Халқымыздың денінің саулығын күшейтуде бұқаралық спорттың алатын орны бөлек. Соңғы кезде үлкен спортта биік шыңдарды бағындырған чемпиондарымыздың жеңісі бүкіл халықты қанаттандыра түскені белгілі.
Қазақтың құтты мекені – ауыл бақылаусыз, қараусыз, қаражатсыз қалған жылдар да ақырын жылжып артта қалып барады. Алайда берекелі момақан даладан ию-қиюы көп, даңғаза қалаға жастар әлі де лек-легімен ағылуда. Өйткені жастардың ауылда тұрақтануына қолайлы жағдай әлі жасалған жоқ. Спорт – денсаулық кепілі. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, қасындағыларға үлгі болу әр адамның міндеті. Бүгінгі күні болмысы өзгере бастаған қазақтың бұрынғы замандағы қайсарлығын қайткенде қалпына келтіре аламыз? Денсаулықтың серігі – спорт екенін біле тұра денені шынықтыруға енжар қарайтынымыз өтірік пе?! Ежелден тынымсыз тірлікке негізделген ауылдың баласы ес білгеннен бастап небір ойын жаттығуларын көрді, еңбекке қауырт араласып өсті. Ауыр көтеру, аяқ, білек және бел күшін сынасу, аяққа қоржын байлап жүгіру, балтыр байқасу, еңбектеп жарысу, иық, тізе, төс қағыстыру, маңдай сүзістіру, қол күрестіру, мықын итерісу, тағы басқа толып жатқан дене қимылдары жас баланың бойына қуат, жанына сергектік сыйлаушы еді ғой. Себебі аттың жалын тартып мініп, түйенің қомында жүретін малшы ауылдың жеткіншектері ержүрек, жауынгер болып жетілуді көкседі. Сондықтан да болар, ықылым заманда-ақ жауын мұқалту үшін алыспақ (белдесу, күресу, жұдырықтасу) және атыспақ (мылтық, найза, семсерлесу, қылыштасу, найза шаншу, тас ату) сияқты ойындарға машықтанды. Алайда ақкөңіл, қонақжай, ақынжанды Алаш ұрпағын талай ғасырлар бойғы отарлық саясат басып жаншыды, сағын сындырды. Тілін кесіп тастаған халықтың үні қалай шықсын, өнері, спорты қайдан алға жылжысын, қайтіп дамысын? Ауыл спорты тұншығып, өзге елдердің спорт түрлеріне таңдай қағуға тура келді. Қашанда спорт дегеніміз – жасампаздықтың символы. Жаратылысында табиғатпен тікелей араласып таудан – өрлікті, судан – тазалықты, жерден – төзімділікті, аспаннан – асқақтықты мирас етіп алған халқымыз ендігі кезде жан қинамаса, тер төкпесе, спорты дамымақ емес. Өркениетті елдердің бәрі де спортқа араласу арқылы жігерлі, шат қимылдап, алға озуда. Суда жүзу, теннис, конькимен жүгіру тәрізді спорт түріне әу бастан қырымыз жоқ, ал асық атып, доп лақтырып, ләңгі теуіп, жілік сындырып, көкпар тартып өскен ұрпақ күрес пен жұдырықтасуды (боксты) ешқашан жатырқаған емес. Қайбір ауылға барсаңыз да желаяқтар табылады. Сондай-ақ екі доңғалақты көлікке көсілте мініп, көшенің шаңын шығаратын балалардың ішінен небір жүйріктер, велоспортшылар шықпасына кім кепіл? Тегімізде мықтылық бар, бірақ жас буынды жеңіл атлетикаға баулитын маман кадрлар ауылға жетпейді. Палуандар сайысына арналған боз кілем төселген бөлме түгілі көп жерлерде баскетбол, волейбол, футбол ойнайтын алаңдар да жасақталмаған. Мәдени орталықтарда, ауылдағы клубта да спортзалдары бар, алайда олардың бәрі бірдей жұмыс істемейді. Өйткені спортзалдарындағы жуынатын және шешінетін бөлмелер толық жабдықталмаған. Сондай-ақ ауыл мектептерінде ядро мен диск, найза (спорттық снаряд), футбол, баскетбол, волейбол ойнайтын доптар, биіктікке секіру мен сырықпен секіруге арналған жабдықтар барлық уақытта бола бермейді. Жалпы спорт құралдары қымбат тұрады. Күрес кілемі – 1,5 миллион теңгені құрайды. Ғимараттар тар болғандықтан жаттығатын қолайлы зал да бола бермейді. Көктем сайын ГТО нормативтерін тапсыру ісі де жүйелі түрде жолға қойылмайды. Хоккейге қажетті кешенді спорт жабдығы тым қымбат тұратындықтан әлі күнге дейін хоккей таяқшасын қолдан жасап алып жүрген ауыл балалары бар. Қара қатқақ суықта, қарлы боранда, аптап ыстықта, аңызақ далада өскен балалардың бойында күш-қуат мол, қандай сынға да төзімді. Өкініштісі, сондай жас буынды тәрбиелеу, дұрыс бағыт беруде кем-кетік тұстар өте көп. Содан, әлеуметтік әрі мәдени жұмыстардың жолға қойылмауынан жастарымыз тасқындаған қайраттарын қайда жұмсарын білмейді. Күнкөрістің, күйбең тірліктің қамымен біреулері базарда арба сүйресе, біреулері қара күшін сатып, жалдамалы еңбекке жегіліп жүр. Ал спортшы жігіттердің арасында бұзақылықпен, қарақшылықпен, күзетшілікпен айналысатындары қаншама?! Ұлт саулығы – стратегиялық тұрғыдан өте маңызды мәселе. Жастардың спортпен айналысуына жағдай жасалса, жасөспірімдер арасында қылмыс азайып, темекі шегу, нашақорлық сияқты жат қылықтарды жоюға мүмкіндік туатыны сөзсіз. Бүгінде ауыл спорты аса жоғары деңгейде дамыған деп айта алмаймыз. Байыптап қарасаңыз, ауылдан шыққан спортшылардың көбісі – күрес түрлерімен және бокспен айналысатындар. Қазіргі таңда бұрынғыдай үлкен спорттың есігін өте кеш ашып, жоғары жетістікке жету мүлде мүмкін емес. Қазір ауыл балаларына спорттық мектеп-интернаттар мен дарынды балаларға арналған спорт мектептеріне ауыспаса, өз қабілеттері мен мүмкіндіктерін жүзеге асыру  қиын. Математикалық ықтималдығы шектен тыс аз. Шыны керек, бүгінде ауылдан шыққан чемпиондар азайып келеді. Тек арнайы спорттық мектептерге жолы түскендер мен бағы жанып қабылданғандар ғана хас шеберлер қатарына қосыла алады. Сондықтан әрбір ауылда бір спорт үйірмесі (секциясы) жұмыс жасап тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Әр халықтың мықтылығы мен тектiлiгiн, мәдениетi мен мiнез-құлқын танытатын ұлттық ойындары болатыны белгiлi. Соның iшiнде жалпы ережесi қалыптасып, жарыс күнтiзбесiне енiп, бұқаралық сипат алғаны қаншама? Соңғы кезде ұлттық спортқа көңіл бөлініп жүр. Ауыл баласы ат спортына икемді келеді. Әсіресе әр облыстарда қыз қуу, аударыспақ, көкпар, теңге алу сияқты түрлері қолға алынуда. Қазақ күресі де қанат жайып келеді. Қазір елімізде спорттық кешендері бой көтеруде. 2011 жылы өткен Азиада ойындарының арқасында көптеген нысандар салынып, қолданысқа берілді. Алматыда әлемдік деңгейдегі трамплин кешені, Астанада мәнерлеп сырғанауға арналған мұз айдыны, тағы да басқа спорттық ойындарға лайықталған орындар бар. Осы нысандар пайдалануға берілген кезде Елбасы Н.Назарбаев: «Бұлар бос тұрмауы керек. Мұнда қазақ балалары салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануы керек. Спорт нысандары бәріне қолжетімді болу керек» деген болатын. Алайда бұл сөз орындалып жатыр ма? Былайғы қарапайым жұрт спорт кешендеріне балаларын бере алмайды. Өйткені олар ай сайын қомақты ақша талап етеді. Ал ынтасы бар баласын спортқа баулиын десе, қалтасы көтермейді. Талай ата-ана ақшаның қолбайлаулығынан спортқа талабы бар баласын ақылы кешендерге бере алмауда. Еліміздің көптеген ірі шаһарларында жекеменшік спорттық кешендер де бар. Бұл жеке кәсіпкерлер үшін – ақшаның көзі. Мәселен, Алматы қаласындағы Абай мен Розыбақиев көшелерінің қиылысындағы соңғы заманауи үлгімен салынған Тұңғыш Президент қоры спорт кешенінде спорттық ойын түрлерінің бәрі бар. Ата-аналардың айтуынша, бағасы да аса қымбат емес. Алайда спорт үйірмелерінде әлі де қаракөздеріміздің саны аз. Спорт секцияларының бағасына келсек, расында да қала жұртының қалтасы көтерерліктей екен. Соңғы кезде мемлекет тарапынан жастар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында облыс орталықтары мен қалаларда арнайы кешендер салынып жатқаны анық. Алайда бұл игі шара шалғайда жатқан елді мекендерге әлі жете қойған жоқ. Соның салдарынан ауылды жердегі жастар мен жасөспірімдер екі қолдарын қайда сыйғызарын білмей дал. Егер оларды жастайынан спортқа тәрбиелесек, еліміздің атын әйгілі ететін қаншама саңлақтар шығатыны күмәнсіз. Тіпті ауылдағы азын-аулақ жұмыс істеп тұрған секцияларда тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер шетел тұрмақ, басқа облыстағы, қаладағы спорт сайыстарына қатысу мүмкіндігінен қағылып жатады. Себебі көбінесе өз қаржысымен баруға тура келеді. Алайда баланың жолақысын, жатын орнын, басқа да шығындарын ауылды жерде тұратын отбасының қаржылық әлеуеті көтере бермейді. Сөйтеді де, бағы мен бабын сынайтын сайыстарға бара алмаған жас спортшының сағы сына береді. Міне, Үкімет осындай әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын мейлінше көбірек созғаны жөн. Шенді-шекпенді ағалардың немқұрайдылығы, спортқа тарту, баулу деңгейінің артпауынан, ауыл спорты базасының құрылмауы немесе қажетті деңгейде еместігі салдарынан ауыл балаларының спорт түрлеріне тартылуы айтарлықтай емес. Маман пікірі    Амалбек ТШАНОВ, республикалық спорт колледжінің директоры: – Елбасы еліміздегі спортты дамыту жөнінде жиі айтады. Оны орындау – Үкіметтің ісі. Әсіресе ірі ауылдық жерлерде спорт клубтарын ашу қажет. Бұл – бір, екінші мәселе – ауылға баратын спорт мамандарына жолақысын беру, пәтермен қамтамасыз ету, дұрыс еңбекақы төлеу секілді шараларды жүзеге асыру керек.  Кеңес заманында осы мәселе жақсы жолға қойылған еді. Соны жандандырған жөн. Өйткені жас маманды ынталандыру керек. Біз спорт колледжінің ішінен мектеп- интернат аштық. Оған келушілердің 95 пайызы – ауыл балалары. Өкінішке қарай, қалаларда спортпен айналысатын алаң қалмаған. Бәрі сауда орындарына, дүкенге айналды. Кеңес заманында құрылысшыларға үй салғанда, соның маңынан міндетті түрде шағын спорт алаңын салып беру талап етілетін. Бұқаралық спортқа деген көзқарас сондай еді. Алдағы уақытта осы мәселені де ескерген жөн. Амангелді СЕЙІТХАН, спорт журналисі: –   Бұқаралық спортты дамытудың бірнеше жолы бар. Ең бастысы – жер-жерде балалар спорт мектебін ашу. Мамандарға қомақты жалақы тағайындау қажет. Өйткені олардың еңбегі тегін болмауы тиіс. Сондай-ақ ауыл спартакиадасын қайта дамыту үшін жер-жердегі әкімдердің, мектеп, мекеме басшылары атсалысуы, өз ұжымдарын соған қатыстыруы керек-ақ. Сонда ғана іс-шара нәтижелі болмақ. Тағы бір мәселе, бұқаралық спорт белгілі бір мереке қарасаңында ғана ұйымдастырылып, сосын ұмыт қалмауы тиіс. Бұл жерде ерекше айта кетер мәселе – бұрыннан келе жатқан ерікті спорт қоғамын жандандырған жөн. Ауыл спортын дамыту бағытында ақырындап болса да жұмыстар атқарылып жатқанын жоққа шығаруға болмас. Десе де, ауыл-аймақтарда бұқаралық спорттың кең қанат жайып, онымен ауылдықтардың жаппай айналысуға көшкенін көре алмай отырмыз. Спорттан көшбасшылық тізгінін қолдарында ұстаған дамыған елдерде бұқаралық спортпен айналысатындар саны 30-40 пайызды құрайды. Мысалы, Қытай елі соның нақты дәлелі. Бұқаралық спорт кереметтей дамуы үшін онымен айналысатындай спорттық базалар, кешендер мен мектептер, жас балаларды спортқа баулитын білікті мамандар жеткілікті болуы тиіс. Сосын спортты дамыту қомақты қаржы салуды қажет етеді. Егер өңір басшысы тарапынан бұқаралық спортты дамытуға оң пейіл, дұрыс көзқарас танытылса, онымен айналысатындардың арасында қарадомалақтарымыз көптеп табылары хақ. Тек оларды бұлақтың көзін ашқандай іздеп тауып, шеберлігін шыңдап, баулып-баптап, аламан бәйгеге әкеліп қосу керек. Егер ұлттық мамандарды даярлауға баса назар аударсақ, ұлттық спорт түрлерінің де жанданары сөзсіз. Сонау Кеңес дәуірінде «Былғары қолғап», «Шайбалы хоккей» сынды жас балаларға арналған турнирлер мектеп, ауыл, аудан, облыс, республика көлемінде жиі-жиі өткізіліп тұратын еді. Қазір соның бәрі құрдымға кетіп, бұрынғы күнімізге зар болып қалдық. Оған қит етсе «ақша жоқтығын» алға тартып, ауыздарын қу шөппен сүртіп шыға келетіндер кінәлі. Ауылдық балалардың басым көпшілігі қазақ күресі, еркін күрес, бокс сынды жекпе-жек түрлеріне ынтызар болса, керісінше, қысқы спорт түрімен айналысуға құлықсыз. Қысқы спорт түрлерін насихаттаудың кемшіндігі, сол спорт түріне ынталандыратындай білікті балалар жаттықтырушыларының жетіспеушілігі кері әсер ететін сынды. Оларды командалық спорт түрлерімен айналысуға жұмылдыру үшін спорт мектептері мен ашық, жабық спорт кешендерін, мұз айдындары мен хоккей қорапшаларын ауыл-ауылда, аудан мен облыстарда көптеп салу керек. Өйтпейінше айналысатын спорттық базасы жоқ ауыл мен аймақтан дода бұзар саңлақ спортшының шығуы екіталай.

Сержан Ізберген

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *