атыраулық ұстаз Қаламқас Құмарованың өнеге өмірі

Әрине, ұстаз үшін жас ұрпаққа өзінің берген білігінің игі нәтижесін көруден артық, елге танымал шәкірттері жайлы көңіл қуантарлық лебіздер естуден  асқан мақтаныш бола қояр ма екен, сірә. Атырау қаласындағы №19 Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің байырғы мұғалімі Қаламқас Құмарова жаңа бір жаңалықты естігенде жаны тебіреніп, төбесі көкке бір елі жетпей шалқып, тасып қуанғаны бар.

Жоғары оқу орнына түсу үшін білім сынағында бақтарын сынап, тест тапсырғандар арасынан өзінің бастауыш сыныптарда ең алғаш қолға қалам ұстатып, әліппені жаттатқызған, бойына білім негізін сіңірген оқушысы Дәурен Қарасаевтың өзгелерден оқ бойы озып шығып 137 балл жинағанын естігенінде болмысынан елгезек Қаламқас қалай қуанбасын?! Екі етек, бір жең болып, мектептегі әріптестерінен сүйінші сұрап, мәре-сәре күйге түсіп еді-ау. Осыған ұқсас жүрекке жылылық нұрын құйған тағы бір әңгімені шәкірті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтаров Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры болып қызмет істеп жүрген кезінде айтып келіп, көңілін шаттандырған еді. Ол Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Кәрімовпен кездесіп, өткен-кеткенді сөз етіп отырғандарында әліппені зерделеріне құйған  ұстаздарын ойларына оралтпай ма? Сонда Марат аққұба жүзі шырайланып:

– Менің алғашқы ұстазым кім дейсің ғой, ол Қаламқас Құмарова апай. Тек саған ғана емес, маған да сабақ берді. Білікті, тамаша мұғалім. Аман-сау ма өзі? – деп сұрапты.

Екеуі Қаламқас апайларын қосыла мақтаса жөнеліпті. Құдайға шүкір, Қаламқас Нысанқызында мұндай айрықша мақтан тұтатын айтулы шәкірттері бірлі-екілі емес, ондап саналады.

Иә, өзі бір кезде өзіне тәлім-тәрбие берген ұстаздарын сыйлап, дәріптесе, енді ол зердесін ашқан сол ардақтыларымен қатар өз шәкірттерін де мақтан ететін дәуренге жетті. Біле білгендер мұны өмір заңы деп ұғынады. Өте орынды. Өткен ғасырдың бесінші он жылдығымен қоштасар тұстағы желтоқсан айының үшінші күнінде дүние есігін ашқан Қаламқас Құмарова Ақ Жайық өзенінің теңізге құяр сағасындағы өз кіндігі кесілген Еркінқала ауылындағы мектептің 5-сыныбын бітіргеннен кейін үй іші жағдайына орай орта білім алу үрдісін Махамбет ауданындағы Сарытоғай мектебінде жалғастырды. Еркінқалалық ұстазы Қомпақай Жолдыбаев, сарытоғайлық ағайлары, Қазақ КСР-ына еңбегі сіңген мұғалімдер Қарабай Қалыбеков, Төлеуғали Қашаубаев сынды жас ұрпақты тәрбиелеуші білімдарлардай болсам деген арман мен мақсат оны бас бұрғызбай алға жетеледі. Мектепті үздік бағамен бітіргеннен соң  сол мүдде үдесінен шығуға бірден мойын бұрды. Педагогикалық білімнің алғашқы сатысын алғаннан кейін жолдамамен әуелі М.Горький (Тұщықұдық ауылындағы қазіргі  Ж.Мырзағалиев) атындағы, оған жалғас өзі он жылдық білім алған Сарытоғай, кейін Атырау қаласындағы Құрсай мектептерінде бастауыш сыныптарда сабақ берді. Кейін жігерлі жас еңбектен қол үзбей жүріп жоғары білім алумен қатар кәсіби білігін, шеберлігін, дүние танымын, ой-өрісін жетілдірген үстіне жетілдіре түсті. Өткен жолында жеке басының үлгісімен, оқушыларға терең білім беріп, бағаны әділ қоятындығымен, адамгершілік қасиеттерімен, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұйымдастырушылық қабілетімен танылып үлгерген мұғалім қаладағы №19 Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепке қызметке келгенде жаңа ортаға тез сіңісіп кетті. Данышпан Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегеніндей ол уақытпен санаспай шәкірттеріне дүниенің жасырын жұмбағын ашып, ақыл-ойларын дамытудың, бойларына білім нәрін сіңірудің тиімді жолдарын іздестіріп, іс-тәжірибесіне енгізді. Бұған дейінгі білім ұяларында болғанында сыныптардағы старосталық міндетті атқарғанын былай қойып, комсомол, пионер ұйымдарының сан түрлі шараларына жетекшілік етіп, пісіп, жетілуі оған кәдімгідей жеңілдік туғызды. Қаламқас Нысанқызы күнделікті сабағын түрлендіріп, әдістемелік жағынан жетілдіріп, балалардың таным, түйсіктерін, зерделерін байытатын, психо-педагогикалық білім мен дағдыны қалыптастыратын тәсілдерді ұтырлы қолдана білуімен ерекшеленді. Мектеп табалдырығын имене аттап, жүректері лүпіл қаққан балауса балғындардың алдарынан жүзі жадырап, көзі күлімдеп қарсы алатын қабағы ашық ұстаз шыққанына не жетсін?! Бауырынан өрген балапандарын сенімді мұғалімнің қолына тапсыру қай ата-ананың да асыл арманы. Жаңа мектепке келгеніне үш-төрт жыл айналмай жатып:

– Мен баламды Қаламқас апайдың сыныбына бергім келеді,- деушілер тым көбейіп кетті. Мұндайда мектеп директоры:

– Талап-тілектерің өте орынды. Бірақ ол сыныпта оқушы толық,- десе де қапелімде илана қоймай жалынып-жалпайып тұрып алған ата-аналар легі толас таппады. Бұл, сөз жоқ, мұғалім білігінің, беделінің жоғары екендігінің айқын бір көрінісі.

Әдетте, «Қаламқас апай оқушыға баға қоюға дегенде сараң» деседі. Осы пікірді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы-ғалым  Шахман Нағымұлы өзінің «Атырау – білім өлкесі» атты кітабына кіргізе отырып, алайда Қаламқас Құмарованың алдынан шыққан оқушылардың білім сапасының айтарлықтай жоғары болатынын әдейі атап өтеді. Соның нәтижесі болар,  оқытқан шәкірттерінің ішінен мектепті 5-уі «Алтын белгімен», 2-уі «Үздік аттестатпен» бітірген. Дәп сондай биіктерден көрінген Ақмарал Әбдіғалиева, Гауһар Оразғалиева, Дәурен Әміров, Қайрат Күнқашев, Гүлжан Жұмашева, Сатыбалды Мағзомов, Жандос Жәкуалиев және басқалардың білім деңгейлеріне ұстазы дән риза. Олардың бәрі де еліміздің жоғары оқу орындарында оқып, ғылыми жолға түскен ғалымдар, өз істерінің шеберлері атанған танымал тұлғалар.

Бір ғажабы, Қаламқас Нысанқызы бала тілін табудың, оқытудың ұтырлы жолдарын қолданудың дәйім ұстасы. Сонысымен ерекшеленіп, тындырымдылығымен, іскерлігімен ерте көзге түскен оған мектепте оқу ісінің меңгерушісі, кәсіподақ ұйымының төрайымы, бірлестік жетекшісі, әдістемелік кеңес мүшесі, жас ұстаздардың тәлімгері, облыстық атаулы мектеп мүшесі,  облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының штаттан тыс лекторы тәрізді сан қырлы  педагогтік, қоғамдық жұмыстар сеніп тапсырылды. «Ұстаз тағылымы» атты кешенді әдістемелік кітабын, өз іс-тәжірибесін «Бастауыш сыныптарда дүниетануды оқытуда деңгейлеп, саралап оқыту технологиясын қолдану», «Тіл ұстарту–тілді дамытудың, сауатты жазудың негізі» тақырыптарындағы еңбектерін баспа жүзінде жарыққа шығарды. «Жақсы істің жанашыры» тақырыбында тәжірибесі облыс мұғалімдеріне әдістемелік жинақ түрінде таратылды. Бес әдістемелік құралдың, 25-тен астам мақаланың авторы. Қай жұмысты да тартынбай атқарған үстаз небәрі 32 жасында «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, сонымен қатар кейін «Еңбек ардагері» медалімен, республикалық, облыстық деңгейдегі бірнеше Құрмет грамотамен, дипломмен марапатталды, «Әдіскер мұғалім» атанды. Республикалық педоқудың екі дүркін, шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің облыстық байқауының жеңімпазы. Өзіндік іс-тәжірибесін  жүйелі қалыптастырған жоғары санатты мұғалім Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларында өткен республикалық ғылыми-әдістемелік кеңестерге қатысып, көпшілік алдына баяндамаларымен шықты.

Шынайы мұғалімдер әулеті деп Қаламқас Нысанқызының отбасын айтуға әбден болады. Оның жолдасы, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы Халақов Хабсих екеуінің ұл-қызы Жансиық пен Қарлығаштың да, келіні Анардың да мамандықтары педагог. Міне, олар енді 48 жыл ұстаз болып, зейнеткерлікке шыққан аналарының ізін басқан жаңа ұрпақ, елдің ертеңі. Үш немересі, үш жиені бар. Ол соған марқаяды. Өзінен:

–  Мектепті сағынасыз ба?- деп тосын сұрақ қойғанымызда:

– Әрине, қатты сағынамын, сонымен бірге магистратурада оқып жатқан үлкен немерем Ахмедиярға деген сағынышым ерекше,- деді қараторы өңі жадырап.

 Жүзіңізден нұр кетпегей, Қаламқас апай!

Мұратбек ЖАҢАБАЙ,

шәкірті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *