«Сарайшық» сапар орталығының ашылуы – тек Атырау аймағы емес, күллі республикадағы елеулі оқиға. Өйткені, Қазақ тарихын дүние жүзіне паш етуге мүмкіндік туды. Оның үстіне, ескі мекен одан әрі қираудан сақталып қалды. Себебі, енді бұл жер ел бойынша туристік орындардың қатарына алынып, мемлекет тарапынан қорғалмақшы.

Сол себепті аталмыш оқиғаға аса мән берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың келуі — оның мемлекеттік маңызға ие болуы. Лауазымды тұлғаның сапарынан аймақта атқарылар біраз іс бар екенін білдік. Мәселен, Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтпекші. Кішкене кезінде Жайықтың жағасынан сырт елге құл болып аттанып, Мысырды билеген жерлесіміздің есімі бүгінде әлем жұртшылығының аузында. Оның Беріш руынан шыққандығы да дәлелденді. Бойындағы жауынгерлік қабілеті мен ерекше қасиеті де содан шығар. Айтпақшы, Астананың бір көшесіне есімі берілді. Демек, Бейбарыс ұлттық тұлға ретінде танылды. Оның үстіне, биыл күзде Мысырда Қазақстан күндері аталып өтпекші. Сұлтан туралы сонда да айтылатыны ақиқат. Бұл – оның әлемдік деңгейдегі дәрежесі. Сол шараға облыстық академиялық қазақ драма театры жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Бейтарыс сұлтан» спектаклін апармақшы.

Сонымен қатар, 2025 жылға дейін республикада бірнеше мәдениет ошағы салынып, ескілері жөнделмекші. Соның ішінде Атырау аймағында 12 нысан бар. Яғни, шаһардағы Құрманғазы атындағы мәдениет үйі мен көркемсурет мұражайы жаңартылмақ. Жылыой және Құрманғазы аудандарында жаңа мәдениет сарайлары тұрғызылмақ.

Әрине, бүгінгі басты тақырып Сарайшық болғандықтан, соған қайта оралайық. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, бұдан жеті жыл бұрын басталған жағалауды бекіту шараларының нәтижесінде көне шаһардың көп бөлігін сақтап қалудың сәті түсті. Әйтпесе, бәрі де Жайық толқындарына жұтылып, қолда бардан айырылып қалу қаупі төнген-ді. Ал, осындағы мұражайдың салынғанына 20 шақты жыл болған. Сөйтіп қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер бір жерге жинастырылып, жұртшылыққа таныстырылды. Кейбірі қаладағы тарихи мұражайға тапсырылды. Қайткенде де, қолды болып кетпеудің қамы жасалды.

Жасұлан Орақұлы «Сарайшық» сапар орталығы қазба жұмыстарының бұрынғыдан да белсенді жүруіне жол ашатынын айтады. Өйткені, көне мекеннің әлі де құпия сыры жеткілікті. Оның тылсым тарихы алда да жан-жақты зерттеуді керек етеді. Демек, талай шежіре шертілері сөзсіз.

Әйтсе де, бұрынғы мұражай аздық ететіні белгілі еді. Себебі, біріншіден, археологиялық іздестіру шаралары одан әрі жалғасуда. Жаңа деректер табылуда. Олар бұған дейін беймәлім жәйлардың бетін ашуда. Демек, жаңа орын қажет. Екіншіден, ескі мекен тек мұражайдың рөлін атқарғандықтан, кеңейтілген кеңес, ғылыми конференция өткізуге тарлық етті. Яғни, ғалымдарға бас қосып, өрелі ойларын ортаға салатын ғимарат қажет-ті. Міне, «Сарайшық» сапар орталығы осы міндетті де шешті. Рас, әлі де жетіспейтін құрылыстар бар. Мәселен, көне кешенмен қона жатып танысу үшін мейманхана да керек. Міне осы олқылықтың орны алдағы уақытта толықтырылмақ. Бұл жөнінде мәдениет және спорт министрі айтты. Оның сөзіне қарағанда, таяу жылдары кеңірек қонақ үй мен асхана салынбақ.  

Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми конференцияда Сарайшықтың Қазақ тарихындағы баға жетпес рөліне тоқталды. Жалпы, бұл көне қалашықтың сан ғасырлық тарихы Арқадағы Жошы хан кесенесінен еш кем емес. Екеуі де ел жылнамасымен тығыз байланысты. Бұлардың республика территориясында орналасуы, сөз жоқ, шетелдік ғалымдардың қызығушылығын оятады. Ен даламызды ықылым заманнан бері шарлаған саяхатшылар легі енді жаңа қарқынмен белең алары анық.

Жалпы, Қазақ даласында тәуелсіз мемлекет құрылуы тек Ұлытау баурайынан басталмайды. Бұған Сарайшық қаласының да қатысы бар. Осында жеті ханның жерленуі – соның дәлелі. Жайық жағасында да Батыс пен Шығыстың мәдениеті тоғысқан, әрі-бері сауда керуендері ағылған. Суы мол өзен төңірегіне көз сүзушілер көп болғанымен, тегеурінді мемлекетке тура шабуыл жасауға ешкімнің дәті жетпеген.

Қазір осында Қасым ханның жерленген жері анықталғаны жөнінде айтыла бастады. Тіпті ғарыштық іздестіру нәтижесінде дәл орны белгілі болыпты. Қазба жұмыстарын жүргізу уақыт еншісінде делінгенімен, оған тәуекел ету де оңай емес. Өйткені, мұндай қасиетті адамдардың қабірін қазу – болжауға да болмайтын кездейсоқ жағдайларға соқтыруы ықтимал. Міне, осы Қасым хан бейбітшіл жан екен. Өзгенің жеріне өзі аттанбапты, басқаны да кіргізбеген. Қол астындағы бір миллион халықтың төрттен бірін атқа мінгізген. Сонда 250 мың жауынгері бар оған ешкім жолай алмаған. Міне, біздің бабалар туған мекенін қалай қорғаған?!

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражайының директоры Әбілсейіт Мұқтардың айтуынша, Қасым хан Жетісудан Сарайшыққа 1518 жылы келіп, империя құрған. Сөйтіп, сонау Ертістен бастап, Еділге дейінгі ұланғайыр мекенге мемлекет қалыптастырған. Тіпті, Сарайшық әміршілері үлкен билікке қол созып, хандық дәрежеге ұмтылған.

Сайып келгенде, Алтын Орда іргелес өзге мемлекеттер тарихында да із қалдырған. Олардың тағдырына әсер еткен. Сондықтан, Сарайшықты жан-жақты тануға күллі түркі тілдес мемлекеттер ынтазар. Бәрі сабылып келіп, терең шежірені бірлесіп зерттеуге даяр. Бұған өңірдегі алыс-жақын шет елдерден келген қызметкерлерді қосыңыз. Мұнайлы мекенде инвесторлармен бірігіп игеріліп жатқан кеніштер қаншама?. Солардың бәріндегі мамандар мұндағы тарихқа қызығушылық танытады. Міне, құйылатын дайын қаржы. Тек ретімен ала бер. «Сарайшық» туристік орталығы осы міндетті атқаруы шарт. Бұған дейін түрлі себептермен бұл сала назардан тыс қалса, енді сол олқылықтың орнын толтыратын, уақыт жетті. 

Осы орайда мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің академик Зайнолла Самашевпен бірге жазған «Сарайшық» кітабы көп жәйдан сыр шертеді. Ол 2001 жылы жарық көрген-ді. Міне, осы еңбекте көне шаһардың іргетасын Бату хан қалағаны айтылады. Ол стратегиялық тұрғыдан Еуропа мен Азияның түйісер тұсы еді. Керуен жолы осы жерден өтті. Әрі-бері ағылған көпестерден түскен түсім қала қазынасына құйылып, ол тез дамыды. Қысқа уақытта сәулетті сарайлар, мешіттер мен медреселер, моншалар, т.б. салынды. Сарайшықтың арқасында осы өңірден өтетін керуен жолдары ең сенімді саналды. Оның өне бойында құдықтар қазылды, асханалар салынды. Тіпті керуендегі қайтыс болған кісінің мал-мүлкі де сақталып, кейін ұрпағына берілетін. Ешкім қиянат көрген жоқ.

Алайда, Сарайшықты билеушілер арасында тақ таласы қатты жүрді. Мәселен, Жәнібек ағасы Тыныбекті өлтіріп, таққа отырды. Кейін өзі де ұлы Бердібектің қолынан қаза тапты. Бердібек мұнымен де шектелмей, 12 туысқанын ажалға қиды. Ақыры бауыры Құлнаның қылышына тап болды. Кейбір деректерде Алтын Орданың құдіретті ханы Тоқтамыстың басы Сарайшыққа жерленгені жөнінде айтылады. Ақыры, ноғай бекзадаларын айтпағанда, Ер Тарғын мен Қамбар батыр сынды эпикалық тұлғалардың да мәңгілік мекені осында көрінеді. Міне, көрдіңіз бе, ақиқатпен астасқан қаншама аңыз бар?.

Жайық әр кез қазіргідей суға тапшы болмаған. Әсіресе, 1330 жылдың шамасында қатты тасып, тұрғындарға жинақталып орналасуға тура келген. Адамдар орталыққа ығысқан. Сол шақта шаһардың сырт тұстары бұзыла бастаған. Міне, Сарайшықтың халық тастап кеткен бөліктері кейін жерлеу орнына айналған. Мұнда мыңдаған мола пайда болды. Ғылым үшін бұлардың де берері көп, өйткені жерлеу ғұрыптарының жиырма шақты түрі анықталды. Демек, бұл қорымға да бірнеше ғасыр өткен. Яғни, қала тұрғындары көпұлтты болған.

Ақырында, өзара жаугершілік Сарайшықты әбден әлсіретті. Оны Ақсақ Темір қиратқан жоқ. Ол Тоқтамыспен қанша жауласса да әсем шаһарды тас-талқан етуге қимады. Тек 1580 жылы қала орыс-казактардың шабуылына ұшырады. Зеңбірекпен және мылтықпен қаруланған басқыншылар басып алды. Оларға қарсы тұратын тұрғындардың бұрынғы күші жоқ-ты. Рас, бұдан кейін де ол киелі орын ретінде сақталғанымен, одан әрі құдіретті мекен болмады. Ақыры үйіндігі айналып, бізге ескерткіш ретінде жетті.

P.S. Әйтсе де, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев айтқанындай, Сарайшықтың бойына тыққан құпиясы әлі толық ашылған жоқ. Талай ғасырлық шежіре жан-жақты зерттеуді керек етеді. Ол — әрине, алдағы уақытта ғалымдардың қызметі. Мүмкін талай докторлық немесе кандидаттық диссертация қорғалар. Ең бастысы – Қазақ тарихының жарқын беттерінің бірі жазылған көне шаһардың екінші тынысы ашылуы. Оған мемлекеттік маңыз берілуі, тиісті қорғауға алынуы. Демек, Атырау да мұнай мен газдың, бағалы балықтың орталығы емес, шежіреге толы сырлы өңірге айналмақ.

                                                                             Махамбет САҚТАҒАНИ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *