1-ші желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін еліміз биыл оныншы рет мемлекеттік мейрам ретінде атап өткелі отыр. Жалпы, президент институтына деген мұндай құрмет кездейсоқ емес. «Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп. Оның мәнісі — тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз», — дейді хакім Абай үшінші қарасөзінде. Кезінде парламенттік басқаруды үнемі қолдап жүрген социалист Франсуа Миттеранның 1981-95 жылдары Франция президенті қызметін атқарған мерзімінен соң, мемлекет басқару ісінде президенттік институттың орны ерекше деп бағалағаны әрі оны мойындағаны да бар. «Демократия аралы» деп есептелетін көршілес Қырғыз мемлекетінің де Президент билігін жақтап, Конституциясында бекітуі көп жайдан хабар берсе керек.

Негізі президенттік  институт өзінің бастауын америкалық саяси жүйеден таратады. Ал «Президент» термині ерте кезден бар, ол латынның «praesidens» сөзінен шыққан, тура аудар­масында «алдыда отырғандар» дегенді білдіреді. Ертеректегі дүниеде кіріспе сөз сөйлегендерді президент деп атаған, бы­лайша айтқанда, түрлі жиналыстардың төрағаларына осындай атауды берген. Бұлар өз лауазымына міндетті түрде көпшілік дауыспен сайланып отырған. Осылай сайланып қойылған көсем нақты саяси міндеттер мен қолындағы қорлардың мүмкіндігіне қарай ықпал ету құралдары мен жолдарын өзі таңдауға мүмкіндік алған. Ол құралдар – заңды жария билік құзыреті, материалдық, қаржылық және басқа да қорларды жұмсау мүмкіндігі, мемлекеттік ап­парат, көтермелеу және мәжбүрлеу құралдары, әрине, заң болып табылады. Бұған қоса, жеке тұлға ретінде ықпал ету мүмкіндігі бар. Бұл ретте көсемнің абыройы да негізгі ұғымдардың бірі болуға тиіс. Осы орайда саяси көсемнің өзінің қадірін өзі қалай бағалап, түсінуі, саяси мінез-құлқына әсер ететін тілек-талаптары мен құштарлығы, аса маңызды сая­си сенім — ұстаным жүйесі, саяси шешімдер қабылдау стилі, басқа адам­дармен қарым-қатынас дағдысы, қауіп-қатерге шыдамдылығы – жеке тұлғаның ықпалдылығын анықтайтын ерекше си­паттар болып табылады. Көбінесе, елде болып жатқан қандай да бір саяси проце­стер, құбылыстар мен оқиғаларды қалың бұқара саяси көсемнің есімімен байла­ныстыратыны сондықтан. Түптеп келгенде, мұның бәрі дамудың дара даңғыл жолына кейінде түскен мемлекеттерде де президент институтының енгізілуіне түрткі болды. Мұның өзі саяси жүйелердің дамуында әмбебап заңдылық бар екенін көрсетеді.   

Өткенге зер салсақ, 26  жыл  бұрын  Қазақстан  Республикасының  екінші Конституциясы бүкілхалықтық референдуммен мақұлданып, біз мемлекетті басқарудың президенттік жүйесіне қадам бастық. Оның себебі де жоқ емес еді. Ата Заңды дайындауға мол тер төккен академик Салық Зиманов тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында билік тұтқаларының текетіресі кесірінен, әрі сыртқы-ішкі «үрит, соқ» күштердің желпуімен бір бүтін елдің екіге бөліне жаздағаны туралы айтады. Мәселен, Ертістің оң жағалауы сол жағалауына көз алартса, Жайық казачествосы шпорларын сартылдатып, Оралдың көшелерін шаңдатып жатты. Нақ осы кездері қазақстандық бір топ депутат Мәскеуге жиналып, өз алдына көлеңкелі үкімет пен Қазақстанның аумағын  бөлшектеуді  көздейтін  ірткі салушы қозғалыс құруға бастама көтергендері жайлы бұқаралық ақпарат  құралдарынан  белгілі  болды  және олар тарапынан  Президентті  қызметінен  кетіру,  Қазақ үкіметін  таратып жіберу,  жергілікті  өзін-өзі  басқару  құқығына  ие  болу  арқылы  солтүстік облыстарды Ресейге беру жөнінде талаптар қойыла басталды. Мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу қажеттілігінің осындай сын сағатында С.Зиманов ел басқару жүйесін бір ізге салу керек болғандығы, оның ең тиімді жолы тікелей президенттік билікті орнықтыру екендігі жөніндегі өз ойларымен баспасөзде бірнеше мәрте бөліскенін, «Бізге диктатураға мүлде жат, күшті президенттік билік керек» деген тақырыппен арнайы мақала да жазғанын тілге тиек етеді. Жалпы алғанда, сол кез ұлттық мүдделерді аяқасты еткісі келгендердің қарқынын қайтару үшін мол күш-жігердің қажет еткенін айтқан жөн. Нәтижесінде, 1990 жылы 24-ші сәуірде Жоғарғы Кеңес Қазақ ССР Президенті деген лауазымды бекітті және Парламент сессиясында жасырын дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сай­ланды.

Бұл үлкен тарихи шешім. Өйткені, президенттіктің демократиялық мәнін көрсететін аса маңызды факторлардың бірі оның сайланып қойылатынында. Осыған байланысты әлемдік сарапшылар ең басты ерекше белгі «биліктің қызмет ету қабілеті… Президенттің заңдылығы барлық жер­де жалпыхалықтық дауыс берумен айқындалады» — деп атап көрсетеді. Осынау талапқа толық сай келу үшін 1991 жылғы 1-ші желтоқсанда елімізде президент сайлауы болды. Алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дауыс берушілердің 98,7 % дауысына ие болып, тұңғыш Президент атанды. Сөйтіп, ел мүддесіне қатысты барлық жауапкершілікті Нұрсұлтан Назарбаев өз мойнына алды. Қазақстанның тағдырын өз қолына алған ұлт көшбасшысы дәл сол жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін бүкіл елге жариялау бақытына ие болды. Ол тәуелсіздік сыйлаған тұлға ретінде де құрметке ие. Себебі ата-бабаларымыздың ұлы мақсаты тәуелсіздік алу болды.

Иә, ұлттық мүдде – мазмұны мен ауқымы мейлінше кең ұғым. Ұлттық мүдде міндетті түрде қорғалуы керек. Осы ретте, ұлтты ұшпаққа шығаратын азамат, ұлтқа шым тереңнен ойлайтын, тым қияннан болжайтын тұлға қажет десек әсте қателеспейміз. Бірер мысал. Алып Қытай жол айрығында абдырап тұрғанда ұлтын Дэн Сяопинь бастап, халқын қазір АҚШ-пен иық тірестіріп, Жапонияны және Германияны экономика жағынан көп артқа қалдырып отыр. Үндістан Ұлыбританияға жалтақтап қалғанда Махатма Ганди басын бәйгеге тігіп шықты. Ең демократияшыл деп саналатын Америкада Франклин Делано Рузвельт президенттікке қатарынан төрт мерзімге сайланса, Шарль де Голь есімі Франция тарихында мәңгілікке жазылып қалды. Түркия елінде Мұстафа Кемаль Ататүрік, Сингапурда Ли Куан Ю болып, әлемде осындай біртуар ұлт тұлғаларының есімдері жалғасып кете береді.

Ал біз Тәуелсіздікті ұлтымыздың адал перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырамыз. Мұны жүрегінде иманы мен аузында тәубесі бар әр адамның мойындары хақ. Әрине, көпшілік болған соң түрлі мінезді адамдар болады, оның үстіне адам пенде жақсылыққа бойын тез үйретіп, бола түскен үстіне бола түссе дейді емес пе. Тіпті кейбір адамдар елдің өмірі мен тыныс-тіршілігінде жақсылықтардың қандай күшпен келіп жатқанына мән бергілері келмейтін секілді. Шындығында, егер кешегі бен бүгінгіні шынайы салыстыра білетін адам болса, көбірек шүкіршілік етер еді. Ал, сол шүкіршілік дегізетін нәрселердің артында Тұңғыш Президентіміздің тәулік бойы тынбастан еңбек жасап, ел тағдыры үшін мойнына тарихи жауапкершілікті жүктеп отырғанын, тіпті кез-келген ықтимал қауіп қатерді халқынан бұрын өзіне қабылдауға белін бекем буып, басын бәске тіккенін екінің бірі біле бермейді.

Мәселен, Мәскеудің ызғары қайта қоймаған сонау жылдары Назарбаев Кремльдегі саяси бюроның шешіміне мойынсынбай Семей ядролық сынақ полигонын біржолата жауып, орасан зор ерлікке пара-пар қадам жасады. Сәл кейін ядролық қарудан толықтай бас тартты. Сол кезде қазақтың даласында дүниежүзіндегі ядролық қару-жарақтың бестен бірі орналасып, оның қуаты жер бетінің кез келген нүктесіне еркін жететіндей хәлде еді әрі тауын үгітіп, әрбір тасын құмға айналдыратындай жойқын күшке ие болатын. Сондықтан, «Ядролық қаруды уыстан шығармау керек», «Бүгіндері тек мықтылармен ғана есептеседі», «Келісім-шарт жасасып, ядролық қаруды өзімізде қалдырайық», «Ядролық қаруды алпауыт мемлекеттің біріне берейік», деген тәрізді іштегі небір ақылшылармен қатар, Батыстың, әсіресе АҚШ басшылығы тарапынан Қазақстанға ядролық қаруды жоюды талап еткен ұсыныстар жеткілікті болды. Алайда, Н.Назарбаев өзіне ғана тән ерекше саяси көрегендікпен еліне, жеріне шапағаты молынан тиетін сындарлы да салмақты шешім қабылдады және де оны өзгелерге мойындатты. Осылайша Қазақстанды бейбіт өмірдің символына айналдырды, ал БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстан үлгісіне әлемді шақырамын деп ашық мәлімдеді. Сөйтіп Қазақстанның халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жетті. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне ТМД елдерінен бірінші болып сайлануы соның жарқын көрінісі деуге болады.   

Тұңғыш Президенттің әлемдік деңгейдегі осы салиқалы саясаты түптеп келгенде елін, жерін, бейнелеп айтсақ, «сырттағы жаудан және іштегі даудан» қорғаштай отырып, халқының әл-ауқатын жақсартуға қажетті деген барлық дерлік іс-шараларды жүзеге асыруға зор септігін тигізгенін айтқанымыз жөн. Соның арқасында Қазақстан өз дамуында маңызды жетістіктерге жетті. Еліміз нарықтық экономиканың жолына нық түсіп, ТМД кеңістігінде құрылымдық реформалар, халықаралық сауда мен инвестиция үшін ашықтық тұрғысынан көшбасшыға айналды. Тәуелсіздік жылдарының ішінде Қазақстанның ІЖӨ 16 есе артты. Бүгінде Орталық Азиядағы ірі экономикаға айналдық. Адамдардың әл-ауқаты еселеп, Қазақстан Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінің деңгейіне жетті. Ұлттық қор құрылды. Бұл қазіргі және болашақ ұрпақ үшін қалқан әрі байыпты актив. Тәуелсіздік алған тұста қазынамызда бір тиында болмаса бүгін еліміздің алтын-валюта қоры шамамен 100 млрд. долларды құрайды. Ұлттық экономиканы қарқынды индустрияландыру және сервистік өнеркәсіп құру ісі жүргізіліп отыр. Ол шикізат ресурстарына тәуелділіктен арылуға бағытталған. Теңізге шығар жол жоқ болғандықтан 15 мың шақырымнан астам автомобиль және темір жол салынды. Бұл Қазақстанға Тынық және Атлант мұхиттарына, сондай-ақ Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік берді. Нақтырақ айтқанда 3,6 мың шақырым темір жол салынды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Кеңес билігі 70 жыл ішінде ұзындығы 1 300 шақырым болатын бір ғана Түрксіб темір жолын салды. Ал бізде қысқа ғана уақыттың ішінде осынша жол салынуының өзі талай жайтты аңғартады. Сайып келгенде, Қазақстан Азия мен Еуропаны, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын маңызды транзиттік көпірге айналды. Ірі және көршілес мемлекеттермен сындарлы ынтымақтастық жолға қойылды. Ең бастысы, ұзындығы 15 мың шақырымды құрайтын мемлекеттік шекарамызды заңды түрде рәсімдедік.

Жалпы, осындай оң өзгерістерді таланттысы басшы, талаптысы қосшы болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйыса еңбек еткеннің жемісі деп қабылдаған жөн. Осы ретте Тұңғыш Президенттің журналистерге берген сұхбаттарының бірінде: «Мен кейде қарап отырып, атқарылған жұмысты көре отырып, өзіме-өзім таңғаламын. «Өз көзіме өзім сенбеймін» деген сөз бар ғой. Бұл қалай қолдан келді?! Біздің буынның атқарған шаруасы еді бұл! Елдің қолдауына, осылай жігер бергеніне ризамын!»  дегені еске түседі. Сондай-ақ, ол кісінің: «ендігі мәселе – 30 жыл ішінде жеткен орасан зор жетістіктерді төгіп-шашып алмай, молайту, сол үшін елімізге өзгерістер керек, жаңа адамдар, жаңа мамандар қажет. Жаңа тұлғаның өзгеше көзқарасы, ойлары болатыны анық деп», билік транзитін қантөгіссіз, бейбіт, демократиялық жолмен өткізгенін көптеген шетелдік сарапшылар үлгі-өнеге ретінде ұсынады. Сабақты ине сәтімен дегендей, бүкілхалықтық сайлаудың нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік лауазымға ие болған сәттен нақты үш мәселеге – дамуға, әділетке, сабақтастыққа басымдық беріп келеді әрі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» басты қағидат ретінде ұстанып, халқымыздың тұрмыс жағдайын күрт жақсартуға, Қазақ елін дамудың табан жолынан өркениеттің даңғыл жолына түсіруге барынша күш салуда.

Уақыт – таразы, ол бәрін безбендеп, адамдарды, олардың атқарған істерін де орынды орнына қойып береді. Осы ретте бір мысал келтіре кетуге болады. АҚШ әлемдегі ең алпауыт елдердің қатарына жатады. Бұл елде ақпан айының үшінші дүйсенбісі Президент күні ретінде мерекеленеді. Аталмыш мереке 1855 жылдан бері АҚШ-та жалпыұлттық деңгейде аталып өтіледі. Бұл мереке АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның құрметіне тойланады. Бізде де жыл сайын Тұңғыш Президент күні тойлана беретініне еш күмән жоқ. Бұл мерекенің тойлануының өзіндік ұлтқа берері мол. Осы мереке арқылы жас ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанның тарихын танып, ел болып қалыптасу жолында қандай тұлғаның аянбай еңбек еткенін жадында сақтауына үлесін қосады. Сондықтан аталмыш датаның Тұңғыш Президент күні ретінде тойлануы заңды құбылыс.  

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *