Қарашаның 3-і күні облыстық әкімдікте Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұхановтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров өткен мерзімде өңірде еңбек қатынастарына байланысты жұмысшылар тарапынан наразылықтардың болғандығын мәлімдеді.
Айталық, «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС-де «Баутино» жобасында (Маңғыстау облысы) еңбек етуші жұмысшылар тапсырыс беруші NCOC компаниясы басшылығы атына ұжымдық арыз беріп, онда жалақыларын 50 пайызға көтеру және карантинде болған уақыттарына орташа жалақының 70 пайызын төленуін талап еткен. Осы мәселені талқылау мақсатында аталған серіктестік басшылығы мен «Баутино» жобасындағы жұмысшылар кездесіп, онда жалақыны өсіру мәселесі тапсырыс берушімен келіссөздер жүргізу арқылы қаралатыны, ал карантинде болған уақытқа 60 пайыз орташа жалақы төленетіні туралы шешілген.
Жалпы осы жобасындағы жұмысшылармен жасақталған Ұжымдық шартта жұмыс берушіге әр жылдың қаңтар айында жұмысшылардың жалақыларын 15 000 теңгеге өсіру көзделген. Аталған талапқа сәйкес, жұмыс беруші 2017 жылдан бері жұмысшылардың жалақысын жыл сайын 15 мың теңгеге өсіріп отырған.
Еңбек инспекциясы басқармасына жақында NCOC компаниясының объектілерін күзететін «Группа Төрт» ЖШС-нің 96 жұмысшысынан ұжымдық арыз түскен. Арызданушы тарап еңбек шарттарымен белгілінген 110 мың теңге жалақыларын 100 пайызға өсіруін талап еткен. Мекеме басшылығымен кездесу барысында жұмысшыларға жалақы 110 мың теңге белгіленгенімен, түнгі, мереке күндері және үстеме жұмыстары үшін қосымша ақша төленетіні, сонымен айына орташа 200 мыңға теңгеге жуық жалақы алады.
«Группа Төрт» ЖШС-нің директоры Левон Баграмянның айтуынша, жалақыны өсіру мәселесі тапсырыс беруші компаниямен жасақталған келісім шарт 2022 жылдың қаңтарында қайта қаралатын көрінеді.
Сондай-ақ, күні бүгінге «АтырауҚұрылысЖобасы» ЖШС-де тамыз айынан бері 31 жұмыскерге 12 млн. теңге көлемінде жалақыға берешек қалыптасқан. Мекеме басшысы Марат Исағалиев бұл жағдайды мекеме есеп шотының сот шешімімен бұғатталуымен байланысты орын алғандығынмен түсіндірді. Қазір жұмысшы-қызметкерлердің алдындағы берешек бойынша ноториалдық бұйрық шығару арқылы, бұғатталған есеп шоттан жалақыны алып беру мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді.
Аталған кәсіпорын жұмысшыларынан инспекцияға келіп түскен ұжымдық арыз негізінде заңды тұлғаға әкімшілік айыппұл салынып, заңбұзушылықты жою жөнінде ұсыныс енгізілген.
Осы тектес заңбұзушылық «Казпромставба-Құлсары» ЖШС-нде орын алған. Мұнда жыл басынан бері 42 жұмыскерге 17 млн. теңге жалақы берешегі қалыптасқан. Осыдан 10 жұмысшыға 2,5 млн. теңге берешек өндірілді. Қазір 32 жұмыскердің алдында 14,4 млн. теңге жалақы берешегі қалып отыр.
Жалпы, биыл аталған кәсіпорынға қатысты түскен шағымдар негізініде мемлекеттік еңбек инспекторларымен үш рет тексеру жүргізіліп, заңды тұлғаға барлығы 525 мың теңгеның әкімшілік айыппұлы салынған.
Комиссия отырысында Махамбет аудандық ауруханасы бойынша 2020-2021 жылдарға медициналық қызметкерлерге сауықтыру төлемдерінің төленбеу себебін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайсар Абдалиев мекеменің 2020-2022 жылдарға қабылданған ұжымдық келісім шартында үнемделген қаржы көзінің болмағандығынан деп түсіндірді. Ал, денсаулық сақтау қызметкерлері салалық кәсіподағының жетекшісі Майра Кашкенованың айтуынша, бұл аудандағы емдеу мекемелері қызметкерлеріне 27 млн. теңге сауықтыру төлемдері төленбеген, денсаулық сақшылары еңбекақы төлеуде кемсітушілікке ұшыраған, бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалу фактілері де орын алған.
Исатай аудандық ауруханасында 2021-2023 жылдардағы ұжымдық шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында сауықтыру ақшасын төлеу мәселесі енгізілгені және мемлекеттік еңбек инспекция басқармасына бекітілуге жолданғандығы, сондай-ақ, медициналық ұйымдарда еңбек жанжалдары мен әлеуметтік шиеленіс тәуекелдерін анықтау және алдын алу жөніндегі мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатқандығы белгілі болды.
Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев осы жылдың қыркүйек айынан мұғалімдерге 50 проценттік қосымша төлемнің төленбеуін республикалық бюджеттен бөлінетін 2,8 млрд. теңгенің кешіктіріліп бөлінуінен деп түсіндірді. Басқарма басшысы қазір бұл қаржының бөлінгендігін, қарашаның соңына дейін берешектер толықтай жойылатынына сендірді.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы салалық бастауыш кәсіподақ ұйымдары жетекшілері қатысқан семинарында кәсіподақ белсенділері 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімнің бірқатар баптарының орындалмай отырғандығын айтып, мәселені заң тұрғысында шешуді өтінгенді. Атап айтқанда, білім ордаларындағы бастауыш әскери дайындық жөніндегі оқытушы ұйымдастырушыларға, медициналық қызметкерлерге, кітапханашыларға, әдістемелік бірлестіктердің басшыларына, есепшілерге еңбекақы төлеуде кемшіліктерге жол берілген. Бірлестік басшысы білім беру мекемелеріндегі есеп-қисап жүйесінде қаржылық тәртіптің жиі бұзылуы мамандардың кәсіби біліктілігінің төмендігінен екендігін айтып, ұсыныс ретінде аудандарда арнайы онлайн семинарлық оқулар ұйымдастыру қажеттігін жеткізді.
Комиссия отырысын қорытқан Ізтұрған Баймұханов құзырлы мемлекеттік мекемелер басшыларына жұмыс берушілерде еңбек заңнамасын бұзу, еңбекақыны кідірту, төлемеу жағдайларына жол бермеу және алдын алу, бағынысты мекемелер қызметкерлеріне Еңбек Кодексіне сәйкес үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізуді міндеттеген нақты тапсырмалар берді.

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің баспасөз қызметі, Бақытжан ЖҰМАТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *