Орал қаласындағы «Атамекен» өнер орталығында «Қазақ мектебіне қадам басайық!» жобасының қорытынды жиыны өтті. Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов жүргізген жиынға облыстық басқарма, қалалық бөлім және мекеме басшылары, мектеп директорлары, мәслихат депутаттары, ғалымдар, тарихшылар, кент әкімдері және тіл жанашырлары қатысты.

Орал қаласы бойынша жалпы орта білім беретін 50 мектеп бар. Оның 25-і қазақ, 5-еуі орыс тілінде білім береді. Ал 20 мектеп – аралас. 2021-2022 оқу жылында орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ сыныптары ашылған. Бүгінде жалпы орта білім беретін мектептердің табалдырығын 55 267 оқушы тоздырып жүр. Оқушылардың 50 пайызы қазақ тілінде, 12 пайызы орыс тілінде оқытатын мектептерде, ал қалған 38 пайызы аралас мектептерде білім алуда. Қазақ тілінде білім беретін сыныптарда 258 өзге ұлт өкілі оқиды. Ал қазақ балаларының 20 пайызы орыс тілінде оқып жүр. Оған не себеп? Осы сауал төңірегінде жүйелі жұмыс атқарқан жоба «Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халықтың үлесін арттыру» жоспарына сәйкес бастау алған болатын. «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында бірқатар шаруа атқарылуда. Қазақ тілінде оқытатын мектептердің саны көбейіп, материалдық-техникалық базасы нығайып, білім беру сапасы артуда. Алайда, ұлты қазақ ата-аналар балаларын орыс сыныбына беруді тоқтатпай тұр. Бұл – қазіргі таңдағы өте өзекті мәселе. Соңғы үш жылдағы мәліметті салыстырған тіл жанашырлары қазақ балаларының орыс сыныптарына қабылдануы жылдан-жылға көбейіп бара жатқанын тілге тиек етеді. Олар бұған нақты не себеп екенін білу мақсатында еңбектенуде. «Қазақ мектебіне қадам басайық!» – осы бағыттағы ауқымды жоба.

– Былтыр халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалымен бірге эпидахуалға байланысты онлайн сипатта жұмыс жасадық. Биыл 24 сәуір мен 24 мамыр аралығында облыстық тілдерді дамыту басқармасымен бірге бірқатар іс-шара ұйымдастырдық. Орал қаласындағы жалпы орта білім беретін мектептердің даярлық тобындағы және мектепке дейінгі ұйымдардың жоғары тобын аяқтаған тәрбиеленушілердің әке-шешесімен кездесіп, әр түрлі жиналыс өткіздік. Жиындарға негізінен балалары орыс топтарында оқып жүрген ұлты қазақ ата-аналар шақырылды. 40-қа жуық кездесу ұйымдастырып, оған 1000-ға тарта ата-ана қатысты. Сапалы білім, жоғары көрсеткіш және оқытушылардың біліктілігі жайлы сөз қозғалып, қазақ мектептерінің әлемді мойындатқан түлектері жайында біраз ақпарат берілді.  Жалпы қазақ тілінде білім алуға бүгінде барлық жағдай жасалған. Мемлекеттік тілдің мерейін үстем қылу мақсатында аянбай еңбек ете білуіміз керек. Кейбір оқулықтардағы тапсырмаларға бала түгіл үлкендер түсінбей қалып жатады. Сондықтан оқулықтардың сапасын тексерген жөн. Сондай-ақ мемлекеттік тілдегі контенттер көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді. Үйірмелердің қазақ тілінде жүргізілгені дұрыс. Мемлекеттік тілде оқытатын сыныптарда бала саны өте көп. Соған байланысты білім сапасы да төмен. Ал орыс тілінде оқытатын сыныптарда бала саны екі есеге аз. Сол себепті әр баламен жеке жұмыс жасау әлдеқайда тиімді, – деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев.

Алдағы уақытта орыс мектептерінде қазақша оқытатын мектепалды даярлық топтары мен 1-сыныптар және ата-аналарға қолдау көрсету мақсатында ұзартылған күн тобы ашылмақ. Ұзартылған күн тобында оқушыларға үй тапсырмаларын орындауға көмек көрсетіледі. Мұғалімдер олардың тіл байлығы мен функционалды сауаттылығын арттыру мақсатында ерінбей жұмыс жүргізетін болады. Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова мектептердегі мемлекеттік тіл мәселелері жөнінде баяндама жасап, біраз тың мағлұмат айтты.

– Биыл қала бойынша «Алтын белгі» иегері атанған 78 оқушының 64,1 пайызы қазақ сыныбының түлектері. 2021 жылы грантқа оқуға түскен 1244 оқушының 822-і қазақ сыныптарынан. Орыс сыныптарына қазақ балаларының көптеп тіркелуінің басты себептері – ата-аналардың орыс тілді болуы және қоғамда қазақ тілге деген сұраныстың аздығы. Мұны ата-аналармен әңгімелесу барысында аңғарып қалдық. 2021-2022 оқу жылында 1-сыныпқа 6383 оқушы қабылданған. Оның 3698-і (57,9 пайыз) қазақ сыныптарына барса, 2685-і (42,06 пайыз) орыс сыныптарына қабылданған. Орыс сыныбына барған 2685 оқушының 1484-і қазақ… Біз ата-аналармен үнемі байланыс жасап, пікір алмасамыз. 2022-2023 жылы 1-сыныпқа баратын оқушылардың ішінде орыс сыныбына жазылуды жоспарлап отырған қазақ балаларының ата-аналарымен жүздестік. 6-маусымдағы ақпарат бойынша 1-сыныпқа 4716 оқушы қабылданып отыр. Оның 63,7 пайызы қазақ сыныбына барады. 1-тамызға дейін бұл көрсеткіш 68 пайызға дейін жетеді деп есептейміз. Жаңа оқу жылында жалпы 242 сынып ашылады, оның 162-і қазақ тілінде оқытады, – деді Ақжарқын Мүтиғоллақызы.  

Жиын қатысушылары мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, ұлттық құндылықтарды ұлықтау бағытында сөз қозғап, ұсыныстарын, пайым-пікірлерін ортаға салды. Аралас мектептерде қазақ тіліндегі даярлық сыныпқа дейінгі дайындық сыныптарын ашып, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тіліндегі балаларға арналған бағдарламалар дайындап, мультфильдерді қазақ тіліне аудару және мектеп бағдарламасы мен оқулықтар қазақ тілінде сауатты жасақталып, іс-қағаздар жүйесінің мемлекеттік тілде жүргізілуі керектігі де назардан тыс қалған жоқ.

– Тілге қатысты іс-шараларға белсенді түрде қатысып, қашанда ұсыныстарымызды айтып жүрміз. Жалпы жиындардың бәрі қазақша өтсе екен деймін. Жиналыстары орыс тілінде, митингілері қазақ тілінде өтетін елде текетірес бола береді. Арыз-шағымдар да қазақ тілінде жазылуы керек. Заңда берілген арыз-шағымдарға мемлекеттік тілде немесе арыз берілген тілде жауап қайтарылатыны жазылған, – деді заңгер Абзал Құспан.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ұлдай Ержанова:

«Мен барымда, сен барыңда, бауырым,

Ана тілдің ұзақ болсын ғұмыры!» деп келетін өлеңді оқып берді.

Өз кезегінде Орал қалалық мәслихат депутаты Светлана Бахишева, Қазақстан Журналистер мен Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұнайдар Балмолда, «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдір, «ТДК-42» телеарнасының директоры Бағдат Ізмағамбетов және «Тіл мұра» қоғамдық қозғалысы төрайымының орынбасары Ирина Суетина «Қазақ мектебіне қадам басайық!» жобасы бойынша әлі де жүйелі жұмыстар жүргізіп, ата-аналармен жиі жүздесіп, балақайларды қазақ мектебіне үзбей шақыру – негізгі міндет екенін тілге тиек етті.

– Тіл мәртебесін көтеру жалғыз адамның немесе атқарушы құрылым өкілдерінің ғана шаруасы емес. Бұл – бәрімізге жүктелген міндет. Нақты нәтижеге қол жеткізу үшін ауызбіршілік танытып, бірлесіп жұмыс жасауымыз керек. Осы жиында қозғалған мәселелер әрбір үйде талқыланса екен деген ниет-тілігіміз бар, – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев.

Іс-шара соңында Мирболат Сағынғалиұлы бірқатар тіл жанашырына қала әкімінің алғысхатын табыс етті.

Орыс сыныптарында оқитын қазақ балаларының күннен-күнге саны артып бара жатқанын естіп, жағамызды ұстағанымыз рас. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» депті Ахмет Байтұрсынұлы. Өркендеудің, өрлеудің басты кілті – тіл мәртебесін көтеру, қазақ тілді ұрпақ тәрбиелеу екенін ұмытпайық, ағайын!

  Марлен ҒИЛЫМХАН  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *