«Еділ үшін егестік,

                                                              Тептер үшін тебістік.

                                                               Жайық үшін жандастық,

                                                               Қиғаш үшін қырылдық.

                                                               Теңдікті,малды бермедік,

                                                               Теңдіксіз малға көнбедік…»

                                                                       Махамбет

          Сөз басы немесе Қаройда көрген бала Махамбет пен бала  Исатай

         Былтырғы тарланбоз шайыр Мұхтар Шахановты қарсы алған самал ескен қоңыр күзден соң, тағы да Қаройға барудың сәті  түскені.

 Жолбасшымыз-Индер ауданының құрметті азаматы-Молдабай Берғалиев аға.

    Бұл Қарой-қазақтың маңдайына  біткен Ғабит Мүсірепов,Тайыр Жароков,Қажым Жұмалиев,Мұхамеджан Қаратаев,Әбіш Кекілбаев,Фариза Оңғарсынова,Нұрғиса Тілендиев секілді талай-талай марғасқа  асыл ұл –қыздарының табаны тиген жер.

   Бұрындары «Жер –Малайсары» атанып, Одақ кезінде мыңғырған мал өсіріп, атағын алысқа жайған Жамбыл атындағы кеңшардың құтты қонысы, жолбарыс жүректі батыр әрі ақын оғыланымыз –Махамбет бабамның асыл рухы  мәңгі тыным тапқан жер. Қасиетті де киелі жер. Қазақ даласының әр қиырындағы Жидебайдай,Түркістандай,Оғыландыдай,Қарасаздай әр қазақ баласына қадірлі,қымбат жер.

   Елімізге белгілі ақын ініміз Серік Жетпісқалиев:

              «Қаройдың  қара жусаны

               Қайғыдан қажып түнерген.

               Махамбет қаны тамған жер,

               Өзіңнен жастай сыр емгем…

           … Арман да арман арман бел,

               Әлекті тағдыр салған жер.

               Махамбет ақын өкініп,

               Қапыда, шіркін, қалған жер!»— деп жырлайтын тылсым сырын ішке бүккен Қарой бұл.

     Қаройға келсек, кесене  басында қараң-құраң жұрт жиналып,киіз үй тігіліпті.Қызылды-жасылды орамал тартқан қаракөз қыз –келіншектер, бес-алты жігіт,  іштерінде құлдыраңдап шапқылап жүрген балдырған да, мектеп жасындағы жеткіншек те бар.

   Жарсуат ауылдық округінің  әкімі Ербол Ержанұлы Бөкеев жиын мақсатын білдірген соң,таныса келе біліссек,бұлар алыстан ат арытып келіп,осы жерге маңдай тіреген Астанадан,Алматыдан, Өскеменнен, Үржардан, Ақтөбеден шығып, бабамызға  тәу етпек мақсатындағы отандас бауырларымыз екен.

   Бабамыздың рухына бағыштап  «Құран –хатым» шығартып, ас беріп, зиярат етуге келген жолаушы топтағылардан алғаш тілдескен ерлі-зайыпты ақтөбелік Дамир  мен Перизаттың әңгімесінен  түйгеніміз: Махамбет баба бұдан бес-алты жыл бұрын қарындасымыздың алғаш түсіне  еніп:

«Сәбилі боласың, тұңғышыңның атын Исатай, екіншісінің атын Махамбет қоярсың»,-деп аян берген екен.

 Осы жылдың басында да аруақты баба : «Елімді, жерімді отаршылдардан баяғыда қалай қорғасам, осы заманда да солай қорғаймын.Менің басыма барып, зиярат етіп, ас беріңдер»,-деп аян беріпті.

  Біз көрген, бізге ізетпен сәлемдескен балақайлар жұбайлардың ұлдары –Исатай мен Махамбетке: « бабаларындай ұлтшыл, отаншыл, мемлекетшіл болып өсіп, жақсы адам, жақсы азамат болсын, ең бастысы : аман –сау ержетсін, асыл армандары орындалсын»,-деген игі тілекте болдық.

     Жолаушыларға ақ ниетті тілектерін дастарқан басында ауданымыздың Құрметті  азаматтары : Молдабай Берғалиевпен Бисен Аталық,ардагерлер: Мәлік Бақтыгереев , Қамажан Қазиев, Ақтілек Құмаров ,Талғат Тасқариндер (Жарсуат ауылдық округі ардагерлер алқасының төрағасы)  жүрекжарды ризашылықтарымен қоса білдіріп өтті.Жүздесу сәтіндегі қайбір тілек, қай бір сөз есімізде қалмаса да, алқалы жиынның мазмұнынан:  бауырларымыздың,қаракөз қарындастардың « бір жағадан бас,бір жеңнен қол шығарып» қазақтың ұлт болып ұйысқанын, салт-дәстүрімізді, ынтымақ, бірлікті көздің қарашағындай сақтауды мұрат –мақсаттары санайтындары бәрімізді де ойға қалдырып,көңіл толқытқанын несіне жасырайын?

  Ауданымыздың «Әйіп қажы» мешітінің  имамы Ералы қажы Қамзағалиевтің қасиетті «Құран-Кәрімнен» оқыған сүрелері,имандылыққа шақырған тілек-батасымен де рухани биіктегендей әсерде болдық. Осындай көңіл толқынында  Махамбет бабам туралы маздақ ойлар тұтанбай қалсын ба?!

                    Махамбет деген –жыр-құдырет

    Көзі ашық, көкірегі ояу қазақ баласын қай заманда да тебірентпей,толғандырмай,санасын сілкілемей, рухтандырмай қоймайтын Махамбет  жырларының құдыретіне тәнтіміз.

   Қазақ руханиятының көшбасшыларының бірі, ғұлама ғалым,академик Зейнолла Қабдолов оның поэзиясының өзгеде жоқ құдыретін былай деп мойындатады.

    «Махамбет өлеңі-қазақ сөзінің қайталанбас құдыреті.Әрбір буыны мен бунағы,тармағы мен шумағы мұншалық тап –таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең –жырында жоқ…» (З.Қабдолов «Ерлік пен елдіктің өшпес рухы», «Атырау», 08.09.2001 ж.)

      Баршамызға белгілі «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңінің өзі –ақ оның азаматтық,ақындық арман –мұратындай  әсер қалдырары анық.

  «Әсер қалдырады» деген тым жұпыны айтылған  сөз.

Дұрысы :жалынды,отты өлең-жыр өзімен бірге  Исатай,Махамбеттер заманына,баяғы «қара қазан,сары баланың қамы үшін қылыш сермеген»; «теңдікті, малды бермеген,теңдіксіз малға көнбеген»;жанталас заман кеңістігіне алып шығады да,кім-кімді де арқаландырмай қоймайды.

    Сөздің,жырдың құдыреті деген осы емес пе!?

       «Ереуіл атқа ер салмай,

        Егеулі найза қолға алмай,

        Еңку-еңку жер шалмай…,

     …Алты малта ас болмай,

       Өзіңнен туған жас бала

       Сақалы шығып жат болмай,

       Ер төсектен безінбей…,

    … Тебінгі теріс тағынбай,

       Темірқазық жастанбай

        Қу толағай бастанбай,

       Ерлердің ісі бітер ме!? »

Жасанған жаудың зіркілдеген  зеңбірегінің добына, жаңбырда жауған мылтықтың оғына  қарсы жалаң қылыш, «егеулі найзамен» ғана қаруланып, Исатай, Махамбет серіктерін жаналып,  жан беріскен қан майданға бастаған осынау жырдың құдыреті емес пе!?

   Бұдан асқан сөздің, жырдың құдыреті болар ма!?

 Мұндай отты, рухты жырды ескірді, заманы өтті деуге бола ма!?

  Нағыз өміршең жыр,өлмес жыр! Жырдың құндылығы сонда:мұнда азаттық жолындағы күреске жандарын шүберекке түйіп,қасық қаны қалғанша шайқасуға тәуекел еткен,осы жолда ел үшін құрбан болуға дайын жолбарыс жүректі ерлердің мақсат- мұраттары тұнып тұрған жоқ па!?

           Жер  қадірін, ел қадірін Махамбеттей кім білген !?

        «Еділ үшін егестік,

         Тептер үшін тебістік,

         Жайық үшін жандастық,

         Қиғаш үшін қырылдық.

         Теңдікті, малды бермедік,

         Теңдіксіз малға көнбедік…»

  Мұндай алмастай  өткір ойлы рухты сөзді кім айта алар?

Әрине,жаратылысы бөлек,ерекше дарын –ақын ғана және ол өз жерін,өз елін жанымен, жүрегімен беріле сүйген азамат болса ғана айта алар.

 Тағы да Зейнолла Қабдоловты  тыңдасақ: «…оның өзінде жеке бастың өмірі болмаған,өмірі өнеріне көшіп кеткен де қасиетке айналған,жеке тіршілігінде тек қасірет қана қалған. Өзін ойламаған,өзге жайын-ел қамын ғана ойлаған.Отбасынан баз кешіп, өз рахатынан  өзі безіп,ылғи ғана «ереуіл  атқа ер салып, егеулі найза қолға алып»  жүргендегі мақсат-мүддесі-елінің ертеңгі,дәлірек айтқанда, біздің бүгінгі күніміз –азат қазақ мемлекетінің егемендігі…,»-деген ғұламаның сөзінен Махамбеттің елдікпен астасқан ерлік болмысы,шынайы бейнесі көз алдымызға келеді.

  Халық  көтерілісі  1838 жылдың шілде айында аяусыз басып-жаншылып,жеңіліс тапқасын да  Ол бұл жолдан таймай, Исатай батыр екеуінің ұлы арманын өз ғұмырының ақырына дейін алып барғанының өзі Махамбеттің Махамбеттігін дәлелдеп бермей ме !?

     «Біздің анау Нарында, Бір төбелер бар еді;Айналасы ат шаптырса жеткісіз…,

   …Жатып қалған тайлағы, Жардай атан болған жер;  Жабағылы тоқтысы,

Қой болып қора толған жер.Балдырғаны  білектей,  Баттауығы жүректей; Ондай қоныс маған жоқ; Құдай қылды,амал жоқ».

  Қайран Еділін қимастықпен жырлаған баяғы Қазтуған жыраудың сарыны: «Жабағылы жас тайлақ, жардай атан болған жер; жатып қалып бір тоқты, Жайылып мың қой болған жер-тағы да алдымыздан шығып, қай заманда да азамат ,ерлердің бағы мен соры –туған жерге деген сағыныш, ел-жұрттан амалсыз айрылғандағы мұң-шер, адамзат баласына ортақ аяулы, тұнық сезімнің барлығы жай күндерде емес, аласапыран,арпалысты шақтарда ақын жыры болып төгілеріне қалтқысыз сенеміз.

  Бұл да бір жырдың құдыреті.

                           Сертке адалдық

      Аруақты бабамыздың сертіне адалдығының екі белгісі бар.Біріншісі –жалпы Исатай батыр екеуі бастаған он сегіз айдағы халық көтерілісінің алға қойған мақсат-мұратына адалдық. Ол ғұмырының қалған жеті-сегіз жылында да осы жолдан күдер үзген жоқ. «Жайықтың бойы көк шалғын, Күзерміз де жайлармыз;… Құдай істі оңдаса, Ісім жөнге келгенде, Қамалаған көп дұшпан, әлі де болса,қойдай қылып  айдармыз!»-деп бес қаруын бойынан тастамай, сеніміне селкеу түсірмеген «Кескекті ердің сойы» еді ол.

    Екінші белгісі- «Арыстан еді-ау Исатай!

Бұл фәнидің жүзінде, Арыстан одан кім өткен?!»-деп өзі жырлағандай Исатайға,жасы  үлкен ағаға адалдығы, жолдастыққа адалдығы.

     Күйшілік-ерекше дарын, бөлек жаратылыстың бір белгісі

      Махамбет күйлері: «Шілтерлі терезе», «Жайық асу», «Қиыл қырғыны», «Жұмыр Қылыш», «Өкініш», «Қайран,Нарын», «Исатайдың Ақтабаны-ай» атымен ел аузында сақталған жеті күй оның ерекше дарындылығының тағы бір белгісі. Қасиетімен де,қасіретімен де тыңдаушысын серпілтпей қоймайтын рухты күйлер –батырлық пен ақындықтың жүректен құйылған қорытпасындай.

 Махамбет күйлері біздің заманымызда «Отырар сазы», Құрманғазы атындағы академиялық  оркестрдің,  «Нарын» оркестрімен , «Ұлытау фольк-рок тобының репертуарында әлем елдерінің  сахнасын Ұлы Дала сазына бөлеп жүргені  барша отандастар үшін мәртебе.

  Қаһарман бабасына «Махамбет» күйімен мәңгілік ескерткіш орнатып кеткен Нұрғиса Тілендиевтей күй құдыреті сонау бір жылдар   (1986 жылы) Қаройға «Отырар сазымен» келіп, тәу еткенін естеліктерден оқығанымыз бар. Ол күнде қазіргі сәулетті кесене әлі салынбаған.

   Оркестр  «Махамбет « күйін орындағанда  Нұраға қатты тебіреніп,көзіне жас алып,дирижерлік жасай алмай қалады,бірақ әйгілі өнер ұжымы шығарманы аяғына дейін шабытпен орындап шығады.

   Дарынды дарын ұғынудың, ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі осындай.

       Махамбет жырлары- ұлттық рух пен Намыстың мәңгілік алауы.

   Қай заман, қандай қоғамда да ешқашан асқақтығы аласармайтын;алау-жалыны басылмайтын; ғибрат-тағылымы сарқылмайтын Махамбет жырларын құдырет демей не дейміз? Оның  жырлары тыңдағанның намысын қайрап,жігерін  жанып, рухын биіктететіні әмбеге аян.

  «Толарсақтан саз кешіп; Тоқтамай тартып шығуға; Қас үлектен туған кәтепті; Қара нар керек біздің бұл іске.Қабырғасын қаусатып; Бір-біріндеп сөксе де; Қабағын шытпас ер керек; Біздің бүйткен бұл іске!…» дегендей оның отты, рухты жырлары бүгінгі де, болашақтағы да жаңарған Қазақстанның жан –жақты өсіп-өркендеуі жолында аянбай қызмет ететін азамат тұлғаларды, ұлт зиялыларын рухани қуаттандырушы бола береріне кәміл сенеміз.

  Сенеміз де сөз басында Қаройда көрген қарттарға ізетпен сәлем берген балғындар : Исатай,Махамбеттер бабасының: «Ақ жұмыртқа,сары уыз;

Әлпештеп қолда өсірген; Туған ұлдан  не пайда?! Қолына найза алмаса; Атаның жолын қумаса,-»деген өсиетіне адал,білімпаз да жасампаз,озық ойлы,іскер,ары таза еңбеккер жақсы адамдар қатарынан көретінімзге үкілі үмітпен қараймыз.

          Жалындай бер, жарқырай бер,

          Махамбеттің құдыретті жырлары!

                                                                                              Амантай Бақыт

                         Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *