Тәуелсіз елдің жастары мықты, рухты, патриот болуы тиіс,

-дейді полковник М.Наукеев

Өз елінің патриоты болу, әскерге барып, еліне қызмет ету – әрбір жас қазақстандықтың міндеті.Әсіресе, әскери патриотизм тәрбиесі жасөспірімдерді еліне деген сүйіспеншілікке, Отан қорғауға, азаматтық қасиеттерге баулиды. Бұл ерлердің борышы екені Ата Заңда да айқын көрсетілген. Әскерге келген жастар да Отан алдындағы  міндетін абыроймен атқарып,  бір жылдан  кейін үйлеріне  нағыз сарбаз болып оралады. Сондықтан әскери  бөлім – әрбір сарбазды шыңдайтын, шынықтыратын нағыз өмір мектебі.

Ал, қазіргі жастар әскерге баруды абыройлы міндет деп  қабылдай ма? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде 5546 әскери бөлімнің командирі, полковник Манат Қасымбекұлы НАУКЕЕВПЕН әңгіме өрбіткен едік.

-Полковник  мырза, әңгімені жастық шағыңыздан бастасақ. Отан қорғаушы мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?

– Мен Отан қорғаушы мамандығын мектепте оқып жүргенде таңдадым. Бұған еліміздегі ерлік дәстүрінің беріктігі, біздің отаншылдық рухта тәрбиеленгеніміз әсер еткені анық. Өмірде мамандық сан ал­уан болғанымен, адамдардың әр­кез сарбаздар мен сардарларға құрметпен қарайтыны жасырын емес. Шын мәнінде, әскери қызметкер ерлік пен өрліктің үлгісін көрсете білуі тиіс.

Біздің отбасында 4 ұл, аға-інілерім бар. Әкемнің кішігірім шаруа қожалығы болды. Анам біздің тәрбиемізге ерекше көңіл бөлген жан. Қазір екеуі де зейнеткер.

Әлі есімде, мектепті бітіретін жылы ағам әскерден келді. Парадтық киім үлгісі өзіне сондай жарасып тұр. Қызығып қайта-қайта киіп көремін… Содан әскери адам боламын деп шештім. Бірден  әскери оқу орнын таңдап,  емтиханның дайындығына кірістім. Осылайша, әскери өмірім 1999 жылы Петропавл қаласындағы бұрынғы Ішкі әскердің, қазіргі Ұлттық ұланның академиясына оқуға түскен күннен басталды. 2004 жылы алғашқы офицерлік «лейтенант» шенімді алғаннан соң 6636 әскери бөлімінде взвод командирі лауазымын атқардым. Содан бері Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде қызмет атқарып келемін.

Ендігі кезекте сауалымыз, өзіңіз басқарып отырған әскери бөлімнің жауынгерлік қызметі мен   дайындығы  туралы айтсаңыз?

Жалпы Ұлттық ұланның әскеріне негізгі Ұлттық ұланның Заңына сәйкес аса жауапты  жауынгерлік қызметтерді атқару жүктеледі. Соның ішінде ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қорғауға, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге, қоғамдық қауіпсіздікті және төтенше жағдай мен соғыс жағдайының, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимдерін қамтамасыз етуге қатысу, осы операцияға, сондай-ақ табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарларын жою жөніндегі іс-шараларға  белсенді қатысады.Сондай-ақ, Атырау  қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесін күзетеді

Ал, әскери бөлімнің жауынгерлік дайындық дәрежесі өте жоғары. Себебі, біз барлық деңгейдегі командирлердің жеке құрамды кәсіби оқытуына сұраныс пен жауапкершілікті күшейттік.

Жыл басынан-ақ тәжірибелік және далалық оқулардың өту қарқыны жоғары деңгейде болу үшін барлық мүмкіншілікті жасадық. Себебі,  жеке құрам төтенше жағдайлар туындаған кезде әрекет ету, командалық-штабтық және жедел-тактикалық шараларға өзге күш ведомстволарының бөлімшелерімен бірлесе қатысу дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгереді.

Әрине, көздеген мақсатқа жету үшін тынымсыз еңбектену қажет. Бұл талаптар әрқайсымыз үшін бұлжымас қағидаға айналды. Ал, әскери ұжымның басты моральды және интеллектуалды тұтқасы – офицерлер. Бөлімшелерді басқарудың негізгі ауыртпалығы солардың мойнында. Сондықтан әскери қызметкер әскери-жауынгерлік міндетін табысты орындау жолында өзінің күшін, білімі мен тәжірибесін пайдаланады.

Кешегі жыл басында төтеннен орын алған қасіретті қаңтар оқиғасында біздің сарбаздарымыз мүмкіндігінше қарапайым халықтың амандығы мен зардап шекпеуі үшін алаңда тік тұрып, тәуелсіздігімізге қауіп төндірген қаскөйлермен күресте қасқайып тұрды, антттарына адал болып нағыз қайсарлықтарын көрсетті.

Иә, кешегі қаңтардың қақтығысы елдігіміз бен еркіндігімізді, егемендігімізді сақтаудың, ішкі тыныштығымыздың қадір қасиетінің қаншалықты қымбат екендігін санамызға шегелеп сіңдіргені анық. Өзіңіз  қазір ғана айтып өткен антқа адал, сертке берік сарбаздарды тәрбиелеп нағыз жауынгер етіп сапқа қою қажырлы еңбекті талап ететіні сөзсіз. Ең далада еркін жүрген бозбала әскери өмірдің  қатаң тәртібіне  тез бой ұсынып үлгере ме? Олардың  көңіл-күйлері қандай өзгеріске ұшырайды?

– Әрине,  әскерге  келмес бұрын әрбір жас  өз үйінде еркелеп, қалағанынша жүріп-тұрады. Айталық, таңертен ерте тұрмайды, яғни бір белгіленген тәртіппен өмір сүрмейді. Ал, бөлімге алғаш келген сарбаз не істейді? Әрине, біріншіден мұнда күн сайын өзін  ретке келтіреді. Яғни, тазалықты сақтап, оны күнделікті әдетке айналдарыады.

Екіншіден, адам өзін-өзі тәрбиелейді. Сол сарбаздардың  бір  айдан кейін өзгергені байқала бастайды. Қарасаңыз, киімдерін, жағасын өздері тігеді, қарапайым ғана ереже аяқ киімін тазаламай сапқа тұрмайды. Апта сайын шаштарын алдырып отырады. Оның бәрін үйде жүрген кезінде өз қалауынша жасайтыны рас қой. Бір ортада «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұранмен қызмет атқарады. Барлық қиындықты бірге жеңеді, жеңістің қадірін бірге сезеді. Сондықтан да армияда бір отбасының балаларындай болып кететіні содан.

Демек, әскери бөлімдегі  тәрбие жұмысы да күн тәртібінен түспейді…

  • Әлбетте, «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» — атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлының сөзі. Әскери бөлімде тәрбие жұмысына  үлкен мән  беріледі. Патриоттық тәрбие беру, келешек  ұрпақты отансүйгүштік  рухта  тәрбиелеу – жастармен жұмыс  жасайтын әр  педагогтың, лауазымды тұлғаның  басты  міндеті. Сол қоршаған ортадан қандай тәрбие алса, сол ғұмырына азық болады. Біз өз тарапымыздан әскердегі сарбаздарға  дұрыс бағыт-бағдар береміз.

Себебі, біздің қызметтің өзге әскери салаларға қарағанда өз ерекшеліктері бар. Түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды күзету, қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау  болсын, әрқайсының өзіндік қиындығы  бар. Оны жеңуге жағдай жасалып, тәрбиелік жұмыстардың ойдағыдай жүруіне де мән беріледі. Сондықтан әрбір сардар жеке құрамның  арасында тәрбие  қызметін талапқа сай жүргізуге ұмтылады. Жеке құрамның мемлекеттік-құқықтық, жауынгерлік дайындық барысында жоғары көрсеткіштерге  қол жеткізуіне тәрбие жұмыстарының әсері зор.

Манат Қасымбекұлы, ал, осы әскердегі тәрбие қандай бағытта беріледі?

-Бүгінде тәрбие және идеологиялық жұмыстардың  барлық бағыттарында қолайлы механизмдер жеткілікті. Мемлекеттік-құқықтық даярлық, ақпараттандыру, өзіндік шығармашылық, бұған қоса  жеке құраммен жұмыс  жасаудың жаңа түрлері де енгізіліп  жатыр. Әскери қызметтің сапасын  арттыруға бағытталған көптеген  іс-шара атқарылуда. Әсіресе, психологиялық  қабілетіне қарай  жүздіктерге бөлінеді. Психологиялық  тестілеуден өтпеген  әскери қызметшілер қарауыл  мен жауынгерлік  кезекшілікке жіберілмейді.

Негізгі тәрбие  жұмысы  кез-келген заң  бұзушылықты болдырмау, олардың  алдын алуға  бағытталады. Жоспарлы құқықтық білім деңгейін арттыру шараларымен қатар, тәрбие сағаттары, ардагерлермен кездесу, жергілікті әкімшілік өкілдерімен сұрақ-жауап кештерінің жауынгерлерді тәрбиелеудегі маңызы зор.

Ашығын айтқанда, әскери ұжымда болып жатқан жағдайлардан хабардар  болып отырамыз. Барлық санаттағы әскери қызметшілермен  үнемі  жасырын  сауалнама өткізіледі. Өзекті мәселелерді лауазымды тұлғаларға хабарлаймыз. Бірінші кезекте  маңызды сұрақтар шешіледі. Казармалық үй-жайларда  «Жауынгерлерге  заң  туралы» бұрыштама орнатылды. Барлық казармалар мен штабттарда бөлім басшыларының  ұялы телефондарының  нөмірлері жазылып тұр. Әскери қызметшілер көкейде  жүрген  сауалдарын  СМС-хабарлама арқылы  да жолдай алады. Мұнда  баяндалған  фактілердің  анық-қанығы шұғыл  тексеріліп, тиісті шаралар қабылданады.

Осындай  тәсілдердің  көмегімен түрлі жағдайлар  зерттеліп, жеке құрамның моральды-психологиялық  ахуалының  мониторингі  жасақталады.

Әңгімемізді  патриотизм ұғымымен  жалғастырсақ. Жалпы, отансүйгіштіктің бастауы неде деп ойлайсыз?

– Өткен аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүрлері бүгінде Ұлттық ұланның сапында қызмет етіп жүрген жауынгерлермен лайықты жалғасын табуда. Мәселен, өткен жылдары жауынгерлік міндеттерін атқаруда адалдық танытып, қауіпті қылмыскермен күресте өз өмірлерін ажалға тігіп, ержүректілікпен танылған жауынгер Ербол Отарбаев, кіші сержанттар Жандос Баянбаев, Ақылбек Қоңыров, қатардағы жауынгерлер Нұрасыл Мүбәраков пен Алтынбек Қабылбековтар жоғары мемлекеттік «Айбын» ордені және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарына ие болды. Таяуда қаңтар оқиғасында қоғамдық тәртіпті сақтауға өз өмірлерін қатерге тігіп үлес қосқан офицерлер мен қарапайым қатардағы сарбаздарымыз да марапатқа ие болды.

Мұның барлығы – Отанды шексіз сүюдің жарқын үлгісі. Бұл азаматтарды ерлік жасауға итермелеген – патриоттық сезім. Отанын сүйген азамат қана елін асқар мұраттарға жетелемек. Демек, патриотизмнің қайнар бастауы да – осылар.

–    Кешегі аға буын үшін әскерге ілінбей қалу деген ұят саналатын. Ол кезде әскерге барып келу үлкен мәртебе, абырой еді.  Бүгінгі таңда жастарымыздың әскер қатарын толықтыруға деген құлшыныстары қандай?

–   Кезінде әскерге бармаған жас жігіттерге  қыздар да қарамайтын. Бұл қандай ебептермен бармай қалды, демек денсаулығында кінәрат бар дегендей. Қазір ондай приоритет жоқ. Дегенмен, балалардың әскерге деген көзқарасы түзу. Дегенмен, «Бес саусақ бірдей емес». Қазір «мен әскерге барушы едім, бірақ менің несием бар» деген секілді жағдайлар көп кездеседі. Кейбірі «Маған жұмыс жасау керек, ауылдағы ата-анама көмектескім келеді» дейді. Ал мұндай жағдайлар заң жүзінде әскерден қалуға себеп емес. Бүгінгі таңда екінің бірінде несие бар және ол аз қаражат емес. Сондықтан біз кейде өз тарапымыздан заңда қарастырылмаса да банк филиалдарына «мына азамат заңға сәйкес әскер қатарына жіберіледі, сол себептен несиені кейінге қалдырсаңыздар деген өтініш хат жібереміз. Бұл адами көзқарастан туындаған факторлар.

 –  Сөз соңында, жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз…

– Жастарға айтарым, естеріңізде болсын, барлық нәрсе тәрбиеден бастау алады! Алдымен үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету керек дер едім. Ешқашан ашуға бой алдырмай, қызғаныш деген жаман қасиеттерді бойға дарытпау қажет. Білімін шыңдап, өзі сүйген мамандыққа батыл бет бұрып, қоғамға да, өзіне де пайдасы тиер жақсы маман иесі болса, одан асқан бақыт жоқ деп білемін. Әрбір жас табиғат берген бойындағы барлық жақсы қасиетті шығарып, шынайы армандаса барлығына да қол жеткізері сөзсіз.

Қорыта айтқанда, Отанымызды қорғау – абыройлы міндет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.  Асыл халқымыздың асқақ мұраты – ел егемендігі мәңгілік баянды болсын.

Тәуелсіз елдің жастары мықты, рухты, патриот болуы тиіс деп білемін!

– Манат Қасымбекұлы, алтын уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет. Ел қорғаны – жас жауынгерлерді тәрбие мен тәртіп, оқу мен жауынгерлік қызмет жолындағы жауапкершілігі мол   қызметтерінізге сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен  лейтенант Малика Шынжигитова,

Атырау қаласы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *