушісі (1934-1936), Гурьев округтік халық ағарту бөлімі Балалар үйі секторының  меңгерушісі (1936-1937), Доссор кәсіпшілігінде орыс орта мектебі оку бөлімінің  меңгерушісі (1937 — 1938), Қосшағыл кәсіпшілігінде орта мектеп директоры (1938 — 1941), Жылқоса  аудандық ағарту бөлімі меңгерушісі (1941-1942), Жылқоса аудандық партия комитетінің әскери бөлім меңгерушісі (1942-1943), Гурьев облыстық партия комитеті кеңес-сауда кадрлары секторының  меңгерушісі (1943-1944), Гурьев облыстық партия  комитеті ауыл шаруашылығы  бөлімінің  меңгерушісі (1944-1947), Гурьев облыстық  партия, кәсіподақ, комсомол бөлімдерінің  меңгерушісі (1947-1950), Мәскеудегі КОКП Орталык комитеті жанындағы курс тыңдаушысы (1950 — 1953), Гурьев облыстық  атқару комитеті  төрағасының  орынбасары (1953-1954) қызметтерін аткарған. Онан кейінгі жылдарда Индерборат кенішінде еңбек етті. «Құрмет белгісі» орденінің иегері (1945).

Әйіп қажы мектебінің тағы бір түлегі Құспанғалиев  Орайхан (1913, Толыбай а. — 2002) — әскери басшы, генерал-майор. Орта мектепті бітіргеннен кейін аудандық, облыстық комсомол ұйымдарында жұмыс жасаған. Арнайы жолдамамен 1937-1938 жылдары Ленинград қаласындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары мектебін бітірген. 1944 жылы мамырда Алматыға келіп, қалалық қауіпсіздік, ішкі істер басқармаларында жауапты қызметтер атқарған. Республикалық ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болған. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

 Толыбай елді мекенінде алғаш бәләм алғандардың бірі Маштахов  Ғатих  Садихұлы (1924, Мәмбет а. — 06.02.2011) облысқа белгілі шаруашылық басшысы болатын. КОКП Орталык Комитеті жанындағы Жогары партия мектебін сырттай оқып бітірген. Енбек жолын 1942 жылы  мұғалім болып бастаған. 1946-1955 жылдары  Новобогат аупарткомында нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, 1955-1957 жылдары Родина ұжымшарының төрағасы, Забурын кеншарының директоры, 1959-1960 жылдары осы кеншардың кәсіподак комитетінің төрағасы, 1960-1971 жылдары  Новобогат, Чапаев кеншарларында партком хатшысы, 1971-1982 жылдары Индер ауданында Правда кеңшарының директоры, Путь Ильича кеншарының партком хатшысы, Зеленый салалық кеңесі аткомының төрағасы сияқты қызметтер атқарған. Аудандық, салалық Кеңестердің депутаты болып сайланған. «Енбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Исатай және Индер аудандарының Құрметті азаматы. 18.04.2001 жылы  Қазақстан Республикасының  Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болган.

Көрнекті партия және шаруашылық қызметкері Сұлтанов Қуанышкерейдің (10.09.1914, Гребенщик с. — 21.06.1976) жарқын өмір жолына Толыбайдағы Әйіп Бекеновтың ашқан бастауыш мектебінен алған білімінің үлкен әсері болғаны анық.Одан кейін Гурьев балық өнеркәсібі, Шортандыдағы орман техникумын, Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. 1939-1941 жылдары облыстық  комсомол, партия комитеттерінің аппаратында нұсқаушы, сектор меңгерушісі, 1946 — 1951 жылдары Маңғыстау аупарткомының хатшысы, 2-хатшысы, 1951-1953 жылдары Новобогат аупарткомының 1-хатшысы, 1953-1955 жылдары Есбол аудандық  аткомының төрағасы, 1955-1960 жылдары осы аудандағы Сталин ұжымшарының төрағасы, аупарткомның нұсқаушысы, 1960 — 1975 жылдары Есбол орман шаруашылығының директоры болған. Бірнеше дүркін облыстық, аудандық  Кеңестердің депутаты.

Саржанов Қарпен  (1912 – ө. ж. б.) — Есбол ауданының алғашқы ағартушыларының бірі. 1936 жылы Тас бастауыш мектебінде директор, 1940 жылы  Айбас мектебінде директор болған. ҰОС-ның ардагері. 1944 — 1948 жылдары  Аққала жетіжылдық мектебінде директор, 1948-1951 жылдары  Өрлік, Зеленый ауылдық Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.  Ол кісі де алғаш білімін Әйіп Бекенов ашқан мектептен алған еді.

Молдашев Сатан  (07.11.1923, Толыбай а. — 21.02.1989) — өндіріс жетекшісі. 1942 — 1945 жылдары 2-дүние-жүзілік соғысқа қатысқан. 1946 — 1953 жылдары Передовик  ұжымшарында есепші, Өрлік селолык Кеңесінде хатшы, 1953 — 1969 жылдары жылқы, қой фермаларында меңгеруші, 1969 — 1984 жылдары Путь Ильича кеншарының  директоры болған. Бірнеше рет аудандық, салалық  Кеңестерге депутат болып сайланған. «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері», төсбелгісімен, «Қызыл Жұлдыз» (1944), «Ленин» (1966), «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.

Осы мәліметтер 2013 жылы ардагер ұстаз Даулетов Қабыштың аузынан жазып алынды.

Осы айтылған деректерден шығатын қорытынды:

Көрнекті діни қайраткер Әйіп қажы Бекенұлы заманының ыңғайына қарай өзінің Көк мешітінде діни білім беретін қадим мектебін дер кезінде орыс тілінде оқыту жүйесіне ауыстырмағанда біз алдында аттары аталған аса көрнекті мемлекет және қоғам, шаруашылық қайраткерлерінің есімдерін білмеген де болар едік. Сондықтан, Әйіп қажы Бекенұлының облыс ағарту ісіне қосқан өлшеусіз еңбегін ескере отырып, өзі өмір сүрген Индер ауданына қарасты бір мектепке сол кісінің атын беруді ұсынамыз.

Х.Досмұхамедов атындағы

 Атырау университетінің профессоры,

 «Ерең еңбегі үшін» медалінің иегері Ш.Нагимов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *