«Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты».

(Қасым-Жомарт Тоқаев,

ҚР Президенті)

Мемлекеттік тілді еркін меңгерген жерлестеріміздің бірі – Анна Корчёмкина. Бәйтерек ауданының Сұлукөл (Чесноков) ауылында дүниеге келген ол қазір М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 2-курсында оқиды. Бұйырса, орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанбақ. 

Мектеп табалдырығында жүргеннен-ақ прозалық, поэзиялық шығармаларды оқуға құмартқан екен. Көбіне Абайдың шығармаларына үңіледі. Кемеңгердің өлеңдері мен қара сөздерін жата-жастана оқиды. Өміріне үлгі етеді. Сол себепті М. Әуезовтің «Абай жолы»роман-эпопеясы – оның сүйікті кітабы. 

Орын таппай баптанба

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз», – деп Абай өлеңін жатқа оқи жөнелгенде жаныңды тебірентіп жібереді. 

Талабы таудай студент қыз республикалық сайыстарда жүлдегер атанып, олжалы оралып жүр. Жуырда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Мен қазақша сөйлеймін» акциясында жұлдызы жанып, жеңімпаз атанды. Бұл шараға еліміздің 14 өңірінен 171 үміткер қатысқан екен. 19 этнос өкілі белгілі қазақ ақындарының туған ел, туған жер, ана тілі тақырыбындағы шығармаларын нақышына келтіре оқыған. Қазылар алқасына өз өлеңдерін ұсынған қатысушылар да болған. Аннаның айтуынша, осындай сайыстар адамның білімін тереңдетіп, көзқарасы мен дүниетанымын дамытады. Жеңіске үлкен еңбектің арқасында қол жеткізуге болады. Оңайлықпен бұйырған нәрсенің қадірі болмайтыны рас. 

Ол кез келген жарысқа қатысу үшін талмай ізденіп, үздіксіз әзірленеді. Спортшылар жаттығу залынан шықпайтын болса, ол кітапханаларды жағалайды. Әрбір алған жүлдесі қазақ тілін әлі де тереңірек меңгеруге деген құлшынысын арттырып, ынта-ықыласын оятады. Республикалық додаларда басқа облыстардан келген қатысушылармен танысып, дос та табады. Олардың жарыс барысындағы қателіктерін қайталамауға тырысады. Тәжірибе алмасады. 

Арманы биік Аннамен сұхбаттасқан сәттерде оның қазақша еркін әрі таза сөйлейтінін көріп, шын сүйсіндік.

– Осыдан біраз жыл бұрын жазғы демалыс кезінде Володар ауылына нағашыларыма бардым. Ол кезде мен қазақша білмейтін едім. Сонда нағашы атам: «Сен Қазақстанда тұрасың, қазақ тілін қалай білмейсің?» – дегенде ойланып қалдым. Сол кезден бастап тіл үйренуге бел байладым. Атам маған мемлекеттік тілді асқан ыждағаттылықпен үйрете бастады. 

Бірде атам тележүргізуші Майя Веронскаяны көрсетіп, «Қарашы, сен сияқты сары шашты орыс қызы қазақша сайрап тұр. Сен де ертең-ақ осылайша тіл үйреніп, ел мақтанышына айналасың, жарығым. Өзіңді күні ертең теледидардан көріп, мәз боп отыратын күнге де жетерміз», – деп жігерлендіргені әлі есімде. Осы сөзден соң қазақ тілін міндетті түрде үйренемін деп шештім. Сөйтіп, 5 жасымнан бастап тіл үйрене бастадым. 

Ата-анам үнемі таңертеңнен кешке дейін жұмыста жүретін. Бірақ мен ешқашан жалғызсыраған жоқпын. Себебі атам телефон шалып, біраз уақыт бойы менімен тек қазақша сөйлесетін. Қазақша өлең оқытып, ән айтқызатын. Осылайша бір жылдың ішінде қазақша сөйлеп кеттім. Атам – менің алғашқы ұстазым. 

Мақсатыма жетуіме қоршаған ортамның да әсері болды. Үйімнің айналасында бірге ойнаған құрбы-достың бәрі қазақша сөйледі. Желаев ауылдық округіндегі №14 жалпы орта білім беретін мектебінде оқу да маған тың серпін берді. Менің қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығымды байқаған ұстазым Лунара Төлегенқызы байқауларға дайындай бастады. Екі жылға жуық уақыт бойы әзірлік жұмыстарын жүргіздік. 6-сыныптан бастап кіші олимпиадаларға қатыса бастадым. Қалаға келгеннен кейін де қазақтілді таныстарым көбейе бастады. Орал қаласындағы №20 жалпы орта білім беретін мектебінде оқып жүрген кезімде облыстық, республикалық  жарыстардан жүлде алып, отбасымды қуанттым. 10,11-сыныптарда оқығанда Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің алғысхатына ие болдым, – дейді кейіпкеріміз.

Қазақ әдебиетінен кімдерді оқып тұратынын, қай автор жанына жақын екенін сұрағанымызда, жоғарыда айтқанымыздай Абаймен бірге Жұбан Молдағалиевтың, Ыбырай Алтынсариннің, Мағжан Жұмабаевтың туындылары жанына жақын екенін айтты. «Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақытта қазақ ақын-жазушыларына арналған оқу, байқау көп. Соларға қалмай қатысуға тырысамын. Бірқатарынан бой көрсетіп, жүлделі орындарды иеленіп үлгердім, – дейді ол. – Университетте де көптеген сайысқа, олимпиадаларға қатысып жүрмін. Осы кезге дейін қатысқан байқауларымның арасындағы шоқтығы биігі – ұлы ағартушы, ақын, ойшыл Абайдың 175 жылдығына арналған жалпыұлттық өнер фестивалі. Себебі Мұрат Бидосовтың «Абай» сериалында Абайдың рөлін сомдаған актер Болат Әбділмановтың алдында өлең оқыдым. Бұл сәт мәңгі есімде қалмақ».

Аннамен кездескен кезде қазақ тілін үйрену қаншалықты қиын екенін де сұрадық. Ол бірінші кезекте адамның тіл үйренуге деген ниеті болуы керектігін айтты. Қиындығына қарамай тілді үйренуге талаптанған адам оңай үйренетінін де жеткізді. «Мақсат қойған соң оған жетудің жолын да ұмытпау керек» деген сөзі бізге ұнады. 

– Біздің Отанымыз – Қазақстан. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Біз тілімізді мемлекеттік Туымыздай биікте ұстап, құрметтеуіміз керек! Жалпы Отан үшін отқа түсуге қашанда дайын болған жөн деп ойлаймын. Ол үшін Отаныңды сүюің керек қой. Ал өз мемлекетіңнің тілін білмесең, Отанды толыққанды сүю мүмкін емес деген пікірдемін. Қазақша өлең, қара сөз оқып қана қоймай, қазақ халқының ізгі қасиеттерін бойыма сіңіруді де мақсат тұтып жүрмін, – дейді кейіпкеріміз.

Аудармашы болуды армандап жүрген ол жуырда Оралға келген еліміз бойынша тұңғыш синхронды аудармашы Қамал Әлпейсованың шеберлік сағатына қатысып, батасын алған екен. Болашақта түрік, ағылшын, кәріс тілдерін меңгеруді ойлап жүрген Аннаға біз сәттілік тіледік.

Марлен ҒИЛЫМХАН