Құлсарыда тағы төбелес. Бұрын да болып жүр ғой, бірақ бұл жолы түн ортасында тар көпірде кездескен екі топ бір-біріне жанғыш зат лақтырған. Одан шыққан жалын қаланың алыс бұрышына дейін көрініп, көпқабатты үйлердің тұрғындары бейнетаспаға түсірген. Бұлар кімдер?

 Әлеуметтік желіде айтылғандай, жаға жыртысқандар қос мектептің жоғары сынып оқушылары екен. Құрсайдың екі бетінде тұратын жеткіншектер бұған дейін де – өзара кереғар. Не жетпейді? Ерегіс төркіні неде? Міне, жергілікті органдар осы мәселеге түпкілікті нүкте қоя алмай келеді. Ауданда атқарушы және өкілетті биліктерден өзге Ардагерлер және Қоғамдық кеңестер, Билер соты, Жастар қоғамдастығы, т.б. толып жатқан құрылымдар бар. Солардың ықпалы қандай? Әлде қағаз жүзінде ғана құрыла салған ба? Жасыратыны жоқ, кей өңірде қоғамдық ұйымдардың төрағалығында зейнетке шыққан кешегі шенеуніктер отыр. Мүшелері де солар. Өздері билік басында жүргенде шешпеген проблемаларға енді таңданыспен қарайды. Айтпақшы, әлгі төбелескен топтың ішінде осылардың немерелері болуы да әбден мүмкін. Сонда кімнен не қайыр? 

Жақында Ішкі істер министрлігі қызық дерек жариялады. Мұнда тәуелсіз сарапшыны тарта отырып, қазақстандықтар арасында өздерін түнде қаншалықты қауіпсіз сезінетіні жөнінде онлайн сауалнама жүргізген. Оған барлығы 4,5 мың адам қатысқан. Құқық қорғау саласында алынып жатқан шараларға қарамастан, нәтижесі әлі де қанағаттанарлық емес. Соңғы үш жылды сараптағанда сауал салушылардың жартысына жуығы қараңғылықтың қатерсіз еместігін мойындаған. Рас, мұндай жағдайда олардың дені полицейлерге хабарласады екен. Бірақ, бұл – тұйықтан шығу жолы ма? Адамдардың қалыпты тірлігі соған дейін неге қамтамасыз етілмейді? Кешқұрым серуендеуге шыққан тұрғындар ешкімнің шабуылына ұшырамай ма? Көшедегі тентектерді кім құрықтайды? Міне, осы сауалдардың жауабы жоқ. Бүгін бір кісіге қол көтерген жүгермек дер кезінде жүгендемесе, ертең он адамның басын жармай ма?! Солай!

Жасөспірімдердің жаппай жеке меншік спорт секцияларында жекпе-жектің түрлі тәсілдерін үйреніп жатқандығын қадағалап жүрген кім бар? Мұндай орындарда шынығып шыққандар күшін қалай пайдаланып жүр? Әлділердің әлсіздерді ренжітпеуі керектігін жаттықтырушылар айта ма? Әлде алған ақшасын қалтасына басқанына мәз бе?! Жалпы, жеткіншектер  заң бұзушылыққа жол беріп, қылмыс жасаушылар арасында спорт мектептерінің бұрынғы тәрбиеленушілері қаншалықты көп? Мұның бәріне сараптама жасап жатқан да ешкім жоқ. Кеңестік кезде кейбір спорт түрлеріне тыйым салынғаны тегін емес-ау… Қазір бәрі еркіне жіберілген.

P.S. Естуімізше, әлгі төбелес кезінде бір жасөспірім пышақ жарақатын алған. Күдікті ретінде бірер бала ұсталған. Әйтсе де, соларды жауапкершілікке тартумен шектелу – мәселені түпкілікті шешу жолы емес. Мұндай оқиғалардың нағыз себебін анықтап, тамырына балта шабу қажет. Сонда ғана қайталанбайды.

                                                                                          Меншікті тілшіміз                                                                                                  Жылыой ауданы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *