Тек Атырау өңіріне ғана емес, бүкіл Қазақстанға экономикалық күш беріп отырған Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағына барып, мекеменің Бас директорының орынбасары Сүлейменов Еркін Борисұлымен еркін түрде сұхбат құрдым. Еркін Борисұлы зауыттың әлеуеті мен әлеуметтік жағдайларға қаншалықты көңіл бөліп жатқандығы жөнінде баяндап берді. Әңгіме барысында мекеменің экологияға да көңіл бөліп жатқаны белгілі болды.
– Карантин шаралары зауыттың өнімділігіне қалай әсер етті?
– Карантиндік шаралар кезеңінде мұнай өнімдерін өндіру мен зауыттың өнімділігі төмендеген жоқ. Зауыт әдеттегідей штаттық режимде жұмыс жасады. Ай сайынғы жоспарланған тауарлық мұнай өнімдерінің көлемі уақытылы тұтынушыларға жеткізілді.
– Өткен жылғы жөндеу жұмыстары қалай жүрді? Одан кейін мұнай өнімдерінің сапасы өзгерді ме?
– Жасалған жөндеу жұмыстары бекітілген профилактикалық жоспарланған кестеге сәйкес жүргізілді. Барлық жөндеу жұмыстары жоспарланған кесте бойынша еш ауытқусыз, өз уақытында орындалды. Қәзіргі таңда технологиялық қондырғылар іске қосылған, өндірілетін өнімнің сапалық сипаттамалары техникалық шарттарға сай.
– Қазір зауытта қанша қызметкер бар? Оларға әлеуметтік пакеттер ұсыныла ма?
– Қазіргі кезде зауыттағы қызметкерлер саны – 1676.
Ұйымның әлеуметтік саясаты еңбек ұжымын тұрақтандыруға және әр жұмысшыға деген қамқорлыққа бағытталған. Серіктестік өз жұмысшыларына «АМӨЗ» ЖШС жұмысшыларын әлеуметтік қорғау ережелеріне сай» ауқымды әлеуметтік пакет құрамына енетін жеңілдіктер мен өтемақылармен қамтамасыз етіп келеді.
Олардың ішіндегі маңыздылары ретінде төмендегілерді атап көрсетуге болады:
– денсаулық жағдайы бойынша еңбек қызметін жалғастыру мүмкіндігінің жоқтығынан еңбек шартын бұзу кезіндегі біржолғы төлем;
– зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін еңбек шартын бұзу кезінде біржолғы төлем (еңбек шартын бұзу күні мен зейнеткерлік жасқа толған күннің арасындағы мерзімге қарамастан);
– жерлеуді ұйымдастыруға арналған материалдық көмек;
– жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына материалдық көмек;
– қызметкердің бастапқы некелесуіне байланысты материалдық көмек;
– бала тууылуына (ұл бала асырап алу, қыз бала асырап алу) байланысты материалдық көмек;
– қызметкердің 50, 60 жасқа толуы кезіндегі мерейтойына материалдық көмек;
– қызметкерлердің қатарынан бір айдан астам еңбекке жарамсыздық бетшесінде болуы кезінде уақытша еңбекке қабілетсіздік жөніндегі жәрдемақыға қосымша төлем;
– басқа жағдайларда «Атырау МӨЗ» ЖШС-і Басқармасының шешімі бойынша материалдық көмек;
– екіқабаттыққа және босануға байланысты табысын жоғалтқан жағдайда әлеуметтік төлем сомасын шегере отырып, орташа жалақы есебінен екіқабаттық және босану жөніндегі демалысқа төлем;
– ақы төленетін әлеуметтік демалыстер беру;
– ыстық тағаммен қамтамассыз ету;
– өндірістен қол үзбей жоғары оқу орындарында, магистратурада оқитын қызметкерлерге жеңілдіктер;
– қызметкерлер балаларының жазғы демалыс құнын ішінара өтеу;
– медициналық сақтандыру;
– тұрғын үй мәселелерін шешуге жәрдемдесу.
– Санитарлық қорғау аймағындағы жұмыстар жөнінде айтсаңыз.
– Атырау мұнай өңдеу зауытының санитарлық қорғау аумағында 224,7 гектар жерді көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда 126 270-ға жуық ағаш (қарағаш, шаған, үйеңкі, жыңғыл, үйіңкі тал) отырғызылды. Соның ішінде баса айтатын ағаш түрі әлем бойынша ең тез өсетін «павловния» деп аталатын ағаш түрлері отырғызылды.
– Әлеуметтік желі, мессенджерлерде қаншалықты белсендісіздер?
– Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған зауыт жөніндегі ақпараттарды мамандарымыз әрдайым бақылауға алып, қойылған сұрақтарға толықтай жауап беріп отырады. Сондай-ақ кері байланыс ретінде қоғам белсенділерімен, экологтармен дөңгелек үстел, конференция, онлайн бейне-конференциялар және зауыт аумағына экскурсиялар өткізіліп тұрады.
– Экобелсенділер қала күніне орай Балықшы саябағында отырғызылған жеміс талдарының күтімі 5-10 жылға дейін мұнай, газ саласындағы ірі компанияларға жүктелсін деген болатын. Солай болып жатыр ма?
– АМӨЗ ұжымы «Атырау қаласының таза ауасы» экологиялық ауқымды жобасына қатысты. Зауыт қызметкерлері жасыл желектің жетіспеушілігі сезілетін Сарықамыс шағын ауданындағы Жастар көшесінің бойына 900-ге жуық қарағаш талын отырғызды.
Экологиялық іс-шараларға ат салысу кәсіпорын үшін дәстүрге айналған.
Зауыт ұжымы алғаш болып, аталмыш көшені көгалдандыруға ниет білдіріп, қазан айынан бастап тал егумен айналысып, оларды күту жұмыстарын жалғастыруда.
Бұдан басқа, кәсіпорын қызметкерлері қалалық және республикалық Экологиялық акциялардың белсенді қатысушылары болып табылады, ал зауыт тұтастай алғанда өңірдегі табиғат қорғау қызметі процесіне терең мән береді.
– Сұхбатыңызға рақмет, Еркін Борисұлы!
Сұқбат құрған – Е.Серік