«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС (бұдан әрі – АМӨЗ) және Еуропа қайта құру және даму банкі (бұдан әрі – ЕҚДБ) TAZALYQ жобасын 80 млн доллар сомасынақаржыландыру туралы келісімге қол қойды. Іс-шара маусымның 3-і күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен«Болашақтың бағдары – тұрақтылық» атты «ECOJER» Iхалықаралық конгресінің аясында өтті. 

TAZALYQ жобасы АМӨЗ ағын суларының тазарту құрылыстарын жаңғыртуды, сондай-ақ ауданы 860 гектар булану алқаптарын қалпына келтіруді көздейді.

Бұдан басқа, жоба аясында тазарту құрылыстарынақолданыстағы ашық бұру арнасының орнына АМӨЗ ағын суларын тарту үшін ұзындығы 3,5 шақырым жаңа құбыр салу жоспарлануда. Жобаға сәйкес кәсіпорында түзелетін ағын сулар жаңадан салынған механикалық, кейіннен қазіргі биологиялық тазарту құрылыстарында екі кезеңдік тазартудан өтеді. Ағын суларының бір бөлігі қайта пайдалану үшін зауытқа қайтарылады, ал қалғаныАтырау қаласында салынып жатқан тазарту құрылыстарына жіберілетін болады. Бұл өз кезегінде Жайық өзенінен тұщы су алуды азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, парник газдарының ауаға бөлінуін төмендету және атмосфералық ауа сапасына теріс әсер етуді барынша азайту бойынша бірқатар шара қарастырылған. Жобаны 2023 жылға дейін іске асыру жоспарланып отыр. Құрылыс кезеңінде 150-ге дейін жұмыс орны ашылады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ АМӨЗ міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етуге ЕҚДБ пайдасына кепілдіктер береді. Компанияда атап өткендей, жобаны іске асыру Атырау қаласының қоршаған орта ахуалын жақсартады, экологиялық таза технологиялар мен«жасыл» экономиканы дамытуға жәрдемдеседі, қала халқының денсаулығына оң әсер етіп, АМӨЗ қызметінің Атырау өңірінің қоршаған ортасына, флорасы мен фаунасына теріс әсерін азайтуға мүмкіндік береді.

Бұл ретте, ЕҚДБ қатысуы жобаға, соның ішінде экологиялық стандарттарға ең жоғары талаптарды қояды.Жоба ЕҚДБ Экологиялық және әлеуметтік саясатына сәйкес келуі тиіс. Қажетті бағалаулар мен зерттеулер жүргізу, экологиялық және әлеуметтік басқару жүйелерін енгізу, жобалық шешімдерді әзірлеу кезінде Еуропалық одақта қабылданған қолжетімді ең озық технологияларды қолдану талап етіледі.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ туралы:

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстанның тігінен интеграцияланған жетекші компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау, өңдеуден бастап, тасымалдауға, өңдеуге және мамандандырылған қызмет көрсетуге дейінгі барлық өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. Компания 2002 жылы құрылып, Қазақстанның мұнайгаз саласындағы мемлекеттің мүддесін қорғайды.

ҚМГ-ның негізгі активтері: 

Барлау және өндіру: Өзенмұнайгаз (ӨМГ) — 100%, Ембімұнайгаз (ЕМГ) — 100%, Қазақтүрікмұнай (ҚТМ) — 100%, ҚазМұнайТеңіз — 100%, Өріктау (ӨО) – 100%, Маңғыстаумұнайгаз (ММГ) — 50%, Қазгермұнай (ҚГМ) — 50%, Қаражанбасмұнай (ҚБМ) — 50%, Қазақойл Ақтөбе (ҚОА) — 50%, ПетроҚазақстан (ПҚИ) — 33%, Теңізшевройл (ТШО) — 20%, Қарашығанақ (ҚПО) — 10%, Қашаган – 8,44%.  

Мұнай мен газ тасымалдау, газ маркетингі: ҚазТрансОйл — 90%, Қазақстан-Қытай құбыры (ҚҚҚ) — 50%, МұнайТас — 51%, Batumi Oil Terminal — 100%, Каспий Құбыр Консорциумы — 20,75%, Қазақтеңізкөлікфлоты — 100%, ҚазТрансГаз — 100%, Интергаз Орталық Азия — 100% , Азия Газ Құбыры — 50%, ҚазТрансГаз Аймақ — 100%, Бейнеу-Шымкент Газ Құбыры — 50%, ҚазРосГаз — 50%.

Өңдеу: ПМХЗ — 100%, АМӨЗ – 99,53%, ПҚОП – 49,72%, KMG International — 100%, Петромидия – 54,63%, Вега – 54,63%.