Өзі өмір сүрген дәуірдің қайшылықтары мен әділетсіздігін жастайынан көзімен көріп, көңіл зердесіне түйіп өскен Абай ең алдымен білім беру ісіне адам өмірінің өзекті қызметі ретінде баса назар аударды. Өйткені білім беру адам табиғатының жақсаруына, әр адам бойында адамгершілік қасиеттің қалыптасуына негізделетін, білім беру арқылы ғана болашақта алға қарай ұмтылуға қалыптастыруға болатынын түсінген ақын өз халқын білім жолына түсіп, мәдениетке үйренуге шақырады: «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз; малменен ғылым, кәсіп қылмақпыз; өнер өзі де мал, өнерді үйренбек өзі де ихсан» ( 38-сөз). Абай өмір сүрген тұста қазақ тілінде білім беретін мектептің болмағаны белгілі. Сол себепті қазақтардың сол кездегі өмір сүру жағдайларына сәйкес келетін ағартушылық қызметтің мақсаттары мен міндеттерін Абай былай тұжырымдап берді: «Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, орыстың ғылымын үйрет… балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!» ( 25-сөз). «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін бүгінде жатқа білмейтін қазақ кемде-кем болар. Бір қарағанда онда айтылған ой-пікірлер бәрімізге етене таныс, құлағымызға әбден сіңісті дүниедей көрінеді. Алайда, қайтадан бір зер салып оқып, көкірек көзімен түбіне жете үңілсек, бүгінгі күнгі өз кемшіліктерімізді көріп, қайран қаларымыз анық.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем,өстер ме едім? – деп, өзінің дер шағында оқи алмай, білімнің аздығы енді өкіндіретінін күйзеле мойындап, өз басының өкінішін мысал етсе, бір жағынан «Ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүріп оқудың қадіріне жетпей, алыпсатарлықпен айналасып кеткен жастарымыздың бүгінгі қарекетіне данышпандық көрегендікпен меңзеп тұрғандай. Күндердің күнінде солардың көбісі «Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы?» — деп, басын тауға да, тасқа да ұрмасына кім кепіл?! Өйткені олардың бойында ең басты байлық – білім жоқ. Жан-жақты терең білім ала алмағанын олар кейін кімнен көрмек? Заманнан ба? Жоқ. Бүгінгі заман оларға білімнің даңғыл жолын ашып отыр. Өздері ғана кінәлі. Оған себеп-бас пайдасын ғана ойлап, арзан атақ, алдамшы бақыт қуып кеткендігі. Әрине, дәулетті болғанға не жетсін! Алайда олардың адал тер төкпей-ақ делдалдықпен «оңай олжаға» белшесінен батып жүргендері де шындық. Бірақ, бұл – Абай көрсеткен «адам болудың» жолы емес. Қай заманды алып қарасақ та, қашанда қоғамның қозғаушы күші қисапсыз байлық емес, ғылым-білім болғаны еш талас тудырмайды. Тарихта өткен небір байлардың, тіпті патшалардың да ел есінде қалмағаны бар. Керісінше, халықтың қамын жеп, оның мұңын жоқтаған батырлар мен ақындар есімдері, үлкен өнер иелері ұмытылмай, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Осы ойды кемеңгер ақынның:
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?! – деген тұжырымы бекітіп тұрғандай.
Жастарымыз Абайдың бұл тұжырымының байыбына бара алдыма екен? – деген күдікті ойдың көңілімізде тұрғаны да рас. Өйткені, ақылы алқымынан аспай, ойы отбасынан артылмай, тірі пендеге қылдай жақсылық қылмай, тек күнделікті қарақан басының қызығын қуып, бес-он жылдық жиған «малының» буына мас болып жүрген пенделерді ұлтының болашағы толғандырады дегенге сену қиын. Олардың құдіретті тілімен сіңетін ұлттық намыс отының қуаты қалмағандай. Адамгершілік ар, инабат, мейірім деген ұғымдар көкейіне қонбайды. Бәрін де өзінің дүниесімен ғана өлшейді, сонымен сатып алады. Бірақ, жасыратыны жоқ, кейбір дәулетті қулар өмірде үлкен табысқа да жетіп жүр. Қазірдің өзінде кейбір жастарымыз миллиардер болып, ханға сәлем бермейтіндей дәрежеге жеткен. Байлығынан басы айналған ондайлардың халқының қайғысы жанын ауыртпайды. Сөйтіп, бүгінгі өмірімізбен салыстыра қарасақ, Абай ойының құндылығына еш шүбә келтірмейміз, әлі күнге дейін маңызын жоймағанына куә боламыз. Абайдың өмірлік мақсат-мұратының басты сипаты – туған халқының мешеулігі мен надандығына қарсы күрес болды.
Надан адам ақылды құлаққа ілмек,
Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.
Рас сөздің кім білер қасиетін
Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек,- деп, халқының мұнша қаранғылықтың себебін баласына дұрыс тәрбие бере алмайтын ата-ананың надандығынан іздейді. Оныншы қара сөзінде: «…Бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?… Жақсы баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен? Жоқ… баланы…өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Бұрынғы өз күнәңды өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсына тағы да ортақ боласың». «…Осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?»-деп, ондай ата-аналарды сөгіп, қатты ызаланады. Абай өз халқының кемшіліктеріне күйінгенде халқын тұтастай алып, айыптай отыра үйретеді, жақсылыққа уағыздайды, келешегіне үміт артады. Мәселен, байларды білімнің орнына малдың санын көбейтумен айналысқаны үшін жазғырса, ал кедейлерді өздерінің барлық қажыр-қайратын тек қорек іздеуге ғана жұмсайтыны үшін кінәлайды. (31-сөз).
Абайдың «адам болу» қағидасы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің өн бойында «ғылым табу» идеясымен астасып жатыр. «Қашан бір бала ғылым – білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады»,-дейді 28-сөзінде. Ал, баланың ғылымға махаббатын оятатын – жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбының ықпалы болатынын атап айтады. Абай айтқан бала тәрбиесіндегі бұл үшеуінің рөлін ешқандай педагогика жоққа шығармайды, қайта Абай ұсынған «Адам болу» қағидасы бүгінгі педагогика ғылымының басты ұстанымы болып отыр.
Ойшыл ақын ғылым-білімді игеру тек еңбек арқылы табылатынын ескерте отырып, қазақ арасында адамгершілік қасиеттің төменгі сатыда болуын жастардың әрекетсіздігінен көреді. Мұндай өз еркімен іске қосыла алмайтын, біреудің айтқанымен жүретін адамдарды надан адам санатына қосады: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, қолы тиер ме еді?»-дейді. (42-сөз). Ол жастарды жамандыққа бой ұрудың орнына, материалдық және рухани жағынан пайда беретін өнерді үйренуге шақырады.
Түбінде баянды еңбек – егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған,-деп халқына еңбектің осы екі түрін үлгі етеді, әсіресе ой еңбегін жоғары қояды.
Қазақ балаларына өнер-білімді, ғылымды, оған жетудің жолдарын насихаттаудағы Абайдың педагогикалық ой-пікірлер жүйесінің өміршеңдігі – бүгінгі күн дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Шығармашылық жолының бүкіл өн бойында алтын желі болып таратылып жатқан басты ой – адамның өнер, білім, ғылым арқылы өзін-өзі жетілдіру мәселесі бүгінгі қоғамның да ең өзекті проблемасы – жеке тұлға қалыптастыру мәселесімен астасып жатыр.
Абай заман адамының бейнесін сомдауда ең алдымен оның жан дүниесіне зер салады; туған халқының жан сырын зерделеудегі өзінің ұғым – түсініктерін жайып салады, адамтанудағы ой тамырларын байқатады. «Абай – адамның өзін тануы жөніндегі ғылымға, яғни, адам жанының сырына өз шығармаларының ұзына бойында мол тоқтатылып, өз танымы тұрғысынан көптеген тың ойлар, жаңаша тұжырымдар айтқан дербес ойшыл ақын»,-дейді көрнекті Абайтанушы М.Мырзахметов.
Абайдың өз жандүниесі де өміріндегі қуаныш – қайғысымен әлеуметтік күрестегі талай-талай тартыс, қақтығыстардың, өзінің өлең туар шақтағы шарықтаған шабытымен шығармашылық дарынымен бірге сабақтасып, бірге өріліп жатыр. Сол себепті де, ақын өлеңдеріне терең мән беріп үңілсек, мән-мағынасы өте терең бір әсерлі сезім қатты толғандырып, ойлантады, адам жанын баурап, ерекше бір сезімге бөлейді, осы арқылы Абай өлеңдерінің адам психологиясына әсерін байқауға болады. Жастарды тәрбиелеудің әр түрлі жолдарын ұсына отырып, баланың дүниеге көзқарасының, мінезінің қалыптасуына отбасының рөлі ерекше екенін, балаға тәрбие беретін ата-ана тәрбиелілігінің маңызын атап көрсетеді. Болашақ ұрпақты адамгершілік, әдеп, ақыл-ой тәрбиелерімен ұштастыра отырып тәрбиелеумен қатар, оның санасында психологиялық ерекшеліктерді жан-жақты дамыту керек деген. Адам жанын тәрбиелеуде әдебиеттің, әсіресе, поэзияның әсерінің күштілігіне айрықша мән береді.
Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы, — деп поэзия нағыз тәрбиелік мәнге ие болу үшін ол тек әсем ғана емес, сонымен бірге әркімге түсінікті болып жазылуға тиіс екендігін шарт етеді. Ал «поэзия халықтын ойы мен мұң-мұқтажын білдіреді, ол адамның психологиясын көрсетеді. Ол тек адамның ақыл-ойы мен сезімін білдіріп қана қоймайды, сонымен бірге оларға әсер ете алады». Абайдың психологиялық мәселелерге көзқарасы поэзия мен өнердің міндеті – адам өмірін, олардың көңіл-күйі мен іс-әрекеттерін шыншылдықпен көрсете білуге саяды. Абайдың түсінігінше, әсіресе өлең мен ән адам жанына ерекше әсер беруі керек, адам бойындағы ең бағалы сезімдерді қозғап, адамның психологиялық әрекеттеріне әсер етуі тиіс, сонда ғана ол көңілге түрлі ой салады дейді:
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
Абай көптеген өлеңдеріне адам бойындағы арсыздық, ұрлық, жалқаулық, маскүнемдік, ұятсыздық, шаруаға құнтсыздық сияқты ақылсыздықтан, білімсіздіктен, жігерсіздіктен туатын нашар қасиеттерді мінеп, мысқылдаса, енді біраз өлеңдерінде надандық, дәукестік, парақорлық, арамтамақтық сияқты адамды аздыратын қылықтарды сынайды. Абай ұяттың екі түрін көрсетеді: бірі – надандықтан туатын, екіншісі – жағымсыз іске, теріс қылыққа ұялу. Оның ұғымынша, ұялмас нәрседен ұялу – надандық, ынжықтық, жігер-қайрат осалдығы, білім мен тәжірибенің саяздығы. Қазақтың осы істері Абайды ызаландырады. Абай: «Қайратсыз ашу- тұл, тұрлаусыз ғашық – тұл, шәкіртсіз ғалым – тұл» дейді. Ашулы адамның сөзі аз болса, ыза қуаты артында болғаны; егер де аузынан қара қан ағызса, домбыт мақтаншақ, я қорлық болғаны деп ескертеді. Абай қазақ психологиясының кейбір көріністері туралы терең ой қозғайды. Қазақтың өтірікке сүттей ұйып, пәлелі сөзге құмарлығын, жатқа жалбақтап, өзінікін танымайтынын сынай келе: «Шынында біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз андып, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз андып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?» (24-сөз), — деп нарық заманындағы бүгінгі ағайындардың тірлігін көзбен көріп айтқандай көрегендік танытады. Халқының келешегі туралы кемеңгер Абай осылай толғанып, қазақ қауымның мінез-құлқындағы келеңсіз психологиядан құтылудың жолын «Сегіз аяқ» өлеңінде:
Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бәрі – бос! – деп көрсетеді.
Адам жанының сипаттарын саралай келе, Абай адамның барлық іс-әрекеттерінде үлкен орын алатын жүрек сияқты, адамзаттың өмір сүруінің патшасы деп сезімді қояды. Өйткені, жоғары сезімдер – адамға ғана тән. Адамның аса жарасымды сипаттарына рақымдылық, мейірбандық, иманжүзділік, достық, жолдастық, адалдық, отансүйгіштік, бүкіл адамзатты жақсы көру, ар-намыс, борыш, жауапкершілік, ұят сияқты сезімдерді жатқызады.
Қорыта айтқанда, ғұлама ойшыл Абай – ұлы ақын ғана емес, адам жан дүниесінің теңдессіз білгірі, зерделі зерттеушісі. Абайды тану – қазақ ұлтын тану, ол – ұлттық мақтанышымыз.

Айдар Рамазанұлы Сабиров,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университеті, Педагогика кафедрасының доценті.

Ақтолқын Саташқызы Қожрақова,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университеті, Педагогика кафедрасының аға оқытушысы,
Педагогика ғылымының магистрі