Кесарь тілігі демографиялық өсімге кесірін тигізіп жатқанын қашан сезінеміз?!
Өткен жылы Жапония үкіметі медицина саласында орынсыз кесарь тілігін (кесарево сечение) жасауға тыйым салатын заң қабылдады. Италия елі де мынадай заң қабылдады: бұдан былай Италияда жасанды түсікті және баланы құрсақты жарып алу әдісін тек мемлекеттік мекемелер ғана жасайтын болған. Ал Германияның осы әдіспен атын шығарған әйгілі оташысы Лукенвэлде өткен жылдың соңында: «Тоғыз ай жүктілік кезінде әйел міндетті түрде үш рет ультрадыбысты аппаратпен баланың денсаулығын тексертуі қажет. Баланы ішті тіліп алу әдісі ешқандай мүмкіндік болмай қалған жағдайда ғана жасалынуы керек» деген мәлімдеме жасаған еді. Израильдің мамандары да құрсақты жарып алу әдісіне барынша қарсы. Израильдіктердің бағамдауынша, ота жасаудан ана мен бала денсаулығы төмендейді. Осылайша әлем елдері жаппай бұл әдістің тиімсіздігін айтып дабыл қағып жатқан тұста біз неге бейқам отырамыз? Бізде, керісінше, айы-күні жетіп, «дүниеге әне-міне нәресте әкелемін» деп отырған әйелге құрсақты тілу әдісін қолдану жыл сайын көбейіп барады. Отандық ақ халаттылар «біз ана мен баланы сақтап қалу үшін осындай «өркениетті» әдіске барамыз» дегенді қоғам санасына сіңіргелі қашан?!
Негізінен, кесарь тілігі турасында өркениетті елдердің дені әлдеқашан арнайы заң қабылдап, мәселенің мәнін айшықтап алыпты. Мұндай үрдісті «өсімді өшіретін әдіс» деп санайтын өркениетті елдердің көпшілігі қазірде:
• әйелдің бірінші жүктілік мерзімін өте сауатты өткеруіне;
• баланы құрсақты жарып алу әдісін тек мемлекеттік мекемелерге міндеттеуге;
• баланың жынысын ерте мерзімде іштен алдын ала анықтауға жол бермеуге;
• ана мен бала қауіпсіздігін қамсыздандыруға асқан байыппен қарауда.
Осындай шаралар қолдану арқылы дамыған және дамушы елдер әйелдің бала туу мүмкіндігін шектейтін әдістерден ат-тонын ала қашып жатыр.
Ал отандық медицинаның есеп–қисабы бойынша, біздің елдегі сәбилер өлімінің 36 пайызы – іштен туабітті кемістіктен, 21,5 пайызы – аномалиядан, 12,9 пайызы – тыныс алу ағзаларының дертінен, 4,9 пайызы инфекциялықжәне паразиттік аурулардан туындайтын көрінеді. Бұған қоса, елде шамамен туу жасындағы 4 миллион әйел бар десек, олардың 800-ден астамының балакөтеру қабілеті кемшін. Сонда орташа есеппен алғанда, елде 3 миллион әйелдің ғана бала тууға қабілеті бар. Бір ақиқаты, сол бала туу жасындағы 3 миллион әйелдің денсаулығының 100 пайызға мығым екенін біз тағы нықтап алмаймыз. Ал кесарь тілігі сол 3 млн әйелдің жартысынан көбіне жасалатынын мамандар жасырмай айтуда.
«Қазір жүктілік мерзіміндегі кез келген әйелді «аман-есен сәбиімді дүниеге әкеле аламын ба?» деген үрей билейді. Бізде кесарь тілігі тәсілінің жетілмегендігі, соның нәтижесінде қаншама қиындықтар туындап жататыны, дәрігерлердің біліксіздігі жайы жиі қаузалады. Қаза берсе, денсаулық саласын жандандыруда қазақтың есесі кетіп-ақ жатыр. Тоғыз ай жүктілік мерзімін ойдағыдай өткізіп, дәл босану сәтінде осы әдістің құрбаны болып жатқан әйелдер қаншама? Өркениетті елдер «бар мүмкіндікті пайдаланып барып, ең соңында ғана осы әдіске жүгіну керек» дегенді ұстануда. Ал қазақ медицинасының осы жағына зер салмай отырғаны жасырын емес. Кезінде кеңестік империя қоғамында «әйелді бірден «кесарево сечение» жасауға көндіру – бұл бала санын өсірмеудің астыртын жүйесі» деген пікірлер де қалыптасқан. Қазірде дүниеге сәби әкелетін аналардың үштен біріне кесарь тілігі қолданылады. Сондықтан бұған бір бақылау қажет. Өзге елдер тәрізді кесарь тілігін жасауды республикалық статусы бар мемлекеттік мекемелерге ғана жүктеу керек. Бұл – ана мен бала денсаулығына ықпал ететін дүние»,-дейді әлеуметтанушы маман Айдана Тілеукина.
Абзалында, отандық мамандардың сөзінде жан бар. Расымен де, орынсыз отаның орын алуынан ана мен баланың денсаулығына қауіп төндіретін жайттарды көптеп мысал етуге болады. Тізбелесек, ол өз алдына бір тақырыпқа жүк болары даусыз.
Сөйтіп, болашақта медицина сала-сының олқылығынан демографиялық өсім тежеліп қалмасын десек, бұған бір шара қолдану қажеттігін пайымдайсың. Бұл ретте мамандардың дені «Медицинадағы олқылық, мемлекет тарапынан ана мен балаға орынды көмектің көрсетілмеуі, ана мен бала қауіпсіздігінің сақталмауы іспетті құрдымға кетіретін жайттармен күресуде әйел затының ғана жүйкесіне, денсаулығына салмақ салмай, бұған қоғам, Үкімет болып баса назар аударған жөн» деседі.
Бұл ретте еліміздегі 20 бала тапқан ана Қамаш Сейітжанованың да айтар өзі ойы бар.
«27 жылда 20 баланы табиғи жолмен ешбір кесарь тілігінсіз өмірге әкелдім. Оңай емес. Қазіргі жастардың құрсағын тілгілеп бала туып жатқанын көріп, жүрегім қан жылайды. Кесарь тілігі жасалған ана әрі кетсе үш бала ғана таба алады. Оның өзінде арасына 5-6 жыл салып барып бала тууы керек. Осыған қарап, бұл халықтың санын өсірмеудің қолдан жасалған амалы деп ойлаймын. Тіпті дәрігерлердің өздері сол әдісті жасауға бейім болып тұрады. Біз кезінде ешқандай дәрі–дәрмекке жүгінбедік. Ал қазір жастар түрлі химикаттарды ішіп, денсаулықтарын құртқан. Денсаулықтары бала табуды көтермейді. Оның үстіне экологиялық жағдай қоса қосылып отыр. Жастарға қиын. Көп балалы болайын десе оған жасалып отырған жағдай да аса мәз емес. Сондықтан «болашақта жастар мәселесі шешімін табуы керек» деп ойлаймын.
Егер халықтың санын өсіргіміз келсе, медицинасынан бастап, әлеуметтік мәселереріне дейін толыққанды шешілуі керек. Сонда ғана аналар алаңсыз баланы өмірге әкеледі. Өзіңіз ойлаңызшы, жап-жас өрімдей ананың құрсағын тілгілеп жатса, күні ертең көбею деген құр сөз болып қалмай ма? Сол жас аналар, шынымен де, дүниеге бала әкелуге сонша қабілетсіз бе, құрсақты тілуден бұрын мәселенің өзге амалын қарастыру керек емес пе? Біздің медицинаға алдымен техникалық, технологиялық біліктілік беру керек тәрізді. Нақ қазір денсаулық саласында жүрген шенеуніктер мұны барынша ескеруі тиіс деп ойлаймын», — деді Қамаш Сейітжанова.
Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА,
журналист