Кино өнерінің пайда болуы

Бүгінгі адамдардың өмірін киносыз елестету мүмкін емес. Рас, өнердің бұл түрі күн өткен сайын дамуда, тақырыптық жағынан кеңейе түсуде. Қалың бұқараның жүрегін жаулаған киноның шығу тарихы Франциядан бастау алады. Кино өнерінің негізін қалаушы ретінде ағайынды француз Луи және Огюст Люмьерлердің есімдері ерекше аталады.  Хронофотографияны 1894 жылы француз физиологы Жорж Демени ойлап тапқан. Америкалық өнертапқыш Томас Эдисон фонографты құрды. Неміс фотографы О. Аншюльц тахископты шығарды. Американдық өнертапқыш У.Латам паноптикон жасады. Осылардың арқасында көрермендерге алғашқы фильмді түсіруге және көрсетуге мүмкіндік туды. Бұл өнертапқыштардың жаңалығы XIX ғасырдың аяғындағы ұлы төңкеріс болды. Ағайынды Люмьерлер фотограф әрі фотоқағаз фабрикасының  иегері, ірі кәсіпкер Антуанның отбасында дүниеге келген.  Луи фотоэмульсияның сезмталдығын арттыру туралы алғашқы тәжірибелік жаңалығын он бес  жасында ойлап табады. Кейін әкесінің қолдауымен  фотопластинка шығаратын фабрика ашады. Үздіксіз ізденісте жүретін ол Томас Эдисонның кинетоскобымен танысып, Рейноның оптикалық театр ұстанымдарын  қосып, суреттердің  оптикалық проекциялық көріністерін құрады.  1894 жылы  инженер Ж.Карпантьенің көмегімен грейферлі механизммен қамтамасыз етілген проекциялық аппарат дайындайды. 1895 жылы ағайынды Люмьерлер Париж қаласының  Капуцино бульварындағы «Гран кафе» бағында алғашқы түсірілім жасайды. «Люмьер бағдарламасы» атты тұңғыш киносеансқа бірнеше сюжет кіреді. 

Қазақ киносының тарихы

Қазақтың тұңғыш киносы 1938 жылы «Ленфильм» киностудиясында түсірілген — «Амангелді» көркем фильмі. Қазақ жазушылары Ғабит Мүсірепов пен Бейімбет Майлиннің қолтаңбасы қалған тарихи киноның  режиссері М.З. Левин. Халық батыры Амангелді образын актер, қазақ ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ АКСР-інің халық артисі  Елубай Өмірзақов сомдайды. 1934 жылы «Алматы кинохроника студиясы» ұйымдастырылып, 1944 жылы ол киностудия Алматы көркем және хроникалық фильмдер киностудиясы құрылады. 1960 жылы 9 қаңтарда Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен «Қазақфильм» киностудиясы аталды. Бүгінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ. Расында  ұлттық киноның тарихы қазақтың тұңғыш кинорежиссері Шәкен Аймановтан басталады. Оның түсірген  «Атаманның ақыры», «Дала қызы», «Махаббат туралы аңыз», «Біз осында тұрамыз», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бір ауданда», «Ән шақыруда», «Жол түйісі», «Алдар көсе», «Ата-бабалар мекені», «Тақиялы періште» фильмдері алтын қордан ойып орын алады.  Сондай-ақ, әр жылдары түсірілген қазақ режиссерларының «Қыз жігіт», «Транссібір экспрессі», «Мәншүк туралы дастан», «Қыз Жібек» фильмдері ұлттық кино өнеріндегі шоқтығы биік шығармалар екені даусыз.

Бүгінгі күні қандай тақырып маңызды?

Еліміздің экранына тәуелсіздік алғаннан кейін келген «Сабынды опералар» халықтың отбасымен күтіп көретін сериалдарына айналғаны рас. Бразилияның «Изаура күң», Мексиканың «Қарапайым Мария», американың «Санта Барбарасы» мен «Далласы» орыс кинемотографиясын шетке сырғаны былай тұрсын, кімде теледидар бар соның үйіне ауыл болып жиналатын құдіретке ие болды. Кейін видеотаспалар шығып, қытай мен батыстың боевиктерінің кассеталары қолдан қолға өтіп жүрді. Одан беріде түріктің сериалдарына, кәрістің дорамаларына байландық. Себебі бізде басқа таңдау болмады. Қазір жоғарыдағыдай тапшылық пен шет елдің арзанқол дүниелерін белгілі бір уақытта күтуге мәжбүрлік жоқ.  Сайттар мен түрлі каналдардан қалаған дүниеңді кез келген уақытта жатып алып көруге мүмкіндік көп. Кинотеатрларда күн сайын батыстың, шығыстың, АҚШ-тың жаңа киноларын көрсетуде. Қазақ кинематографиясы да көштен қалып жатқан жоқ. Тарихи жанрдағы көптеген фильмдерді отандық режиссерларымыз түсіріп те тастады. Қазақ хандығынан бастап, қазақтың қас батырлары Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсеновтер туралы сериалдар өткенмен қайта қауыштырды.

Соңғы кездері шығып жүрген фильмдерге қарасақ, комедия жанрына бет бұрған жас режиссерлар көптеп байқалады. Бұдан бір жағынан киноның бизнеске  айналып бара жатқанын байқамай қалу мүмкін емес. Бәлкім, күйбең тұрмыстан санасы шаршаған көпшілікке бір сәт жеңіл күлкі де керек шығар. Әлбетте, әр тақырыптың өз аудиториясы болатыны сөзсіз. Дегенмен сан түрлі тақырыптың ішінен қазақта ғылым туралы фильм жоқ екенін мойындауымыз керек.  Сонда киноға арқау болатын ғылыми жетістігіміз жоқ па?  Әлде ғалымдарымыз жоқ па? Әрине бар. «Ғасыр адамы» атанған суық жарықты ойлап тапқан әлемге әйгілі физик Темірғали Көкетаевтың жиырма бес жылдық ғылыми ізденісін неге киноға арқау етпеске. Американың математикалық қоғамының жоғары дәрежелі «Мур» сыйлығының иегері, отыз жыл ешкім шеше алмаған, жапондық Нагатаның күрделі проблемалық есебін шешкен Уалбай Өмірбаевтың да өмірі көркем фильмге сұранып тұрған жоқ па. «Пробиркадан» шыққан баланың тұңғыш қазақстандық авторы және Қазақстандағы репродуктологияның негізін қалаушы Салтанат Байқошқарованың да осы жолға дейінгі еңбектері мен ол өмір сыйлаған балалардың тағдыры әлемге қазақ қаракөзінің медицина ғылымындағы еңбегін паш етер еді. Кардиохирург-ғалым, Тараздағы кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының негізін қалаушы  Сейітхан Жошыбаевтың да жүріп өткен жолы көпке үлгі.Саралай берсек ғылым мен өндірісте тұлғалар қазақта да бар екені белгілі.ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың дәуірі. Өркениеті елдерде ғалымдар ең жоғарғы зиялы қауым ретінде бағаланады. Қазір бізге тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жылда елге елеулі қызмет етіп жатқан ғалымдарымыз туралы фильмдер түсірсек жастар да жасамыс та қызығып көрер дүниеге айналар еді. Оның бер жағында отандық ғылымның қалай дамығаны туралы мақтанышпен айтатын әңгіме табылады. Қолда барымызды көрсетуге ұмтылсақ, ұрпағымызға да айтарымыз табылар еді. Ертелі кеш Голливуд киноиндустриясының ойдан шығарған қаңсығын таңсық еткен балаларымыз, өз мықтыларымызды танып, біліп бой түзеп өссін.

Гүлнұр Бақытқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *