Дина Бөкебай  — 1999 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қожабақы ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің 4-курс студенті.

Өлеңдері баспасөз беттері мен әдеби сайттарға жарияланған.

«Уақыт ойыны»

Сағаттың тілі 1-ден 24-ке дейін шыр айналады,

Шыр айналады ішімде ойлар.

Сағат құрастырушы жердегі Құдай болады

Адамдар түсінбей дал.

Сағаттың тілі 1-ден 24-ке дейін ән салады,

Ән салады Адель бірге.

— Уақыт тоқтамауы үшін қанша алады?

— Сен, айтшы, жан емің не?

Сағатым 1-ден 24-ке дейін күледі ойсыз,

Әдеттегідей, тілін шығарып.

Сіз телефонсыз жүре алмайсыз,

… оқымау керек, жақында жырым шығады.

Сағаттың тілі тағы да алысты келіп,

Сырт-сырт-сырт : қайталайды қасқа жүрек.

Уақыттың әуеніне вальс билейік,

Тек аяғымды баспаңыз. Ок?

«Жады»

Дәруіш сөзді жеткізе алмай тақпақтар,

Ойбұрқақ біткен әлемге сыймай атқақтар

Жалт қарағанда жоғалып кетер секілді…

Жанарымдағы жазуды ғана сақтап қал.

Жапырақтарын шаша салсам ба жанымның,

Мен деген күнім, мерзімі біткен сабырмын.

Хат жазармысың, қаламсыз аппақ параққа

Мекен-жайымыз: оралмас тұсы ойлардың,

галереясы жадыңның.

Еркіндігіңді отырғызып ап қақ төрге,

Жұбатып жүр ме жалғыздығыңды жат пенде?

Жер бетіндегі аяулы сөзді айта алмай,

Жадыңа терең көміліп кеткен сәттерге

гүл қойып кетсем деп едім…

«Сұрақ»

Мен неге құс болмадым ?

Сен неге құс болмадың?

Адамдарға ұқсауға күш қалмады.

Жанардағы тамшыны құйып алып

Шарабынан дүниенің ішкен бәрі.

Шарасыздар,

Аңқиды ма дүние өлең ішкен ?

Аңқам кеуіп ажалмен ерегіскем.

Аяғыма сыпырғыш байласам да

Аспаныма жете алмай келем іштей.

Сөз бе, ой ма ерніңнен үркіп қашқан,

Найзағай ма естілген,күлкің бе асқақ..?

Пенделігін құшқандар жымияды

Қатпаған қанатымды жыртып тастап.

Тыңдашы,

ғұмыр жайлы бір ертек айта ма күз?

Мен өлуді үйретем,қайталаңыз.

Құсқа айналсақ құшақта – будақ бұлттар,

Құстар бізге айналса…

Не  айта аламыз?

«Күнтізбелік ойлар»

Миллион жылдан кейін

таңбалы тастардай ескіге айналамыз.

саясатты да,

бақытты да,

адамдарды да қажет етпейтін.

Құдайдың сүйкімді картинасы бұл:

жазуы көрінбейтін зират пен

топырақты құшқан тән

Х-сапиенстерге көлеңке ұсынады.

осыдан миллион жыл бұрынғы

жанымыздың көлеңкесі.

ал мен осы ғасырдың күнтізбесінен бір парақты жыртқан сайын

ғұмырымды жыртып жатқандай болам НЕГЕ ?

«Жауап»

 22:45

Не істеуге болады жалғыз?

Өміріңді үмітіңмен жұбатып

өлең оқуға болады түнге.

Ол саған  Ян Вермердің маржанды қызындай

жер бетіндегі аяулы көзбен қарайды ең соңғы.

Ал сен түнге жаныңды айырбастайсың.

23:39

Есікті жабуды сүйетін саусақтарың

асығады далаға.

Асығады шаштарыңмен кездесуге келген жел

кітаптағы ғашықтарды қайталап.

00:51

Не істеуге болады жалғыз?

Әр түнгі түсіңді жатқа білетін жастығыңды құшақтап,

Қабырғаның төрт бұрышына ән салуға болады.

жеке кешіңе сағат пен шамды шақырып,

ұмыт қалдырғандай Өзіңді.

немесе

нан сұрап келген көршісіндей

Құдаймен әңгімелесуге болады ұзааақ.

01:33

Не істеуге болады жалғыз?

жалғыз қалғанда

өзіңмен кездесуге болады сәт сайын.

«Amor fati »

Қиын емес жерде жатып бәрінің гүлін алу

…өзің жайлы өзгеден біліп алу .

Өлеңге ұқсап өгейсіп тұрам бәрін

Өлеңге ұқсау — дәл қазір тірі болу .

Аяулы емес ең соңғы өңің сұлу,

құшқым келіп ауылдың желін шыны.

бәлкім бақыт дегенің

Құрастыру өзіңді сынып теріп,

Жүрегіңді өзгеге жұлып беріп …өмір сүру.

Ғажап емес жаныңа жақын кеп жылай беру,

үнсіз ғана қиялға ұнайды еру.

бар дұғасы — миында

жүрегінде — мешіті

ғажабы сол, өлеңді Құдай көру.

Көркем қандай

Үлгеру гүлін алып,

Жылы кетіп, көктаста жыры қалу.

Беске оқысам өмірім сені…

Бірақ,

ең ауыры — дәл қазір тірі болу.

ең тәуірі — дәл қазір тірі болу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *