Осыдан он төрт ай бұрын 2021 жылдың қарашасында Өзбекстан астанасы – Ташкентте Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесі (ОАЕКК)  құрылған болатын. Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының бірлескен бастамасымен құрылған осынау кеңестің мақсаты – еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек, кәсіптік, экономикалық және өзге де заңды құқықтары мен мүдделерін, сондай-ақ, кәсіподақтардың құқықтары мен кепілдіктерін қорғау бойынша Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесі  мүшелерінің іс-әрекеттерін біріктіру болатын.

Арада жылдан сәл артық уақыт аралығында ОАЕКК біраз жұмыстарды атқарып үлгергенін да аңғарып жатырмыз. Бұл ортақ мақсатты, айқын жоспарлы іс-шараларды жүзеге асыруды көздейтін кеңеске мүше елдер кәсіподақтарының ынтымақты бірлігі мен мүдделі тірлігін көрсетіп тұрғандай. Кәсіподақтар қозғалысын дамытуға, оның қоғамдағы орны мен рөлін көтеруге, өзге елдердің жұмысты жаңаша ұйымдастырудағы озық іс-тәжірибелерін үйренуге елеулі септігі тиеді деп ойлаймын.     

Биылдан бастап Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы аталмыш кеңеске төрағалық ету қызметін бастады. Осы кеңеске Бас хатшылыққа сайланған Сатыбалды Телағысұлы кеңес қызметін дамыту және кеңейту бойынша бірқатар ұсыныстар жасады.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесін құру Орталық Азия аймағындағы 15 миллионнан астам жұмыскердің лайықты еңбек стандарттары мен оған әділ еңбекақы төлеуге, еңбек көші-қоны мәселелерін реттеуге, қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз етудің жалпы мәселелерін шешуге деген ұмтылысындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретіндігін мәлімдеді. ОАЕКК сайланған Бас хатшысы Кеңес қызметін дамыту және кеңейту бойынша  жасаған ұсыныстары әріптестері тарапынан қолдау тапты.

Жыл сайын Орталық Азия елдерінің Субөңірлік кәсіподақ форумын өткізу жоспарлануда, онда кәсіподақ қызметінің өзекті мәселелері бойынша ортақ тәсілдер талқыланып, әзірленеді. ОАЕКК мүшелері әлемдік кәсіподақ қоғамдастығына ұлттық кәсіподақ орталықтарының көзқарастарының дәйектілігін көрсете отырып, кәсіподақ қызметінің ең өзекті халықаралық мәселелері бойынша ортақ ұстанымды білдіреді. 2023 жылы Қазақстанда Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК), Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) өкілдерінің қатысуымен бірінші форумды өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, ОАЕКК аясында Орталық Азиядағы жұмысшы жастардың мәселелерін қарастыратын Бірінші Жастар форумын да өткізу болжануда.

Сондай-ақ, биылғы жылы Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы жанындағы Кәсіподақтың Еңбек академиясының базасында Бірыңғай білім беру хабы одан әрі дамытылады, онда тұрақты негізде ОАЕКК мүшелері – Ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері тұрақты негізде кәсіподақ қызметінің озық тәжірибесімен алмасу мүмкіндігіне ие болмақшы.

            Бас хатшы кәсіподақ мүшелерін Кеңеске мүше елдердің кәсіподақ шипажайларында курорттық-сауықтыру қызметтерімен қамтамасыз ету үшін кәсіподақтың Бірыңғай денсаулық және туризм картасын әзірлеуді ұсынып отыр. Жаңа ОАЕКК ақпараттық-коммуникациялық ресурсы да пайда болады.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы – елдегі еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаумен кәсіби түрде айналысатын ірі қоғамдық ұйым ретінде 23 салалық, 17 аумақтық кәсіподақ бірлестігі мен 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарын қамтиды, ал, кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны – 1,7 млн жұмысшы-қызметкерді құрайды. Бұдан бөлек,  Республиканың Кәсіподақтар федерациясы – әлемнің 163 елінен 176 миллион адамды біріктіретін Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының толыққанды мүшесі екендігін де ескерген жөн.

Әлібек СЕМҒАЛИЕВ,

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы,

облыстық мәслихаттың депутаты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *