Бимұханов Ертай Сағындықұлы 1973 жылы 16 тамызда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылында дүниеге келген.
А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын тәмамдаған.
Е.Бимұханов – республикалық, облыстық ақындар айтысы мен жазба ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жүлдегері.
2002, 2007 жылдары елордасы Астана қаласында өткен Халықаралық шығармашыл жастардың «Шабыт» фестивалінің «Әдебиет», «Журналистика» номинациялары бойынша дипломанты атанған.
Е.Бимұхановтың туындылары «Қос ішек-Струны души» (Астана), «Жыр Жайық», «Жырлайды Жайық», «Ауылдың азаматтары», «Айтыстың аясында ару Жайық», «Мемлекеттік тілге – құрмет», «Әнімен елді тербеген…» (Алматы), «Батыс Қазақстан ақын-жазушыларының библиографиялық көрсеткіші» т.б. кітаптарына енген.
2006 жылы Орал «Ағартушы» баспа лингвистикалық орталығынан мемлекеттік тапсырыс бойынша «Ақындық-азаматтық тұлға қалыптастыру жолдары» атты педагогикалық-әдістемелік кітабы, 2014 жылы «Өлеңмен қалдыр оңаша…» атты тұңғыш өлеңдер жинағы, «Тарих таңбасы» кітаптары жарыққа шыққан.
Е.Бимұханов 2006 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хатымен марапаталған.
2016 жылы Ертай Сағындықұлы «Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі» медалімен марапатталған.
Ертай Сағындықұлы бүгінгі таңда Орал қаласындағы Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.
Елге хат
Адам үшін таусылар ма жер шегі,
Өмірімнің қайда апармақ өлшемі?
Қаратөбем – қазыналы туған жер,
Жақсы көрсем, жақсы көрем мен сені!
Тірі адамға не істетпейді тіршілік,
Бәрі есіме түссе, жаймен күрсініп.
Жүрегімді бөлмесін деп Өзіңнен,
Бір Аллаға етем мәңгі құлшылық.
Бұл өмірдің кеші батып, таңы атып,
Қаратөбем талай топқа жаратып.
Сенен алған мейірімді мейлінше,
Бұл қалаға келем әлі таратып.
Қаратөбем – шаңырағы үлгі үйдің,
Құпиясын ашу қайда бұл сыйдың?!
Тышқантайдың “зәмзәм” суын алдыртып,
Қанша жанның жүрегіне нұр құйдым.
Бұл қалада бағасы ма… құнымның,
Тыныштықта саған ғана бұрылдым.
Қаратөбем, тілегімді қабыл ал,
Тілеуіңді тілеп жүрген бір ұлмын!
Өмір сүремін!
Бабамның рухы бар тамыздығымда,
Көнеден қалған аңыз бұрында.
Ешкімнің өміріне араласпай,
Өмір сүремін өзімнің Жалғыздығымда!
Қайда екен десем, ырыс – құмымда,
Өзіңді табу керек екен ғой, дұрыстығында.
Ешкімнің ешқашан мазасын алмай,
Өмір сүремін өзімнің Тыныштығымда!
Қасиетін ұғынсам деп дара қайыңның да,
Ақылына құлақ астым балақайымның да.
Бәрінен бас тартып, жаяулап қана,
Өмір сүремін өзімнің Қарапайымдылығымда!
Іздеу
Жек көріп кеттім бәрін,
Жалғыздық шектім хәлін.
Тағдырым жұтады кеп,
«Тәп-тәтті» дерттің дәмін.
Сен маған, Құсым, мүлде,
Ештеңе түсіндірме!
Кім ұрлап әкетті екен,
Жүрегім ұшып жүр ме?
Тазартсам, толды… ішімді,
Барлығы болды. Сіңді.
Жоғалтқан мен бе жалғыз,
Іздеймін болмысымды?..
Өмірдің бізге мәні,
«Жақсы» деп Сізде бәрі.
Келемін осы жолда,
Өзімді іздеп әлі…
Қаратөбем – биіктік
Сенен ешкім таба алмайды кінәрат,
Мәңгі орнаған бір басыңа сірә, бақ?!
Арда атыңды аспандатқан әлемге,
Сал Мұхиттың “Айнамкөзі” бір ән-ақ!
Сағыныш деп аталатын хатты орап,
Борышымды сенім қалай ақтамақ?
Бұл да маған бір Құдайдың тартуы,
Ақ тақырың – өлең жазар ақ парақ!
Тартуымды саған сыйлап, өлшеп тең,
Айқара ашып құшағыңды келсек кең.
“Менің ертең болашағым не болмақ?”,
Қалдығайтым – айнам бағдар көрсеткен!
Адамдары аулақ реніш, өкпеден,
Қалай сені Қаратөбем жек көрем?
Алла берген сыйға деген құрметі,
“Тышқантайдың” бір тамшысын төкпеген.
Таң қалмасқа амалы жоқ жан біткен,
Маған ыстық жазық далаң, әр нүктең.
Адам түгіл, қорасынан өреді,
Төрт түлігі таңмен ерте “тәртіппен”.
Кең жазира сары далаңнан жыр кетпей,
Шаңыраққа әлі талай ел біткей!
Қара өлеңмен қаптап қойдым ақырын,
Саған деген махаббатты кірлетпей
Анама хат
Көптен соқпай кеттім, апа, басыңа,
Есімімді жазғам құлпытасыңа…
Қу тірліктің күрмеуіне байландым,
Сенің балаң болғандығым осы ма?
Оңашада қарап бейнең, мүсінге,
Соның бәрі мауқым басу үшін бе?
Қатыгездеу боп бара ма, жүрегім,
Бір жекіріп кетсең қайтед, түсімде.
Қайтара алман, Құдайға өтсем жалынып,
Менің сәби көңілімнің әнін ұқ!
Сенің аппақ жүрегіңдей жатыр-ау,
Аппақ молаң аппақ қарды жамылып.
Оралмасың, келмесіңді білсем де,
Менің барлық сағынышым бір сенде.
Өмір бойы жан анасын жырлайтын,
Жалғыз ғана Өзің туған ұл сенде!
Білем, апа, оралмайсыз енді Сіз,
Қырық жылға жуықтады, сенгісіз.
Мен хат жазсам, саған ғана жазамын,
Бірақ оның жетер жері белгісіз.
Олар
Кейде сенің осынау ақылың да,
Көп қателік жіберіп ақырында.
Бір қаланың иесі боп шығады,
Маңғаз дала, бұйрат құм, тақырың да…
Қажет неге адамға бұның бәрі,
Таңдай қағып келеміз бұл күнге әлі?..
Бізге сабақ үйретіп, партада отыр,
“Түсініксіз әлемнің” тұрғындары.
Мүлдем бөлек санасы, түсінігі,
Қашан? Қалай ұғады кісі мұны?
Аласарып қалғанның ұтары жоқ,
Бізден биік шығар-ау, кісілігі.
Олар өмір сүреді бізден ғажап,
Біз секілді кетпейді іздеп азап.
Таңдауына талассыз жетеді олар,
Өйткені олар: сөзі де, өзі де азат!
Әкеме
Мойындадық іштей үнсіз Сізді, Әке,
Сұрайтыным кешірім ғой жүз мәрте.
Болмай келген жол да жаймен түзелді,
Еш уақытта кінәлама бізді, Әке!
Бала кезгі тағдырымыз өктем ед,
Сенсіз қалай болашағым көктемек?
Қашып-пысып барушы едім Өзіңе,
Нағашылар қалмасын деп өкпелеп.
Іштегіңді сезеді ғой бұл халық,
Өмір-өзен өтіп жатты ырғалып.
Көп адамның арасында отырсаң,
Қараушы едім көпке дейін ұрланып.
Майы ешқашан таусылмайды пілтенің,
Қаным сенен, неге сонша үркемін?..
“Әкешіл боп қалыпсың” деп сыртымнан,
Сөз айтқанға қолымды бір сілтедім.
Ішке бүгіп айтпақ болған сөзіңді,
Үнсіз қалпың, отырғаның өзі үлгі.
Мен де қандай болушы еді өкініш,
Қос немерең көре қалды Өзіңді!
Табиғат сыйы
Қашып жүрмін бе, өзімнен бекер,
Табиғат сыйы сезіммен жетер?!
Шашылып қалған сағыныш жапырақтарын,
Жүрегім, жалғыз көзіңмен көтер!
Естіліп дауыс: бәрі анық үйден,
Елден емеспін бе, даналық түйген?!
Оңаша ойға батсам болғаны,
Орала береді балалық бейнем.
Өлеңнен іздеп өмірдің мәнін,
Қабылдап дауыл, жауыны…бәрін…
Пернесін басып, терезем ашып,
Тыңдаймын келіп жаңбырдың әнін!
Сансыз ойлар жүрегіме ұялап
Сансыз ойлар жүрегіме ұялап,
Көңіліме түсірмесін сыя дақ.
Адамдығым осы болып қалады,
Тірі адамға жасамасам қиянат.
Қабырғаммен оңашада кеңесем,
Күндеріме қолым бұлғап ең әсем.
Осы менің аспан асып өскенім,
Бір адамның қолтығынан демесем.
Мінезімнен қалай алыс аумақпын,
Бәрін тонап отыр міне, жаулап түн.
Еш адамға ешқашан да еш жерде,
Періште боп көрінуден аулақпын.
Бұл өмірдің құпиясын білсе әр үй,
Көңіліңнің түпкіріне тұнса күй.
Біз осынау есейгенмен қаншалық,
Өмір өзі іңгәлаған бір сәби.