Орал қаласы «Болашақ» шағынауданындағы «Экспресс» кафесінде (Гринько көшесі, 123)  орналасқан №406 сайлау учаскесіне 2116 сайлаушы тіркелген. Учаскедегі хатшы Салтанат Боранбайқызының мәлімдеуінше, 5 маусым күні сағат таңғы 6:00-ден кешкі 20:00-ге дейін 1020 адам дауыс берген. Оның 25-і өзгерістерді қолдамайтынын көрсеткен. 35 адам «иә» мен «жоқты» қатар белгілегесін дауыс жарамсыз деп танылған. Ереже бойынша екі таңдаудың бірін белгілеу шарт.  

– Жаңашылдық өзгерістерден басталады. Бүгінгі күн – бірігетін кезең. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген мақал бекер айтылмаса керек. Әрбір жанның пікірі маңызды. «Сын түзелмей, мін түзелмес». Билік басына сол орынға лайықты жандар келсе, елдің де гүлденері хақ. Мықты елдің азаматтары да мықты, сауатты болғаны жөн. Ел тұрғындарының Конституцияға енгізілетін 33 түзетудің қандай баптарды қамтитынын білуі маңызды. Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған жаңа бастаманы қолдау – басты міндемітіз. Халық өзі шешім қабылдаса, елде тыныштық орнайды. Енгізілетін өзгерістер сіз бен біздің құқығымызды қорғайды, – деді Зашаған кентінің тұрғыны Гүлжанат Мырзабекова.

«АMANAT» партиясының өкілі, аталмыш учаске бақылаушысы Ақкүміс Саматованың айтуынша, ешқандай құқықбұзушылық орын алмаған. Сайлау әділ түрде өткен. Сайлауды талаптарға сай ұйымдастырған мамандар уақытылы жұмыс атқарған.

– Референдумда саяси жүйені түбегейлі өзгерту, жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін қайта қарау, халықты әлеуметтік, құқықтық жағынан қорғау секілді қордаланған мәселелер қарастырылатынын естідік. Өзгерістердің тағы бірі – өлім жазасынан бас тарту. Өмірді беретін де, алатын да – бір Алла. Жергілікті тұрғындардың 50%-ы дауыс бермесе, өзгерістердің ешқайсысы заңды тұрғыда мақұлданбайды. Сондықтан да учаскеге келіп, дауысымды бердім. Енді халық өз басшысын өзі сайлайтын болады. Әділдік салтанат құратын уақыт алыс емес. Елім деген әр азаматты осындай берекелі істі қолдауға шақырамын. Түзетулер сіз бен біз қолдасақ қана енгізілмек. Туған жер, ел, болашақ үшін белсенді болайық, – деді №406 учаскенің сайлаушысы Абзал Қарекенов.

Марлен МӘЛІКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *