Қазіргі уақытта ҚР президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасымен ХХ ғасырдың 20-50 жылдары аралығында Қазақстанда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды толықтай ақтау мәселесімен мемлекеттік комиссия тікелей айналысу үстінде. Комиссияның бағыттарының бірі- еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күрес жолында жазаға ұшырағандарды анықтай отырып, оларды толықтай ақтау болып табылады. Осы мәселеге байланысты Атырау өңірлік комиссиясы құрамында жұмыс істеудің барысында облыстық мұрағаттың  №2 қорының № 6 ісінен 1923 жылы сайлау құқығынан айырылған тұлғалар тізімін зерттеу кезінде Алашорда қозғалысына және «контрреволюциялық бүлікке» қатысушылардың, бұрынғы ақ офицерлер мен болыстардың, старшиналардың, кулактардың, барлығы 280 адамның аты-жөні берілген ерекше құжатты кездестірдік.

Олардың 33-і бұрынғы ақ армияның офицерлері, шіркеу қызметшілері, кулактар, 40-ы қылмыскерлер, ақ армияда болғандар, саяси тұрғыдан сенімсіз адамдар, бұрынғы приставтар, полиция қызметкерлері, охранкада қызмет еткен адамдар, 20-сы ақ патшаның шенеуніктері болғандар, 16-сы « жарамсыз элементтер», 36-сы 1921 жылы контрреволюциялық бүлікке қатысқандар, 30-ы әртүрлі контрреволюциялық элементтер, 13-і байлар, ақсақалдар, патша үкіметі кезінде болыс, сот болғандар, 57-сі байлар, ақсақалдар, болыстар мен старшындар, 35-сі  бұрынғы алашордашылар деп көрсетілген. Осы тізімге енген азаматтардың ішінде тұлғасына «жарамсыз элемент» деген айып тағылған Сергей Иванович Сухарев пен Батыс Алашорда үкіметінің мүшесі болған Мұқаметжан Шонбасовтан басқасының ақталғандығы туралы мәлімет жоқ. Сухарев 1938 жылы атылып,  1958   жылы ақталды. Атырау өлкесінің халық ағарту саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан осы екі ұстаздың өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болатыны анық. 1893 жылы Гурьев қаласында туған  Сергей Иванович Сухарев 1938 жылы мұнай техникумында химия пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жүрген кезінде Ішкі істер халық комиссариатының Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасы үштігінің шешімімен    РСФСР ҚК-нің 58-2,6,8,11-баптары бойынша ең жоғары ату жазасына кесіліп, үкім 1938 жылы 23 қазанда орындалды. Облыстық сот қаулысымен 1958 жылы 1 қарашада ақталды.

 «Саяси тұрғыдан сенімсіз адамдардың тізіміне» енгізілген екінші мұғалім Шонбасов Мұқаметжан туралы 2004 жылы «Өлке» баспасынан шыққан Атырау облысы мұғалімдері энциклопедиясының 1-томында мынадай  мәліметтер берілген: « Шонбасов Мұхамеджан Шонбасұлы 1887 жылы Қызылқоға ауданы Қарабау елді мекенінде дүниеге келген. Педагогикалық қызметін 1910 жылы Орынбор қаласындағы екі жылдық мұғалімдер дайындайтын орыс-қырғыз училищесін бітіргесін бастаған. 1919 жылға дейін Қызылқоға өңіріндегі мектептерде мұғалім болған. 1919 жылы Сағыз уездік жер басқармасына сайланған. 1919-1927 жылдары Кеңестік мектептерде мұғалім, 1927 жылы Қызылқоға ауылдық кеңесінің төрағасы, 1928-1931 жылдары аудандық білім бөлімінің инспекторы, 1931-1932 жылдары Доссор аудандық білім бөлімінің инспекторы,1932-1934 жылдары Гурьев қалалық ағарту бөлімі бастығының орынбасары, 1934-1937 жылдары Ганюшкино орталау мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1937-1939 жылдары Кеңестік басқару жүйесі тарапынан жазықсыз саяси қуғын-сүргіндерге ұшырағандар қатарында болды. 1939-1942 жылдары Балықшы ауданы Кеңөзек орта мектебінде мұғалім, 1942-1943 жылдары Ракуша орталау мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, 1943-1948 жылдары Кеңөзек орта мектебінде мұғалім болды. Ұстаздық еңбегі « Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айбынды еңбегі үшін» медалімен және «Қазақ ССР–нің халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен атап өтілді». 1919 жылы Батыс Алашорда укіметінің құрамында Сағыз уездік жер басқармасының бастығы болып тағайындалуы мұғалімнің кейін советтер тарапынан қуғындалуына негіз болса керек. 2-қордың 6-шы ісінде көрсетілген « Сенімсіз адамдардың тізімінде» Шонбасовпен бірге еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен 35  алашордашының аты-жөндері көрсетілген. Оларды сол үшін сайлау құқынан совет үкіметі айырған. Олар: Кермеқас болысынан Сарбаев Ерғазы ,Қосмағанбетов Саташ, Шолаев Қосжан, Шолаев Сакен, Айдиатов Қуаныш, Дүйісалиев Бажбай, Құлжанов Қожа, Қызылқоға болысынан Шонбасов Мұқаметжан, Нұрмұқаметов Ихсан, Қабылбаев Оңайғали, Аманов Ғатау, Қабағанбетов Иса, Тұрақбаев Иман, Садықбаев Таутан, Жасбергенов Айтжан, Исабаев Қалан, Ильясов Шайқы, Тоқбаев Тұрлы, Әміров Балтағали,Медетов Сайқан,Жарылғазиев Зилман, Жоланов Жұмағали, Нұғманов Әмірғали, Иманғалиев Ишан,Манаев Бекмұқамед, Медетов Таяған,Медетов Рахмет,Еспаев Ислам, Какимбеков Мырза, Абдуалиев Табыс, Берниязов Сабит, Мергенов Қуанғали, Самарбаев Сайын, Альзияров Қуаныш,Ғабдрахманов Абанту. Бұлардың бәрі ақтауға жатады.

Бұлан бөлек облыстық архивтің N334 қоры, І-тізбесі, 26-ісінде 1937 жылы  Гурьев округі атқару комитетінің төрағасы Орынбаевтың округтік оқу бөлімінің меңгерушісі Цаллаговқа   жазған арнайы   жазған хатында  «сенімсіз, кеңеске қарсы 39 элементтің» аты-жөндері атап көрсетіліп, оларға қатал шараларды қолдану тапсырылған.

            Тізімдегі 39 адамның   Гурьев қаласынан 15 адам , Гурьев ауданынан 3 адам, Есбол ауданынан 14 адам, Балық құты комбинатынан 2 адам, Теңіз ауданынан 3 адам, Маңқыстау ауданынан 2 адам деп көрсетілген. Орынбаевтың көрсетуінше олардың арасында 11 алашордашы болған.

 Атап айтқанда : Орынбаевтың 1937 жылы жазылған  хатында Есмурзин Өмірзақ- алашордашы, бай 1929 жылы тәркіленген деп көрсетіліп, Гурьев қаласындағы тау-кен техникумында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген(Бұдан былай Орынбаевтың мәліметтері берілді).

Ибрашев Қазмұқаш, Алашорданың халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болған. Муньянов Құсайын, алашордашы, бай, топтастырушы,  мұғалім болып жұмыс істеді. Өстеміров Аманғали, алашордашы, бай,  қазақ онжылдық мектептің  меңгерушісі болып жұмыс істеді.

Қарашин Қазмұқаш, бай, бұрын аткамінер болған, алашордашы Ибрашев, Есмурзиндермен  байланыста болған,  Сарайшық поселкесі бастауыш мектебінің оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Ұйыков Адамбек, бұрынғы алашордашы, қазір Редуть поселкесінде орталау мектептің мұғалімі болып жұмыс істейді. Құдайбергенов Алпан, 11 ауыл мектебінің мұғалімі, байдың ұлы, Кеңеске қарсы элемент, алашордашы Ұзақбай Құлымбетовпен хат алмасқан, делінген.

Елтай мектебінің ұстазы, байдың ұлы Мергенғали Дүйсенғалиев Алаш партиясының құрамында болды. Алашорданың бұрынғы уездік жер бөлімінің басқарушысы Шонбасов Мұхамеджан қазір Ганюшкин орта мектебінің оқу бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Есмағамбетов Қадырбай, бұрынғы офицер, алашордашы,  Форт-Александровк орта мектебінде ұстаздық етті. Таңқыбаев Әбілғали, бұрынғы алашордашыл, болыстың баласы, қазір Форт- Александровскіде мектеп мұғалімі болып еңбек етіп жүр делінген. Аталғандардың көпшілігі 1937-1938 жылдары «халық жауы» аталып, ату жазасына кесілді. Шындығында олар өлкенің халық ағарту саласына өлшеусіз үлес қосқан жандар еді.

Есмурзин Өмірзақ 1896 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақауданының 16-ауылында ауқатты отбасында дүниеге келген. Өзі анкетада көрсеткендей тәркіленген бай жанұясында туған. 1919 жылы Орынбор педагогикалық училищесін бітіріп, облыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған.

Бұдан басқа осы архивтік деректердің арасында 1935-1938 жылдары жүргізілген мұғалімдерді аттестациялаудың барысында қала мұғалімдері Есмурзин Өмірзақ пен Ибрашев Қазмұқаш екеуіне жақсы көрсеткіштері үшін әуелі орта мектептің еңбегі сіңген мұғалімі атағын беру туралы шешім шығарылып, кейін 1937 жылы екеуін де «халық жауы» болғандары үшін атақтарын алып, жұмыстан шығарып тастаған. Иә, әділетсіздік мұғалім үшін аз болмаған. Жазалаушылар мұғалімнің  7 баланың әкесі екендігіне де (алды 16-да, ең кішкентайы 6 айлық), ұстаздың отан алдында сіңірген еңбегіне де қараған жоқ. 1938 жылы Үштіктің қаулысымен 10 мұғалімнің бірі болып, ату жазасына кесілді. «Аққа құдай жақ» дегендей, Есмурзин Өмірзақ 1957 жылы 24 қаңтарда Гурьев облыстық Соты Президиумы Қаулысымен толықтай ақталды.

Ыбрашев Қазмұқаш Гурьев облысы Қызылқоға ауданының №24 ауылында туған. Халық мұғалімі. 1914 жылы Орынбор мұғалімдер семинариясын бітіріп өзінің туған жерінде, кейін Гурьев қаласында мектептерде мұғалім болып еңбек еткен. 1919 жылы Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі Жымпитыдан Қызылқоғаға ауысқанда Х. Досмұхамедовтың ұсынысымен сол құрылымның халық ағарту бөлімінің басқарушысы болып тағайындалып, өлкедегі білім саласының ырғақты дамуына өзінің үлесін қосты. Алайда, халық мұғалімінің өмір жолындағы осы кезең кейін советтік жазалаушы органдардың назарына ілініп,  1937 жылы Гурьев балық консервкомбинаты жанындағы фабрика-завод училищесінің оқытушысы болып жүрген кезінде ішкі істер басқармасының үштігінің отырысымен РСФСР ҚК-нің 58-3 статьясы бойынша айыпталып, 1937 жылдың 2-ші қазанында өлім жазасына кесілген. Гурьев облыстық Соты Президиумының 1958 жылғы 20 қазанындағы қаулысымен ақталды. Ибрашев Қазмұқаш Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары халық ағарту ісін ұйымдастырушылардың бірі бола отырып, бұл саланың дамуына зор еңбек сіңірді.

Міне,осындай ауқымды жұмыстарды атқарғанына қарамастан халық мұғалім облыстағы он мұғалімнің бірі болып 1938 жылы атылып кетті. 1958 жылы Ибрашев Қазмұқашты ақтаған Гурьев облыстық Соты Президиумының Қаулысы көрсеткендей мұғалімге небір ақылға сыймайтын пәле-жәлелер жабылған. Мысалы Ибрашев Қазмұқаш 1922 жылдан бастап Сағыз елді мекенінде Совет үкіметін құлату мақсатында құрылған көтерілісшілер ұйымының мүшесі болыпты-мыс. Үштік жауаптаған кезде Ибрашев өз айыбын үзілді-кесілді мойындамаса да, бәрібір ол кісінің өмірін қиған шешімді шығарып тынған.

Орынбаевтың Цаллаговқа берген 1937 жылғы тізімінде, кейін « халық жауы» деген айыппен атылған  Алпан Құдайбергеновтың есімі бар. 2004 жылы Алматы қаласындағы «Өлке» баспасынан шыққан «Атырау облысының мұғалімдері» атты энциклопедияда: «Құдайбергенов Алпан Қаражанұлы (1880-1938) Қазақстандағы алғашқы педагогтардың бірі. Ордадағы төрт сыныптық мектепті, 1900 жылы педагогикалық курсты бітірген. 1901 жылы өз жанұясының қаржысына «Тоқсан арал» (Забурында болуы керек) мектебін салдырған, қазақ балаларына орыс тілін үйретуге көп еңбек сіңірген. 1901 жылдан бастап ұстаздық етіп, 1938 жылы «халық жауы» атанып, саяси қуғын –сүргіндердің құрбаны болғанша Теңіз, Новобогат, Махамбет ауданы мектептерінде жемісті еңбек етті»- деп жазылған. Соғыс және еңбек ардагері Қожағалиев Орынбасардың айтуынша, халық мұғаліміне Қазақ ССР-і атқару комитетінің бұрынғы төрағасы Ұзақбай Құлымбетовпен хат жазысқан деген айып тағылып, ұсталып кеткен. Содан асыл азамат еліне оралмады.

 Сол кезде оқушы болған Орынбасар ағаның балалық ой –санасында Алпан ұстаз өте сауатты, әділ, тура, бірбеткей адам болған.

ХХ ғасырдың 30-жылдары елде жүргізілген науқандық шараларға ( Ірі  байларды тәркілеу, ұжымдастыру тағы  с.с.) байланысты өзінің пікірін батыл айтуы мүмкін, сол үшін жеккөрінішті болып, бағзы біреулердің жаласынан ұсталып кетуі ғажап емес деп ойлаймыз. 1925 жылы қаңтар айында Москвада өткен бірінші Бүкілодақтық мұғалімдер съезінде Атырау уезінен Алпан делегат болып қатысты.

Таңқыбаев Әбілғали (1903-1938).  1903 жылы Гурьев  облысы Жылыой ауданының Жаршық ауыл советінде ауқатты  отбасында дүниеге келген. Ол кісі өзі заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының бірі болды деп айтуға негіз бар. Әбілғали Атырау өлкесінде алғаш жоғары білім алған адамдардың бірі болды. 1927 жылы Орынбор қаласындағы КИНО-ны (Қазақтың педагогикалық халық ағарту институтын) бітірді.

1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін бірқатар қазақ зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов және басқа қайраткерлер тәуелсіз қазақ үкіметін Алашорданы құруға талпыныс жасағаны белгілі. Міне осындай Алаш идеясымен қаруланған зиялылардың қатарында Әбілғали Таңқыбаев та болды. Ол Атырау өлкесінде ұстаздық ете түріп, Мұқамбетжан Шонбасов, Есмурзин Өмірзақтармен бірге Алашорданың батыс бөлімінің жұмысына араласты. 1919 жылы кеңес өкіметін толық мойындағаннан кейін өкімет тарапынан оларға кешірім жасалды. Содан кейін Әбілғали Таңқыбаев мектеп мұғалімі болып еңбек етті. 1927 жылы Орынбор қаласындағы Қазақтың халық ағарту институтын бітіріп, Холодильник ауылында мектеп мұғалімі болды. Ол мектепте физика, математика, орыс тілі пәндерінен сабақ берді. Алайда 30-жылдардың аяғында совет елінде ұлт зиялыларына, мұғалімдерге, ағартушыларға қарсы саяси қуғын-сүргіндер басталған кезде Әбілғали Таңқыбаевқа жалған айып тағылып, 1938 жылы ішкі істер халық комиссариатының Батыс Қазақстан  облысы бойынша басқармасының Ерекше үштігі шешімімен РСФСР ҚК-нің 58-ст.2,10,11 баптарына сай, ең жоғарғы жазаға кесіліп, 1938 жылдың 25 қарашасында атылды. 1957 жылы 24 қаңтарда Гурьев облыстық соты қаулысымен толық ақталды. Ия, «Олар ешнәрсені, ешкімді ұмытпаған». Алашорда жұмысына қатысқандарға кезінде 20- жылдары кешірім берілсе де, 37-38 жылдардағы нәубет кезінде солардың істерін қайтадан көтеріп, совет үкіметі аяусыз жазалады. Халық мұғалімі Әбілғали Таңқыбаев аз өмір сүрсе де, көп шаруа тындырған, оның ішінде өлкенің халық ағарту саласына зор үлес қосқан азамат еді. Оның артында талантты ұрпағы қалды. Ұлы Жанша Республиканың экономикасына зор үлес қосқан мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді, Қазақ ССР-ның министрі болып еңбек етті.

 Міне, Атырау облыстық мемлекеттік архивінен табылған тек екі құжаттың мәліметтері сол ауыр кезеңде жазықсыз жазаға ұшыраған жандардың өмір жолын анықтауға мүмкіндік берді. Олардың басым көпшілігі әлі ақталған  жоқ. Біздің міндетіміз -Президенттің 2020 жылғы  қарашадағы № 456 Жарлығына сай ол азаматтарды толық ақтау үшін қажетті ұсыныстарды дайындау болып табылады.

       Шахман Нағимов,

 Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры,

саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде Атырау   өңірлік комиссиясының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *