Зиялы адам деп кімді айтамыз? Қарапайым тілмен айтқанда,зиялы адам-биік парасат пен үлкен мәдениетті жанына сіңірген білімпаз,өз ұлтының тарихы мен дәстүрін, әдебиетін жақсы білетін адам. Жоғары білімдінің бәрі зиялылық деңгейіне жете алмайды. Сол сияқты Батыр адамның да зиялы болуы өмірде үнемі бола бермейтіні белгілі. Батыр адам деп отырғаным: Кеңестер Одағының Батыры, ғалым-ұстаз, Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мәлік аға Ғабдуллин.
Мәлік Ғабдуллиннің батырлығының өзі ерекше .
Батырлығы ерекше дейтініміз: егер 1942 жылдың ақпан айының бір күнінде болған алапат шайқаста Мәлік Ғабдуллин басқарған автоматшылар ротасының Төлеген Тоқтаров бар құрамында он жігіті немістердің таңның елең-алаңында тұтқиылдан батальон сәл дамылдаған шақтағы тап берген шайқаста жауынгерлерді ұрысқа бастамағанда не боларын кім білсін?Баукең басқарған батальон түгел мерт болуы да мүмкін еді…
Осындай қас-қағым сәтте шайқас пен адам тағдыры шешілгенде жүздеген,мыңдаған адамның өмірін сақтап қалған Мәлік Ғабдуллин мен оның жігіттерінің ерлігін ерекше ерен ерлік демегенде не дейміз?!
Мәлік аға қан майданда қаһармандық пен жанқиярлықтың небір асқақ үлгілерін жасап,ерлік көрсетіп,Батыр атанам деп сірә да ойламаған болар ау.
Сұрапыл соғыстағы Отанымыздың бостандығы мен Ел намысы сыналған шақта азамат-ерлер халқының «Малым – жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы» деген қанатты сөзін тұмар ғып жүректеріне тағып,өліспей беріспеді; мұз төсеніп, қар жастанып жүріп жау тоқтатты!
«Ел басына күн туған» жылдар оларды Батыр ғып,тарих сахнасына алып шықты. Сондай ерлердің бірі – Мәлік Ғабдуллин.Шынында оның бүкіл ғұмыры батырлық, ерлік рухына толы деуге болады. Соғыстың алдында Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының филология бөлімін бітіріп шығады. Өзбекстанның Ферғана қаласының маңында 1936-1937 жылдары әскери дайындықтан өтеді. Абай атындағы Қаз ПИ-дің 1938 жылдың күзінен бастап ашылған аспирантурасында оқып жүргенде,соғыс басталып кетіп, Мәлік аға майданға аттанады.Ғалым- қазақы ауылда ұлтының салт-санасын бойына сіңірген,ескі жыр-дастандарды, «Батырлар жырын» жаттап өскен ұрпақтың өкілі болғандықтан, ежелгі батырлар рухынан нәр алған азамат. Қорғай алмай кеткен ғылыми жұмысының өзі- «Қобыланды батыр» жыры еді. Ғалымдығына келсек, Батыр ағаның ғалымдығы да биік ұстаздық тұғырдан еш төмендемегенін білеміз.
Шәкірті Әшірбек Амангелді өз естелігінде былай деп еске алады.
«Оқыған лекциясы кәдімгі тарау-тарау әңгіме сыңайлы. Бірінен-бірі өрбіп отырады. Айтқан әр сөзі майда қоңыр желдей жаныңа жағып,иірімді өзендей өзіне тартып бара жатады. Бүкіл ауыз әдебиетін бойына сіңіріп, жаттап алған ба дерсің.
«Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда.
Жиделі Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде
Байбөрі деген бай бопты»,- деп «Батырлар жырын» сөйлеткенде алдыңнан Байшұбарын кісінетіп Алпамыс, Тайбурылын тебінтіп Қобыланды шыға келгендей болады…»
(Әшірбек Амангелді «Таспен ұрғанды аспен ұрған», «Егемен Қазақстан», 15.07.2015 ж.)
Ағаның тағы бір батырлық ерекшелігі – мейлінше қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі. Ол осы мінезінен ғұмыр бойы айныған емес. Соғыста да, бейбіт күндерде де. Соғыстан кейінгі жылдары Абай атындағы ҚазПИ-де ректор қызметінде де.
Адамдық қасиетті әсемдейтін бір «табиғи құрал»-әдемі әзіл десек, Мәлік аға әдемі әзілді орнымен келістіріп, еш жанның намысына тимей-ақ жеткізіп айта білетін болған. Тағы да шәкірті Әшірбек Амангелді былай деп еске алады: «Сол күні қара басып үш-төрт студент ол кісінің алғашқы сабағына кешігіп қалыппыз. Ентігіп аудиторияға кірсек, оқытушы әлі келмеген сияқты. Қуанып кетіп, асығыс орын-орнымызға ұмтылдық.Кенет аудиториядан: «Ау, батырлар, Мамай секілді баса-көктеп келе жатырсыңдар ғой? Жол болсын!-» деген дауыс естілді.Отырғандар ду күлді.Сөйтсек мұғаліміміз студенттердің арасында отыр екен. Ішіміздегі кешіккен жалғыз қыз Гүлсімге қарап: «Аяғыма кигенім қызыл етік сәулем-ай!» деп мына қарағым келеді,-»деді.
Мәлік аға – сол заманның қиянатын да бір кісідей тартқан азамат. Мұндай жағдай ол Ферғана маңында әскери қызметте жүргенде орын алады. Алматыдағы өзі оқыған ҚазПИ-дің директоры қалалық комсомол конференциясында (өзгенің пәрменімен жасалды ма кім білсін?) «комсомолдардың ұлтшылдық тобы болды» деп айыптап, Қасым Мұратбаев, Шәпи Изатовпен бірге кінә тағады. Осы жаланың кесірінен ол комсомолдан шығарылып, офицерлік шен де берілмей, елге қайтады.
Бірақ мақсат жолында алған бетінен қайтпайтын қайсар да табанды азамат кейін комсомол билетін қайта алғаны өз алдына 1940 жылы партия мүшелігіне қабылданып,еңбек жолын Қазақ КСР ғылым академиясының әдебиет институтында кіші ғылыми қызметкер болып жалғастырады.
Қанша қиянат көргенімен ғалым азамат пендешілікті емес, адамшылықты мұрат еткендіктен, партияға деген сеніміне селкеу түсірмейді және жүрегі жараланса да сол заманның әсіре белсенді шолақ ойлы үлкенді-кішілі билік иелерінің бірде-біреуіне кек сақтамайды.
Бұл да – Батырдың адамгершілік асыл қасиеттерінің бірі еді. Бүгінгі ұрпаққа, барша отандастарына ағамыз мынадай бір өнеге қалдырған, Әскери қызметтегі кезінде тап болған жаладан қиянат көріп жүргенде,полктың комиссары Михаил Дмитриевич Семенов дегеннен көп қысастық көреді. Тағдырдың кейде бір алма-кезек келетін әділдігі бар ғой.Сол Семенов күндердің күнінде Кеңес Одағының Батыры, подполковник Ғабдуллин Мәскеуде Қызыл армияның саяси бас басқармасында қызметте жүргенде алдына келмесі бар ма! Бұл оқиға Әзілхан Нұршайықовтың «Тоғыз толғау» жинағында әсерлі баяндалады. Әр есіктен бір қарап біреуді іздеп жүрген Семеновті танып,Мәлік аға өзіне шақырып алып, Ферғана оқиғаларынан шым-шымдап әңгіме айтпай ма. Сонда Саяси бас басқармадан тұтқынға түскені үшін төмендеген әскери шенін және зейнетақысының тағайындалуын сұрап жүрген Семенов есі шығып,кетуге есікке беттегенде, Батыр аға тоқтатып,былай дейді.

Михаил Дмитриевич, қайда барасыз? Ешқайда кетпеңіз. Біздің халықта «таспен ұрғанды аспен ұр» деген нақыл бар. Мен сізден өш алғалы тұрған жоқпын. Қайта бұрынғы комиссарым ретінде қолдан келген көмегімді көрсетемін. Сізден бір ғана өтінішім бар. Осы оқиғаны балаларыңыз бен немерелеріңізге айтып берсеңіз. Олар сіз жасаған қателікті қайталамаса екен.

Міндетті түрде айтамын!- деп Семенов еңіреп жылап жібереді:
(Ә. Амангелді «Таспен ұрғанды аспен ұрған»)
Бұдан асқан өнеге бола ма; «Алдыңа келсе,атаңның да құнын кеш»деген халық даналығының бір белгісі осындай…
Мәлік Ғабдуллиннің ерекше бір адами биік қасиеті-достыққа,жолдастыққа адалдығы. Бұл жағынан ол «мен»деген өзінің көптеген замандастарынан оқ бойы озық тұрды. Әсіресе, ағаның әйгілі Бауыржан Момышұлымен достығы-қазақ баласы талай ғасыр аңыз қылар бөлек құбылыс.Олардың достығы-қан майданда сыналған, әрі шыңдалған достық. Олардың бір-бірін бағалауы да айта жүрер ақиқат. Педагогика ғылымдарының докторы,профессор Бақтияр Сманов «Аға мен іні» эссесінде былай деп жазды. «Жазушы М. Қалдыбаевтың 1990 жылғы «Рухыңнан айналайын»деген естелігінде қазақтың қос батырының бірін-бірі қатты сыйлап,құрметтеп өткені әр қырынан сөз болады:

Мәлік жан-дүниесімен де, сырт келбетімен де сұлу еді,-деп бастады Баукең сөзін.

Біз Панфилов дивизиясында қарапайым өмір сүрдік. Шабуылға бірге аттанып, бірге оралдық. Осы достық маған барлық кезде көмектесті.Ол әр кездесуі жаңалық ашқанмен тең адамдар қатарына жататын.Ол адал,әзіл-қалжыңға шексіз бай еді. Жасым үлкен болса да,мен одан кісілік пен кішілікті үйрендім.Тіршілік жолында Батыр даңқына дақ түсірмей өту оңай емес.Ол осы қатал сыннан сүрінбей өтті. Мәлік еш жерде,ешқашан алған бетінен қайтқан емес, ешкімнің атақ-беделіне жығылған емес… Ол – Халық Батыры.Ал оған көрсеткен құрметіміз қандай? Түсінсеңдер, марқұм Мәлікті сыйлау ол үшін емес, ұрпақ үшін керек.Оның өмірі жастарымызға патриоттық, интернационалдық тәрбие берудің өзінше бір мектебі…»
(«Егемен Қазақстан», 29.07.2015 ж.)Мәлік Ғабдуллинге берген Баукеңнің бұл бағасы – Ел мен халқының бағасы деп білеміз. Қорытындыласам:өз заманының заңғар тұлғасы – Мәлік Ғабдуллин Батырлығы мен ғалымдығына қоса шынайы зиялы,бәрінен ар тазалығы мен ұлттық намысты жоғары қойған Азамат-Тұлға биігінде қалды. Оның есімі киелі есімдер қатарында қазақстандық тарих пен халықтың жадында талай ғасырлар бойы жарқырай бермек!..

Амантай Бақыт