Қызметтері халықтың сеніміне селкеу түсірмей, ел қорғанына айналуға бағытталған полиция қызметкерлерінің мойнына артылар жүк қай уақытта, қай кезеңде болмасын ауыр екені көпке аян. Осындай абыройлы һәм міндеті зор қызметті арқалаған қызметкерлерге кенде емес Атыраулық полиция департаментінің құрылғанына биыл 100 жыл.
1920 жылы 10 қаңтарда Орал губерниялық милиция басқармасының №2 бұйрығына сәйкес Гурьев уездік милициясын құру жұмыстары жүргізілген болатын. Бастапқы кезде уездік милицияның аппаратына: 12 милиционер, 8 кеңсе қызметкері, 1 курьер кірді. Уездік милиция аппаратының штаттық құрылымында: әкімшілік шаруашылық, қылмысты іздестіру, өнеркәсіптік милиция бөлімдері мен адрестік бөлімшелері жұмыс жасады.
100 жылдық жылнамада Атырау милициясы, ішкі істер органдары күреске толы кезеңдердің тайқазанында қайнап, тарихқа таңбаланар оқиғалардың бел ортасында жүріп, шыңдалып, қалыптасты.
1920-30 жылдары ел ішінде бас көтерген бандылар тобы бейбіт халықты қасіретке ұшыратып, дүние мүлкін тонап, малдарын айдап, белсенді қызмет жасап жүрген коммунистер мен комсомолдарды өлтіріп, мемлекеттің ішкі саяси әлеуметтік жағдайына көлеңке түсіріп, айтарлықтай нұқсан келтірген шақта милиция қызметкерлері оларға қарсы арнайы рота құрып, ерекше жауынгерлік ерлік танытып еді. Милиция қызметкерлерінен құрылған бұл арнайы рота уезд жерін бандылардан тазартуға айрықша үлес қосты. Сонымен қоса, өлкемізді банды топтарынан азат етіп тазарту үшін жүздеген, мыңдаған адамдар, қызыл әскерлер, ерікті халық жасақтары, қарапайым еңбекші бұқара өкілдері жанқиярлықпен күресті.

Өшпейтұғын артына із қалдырған…

Өз міндетін адал атқарған баһадүр азаматтарымыз қылмыскерлермен күрес майданының алғы шебінде жүріп, қызмет уақытындағы қилы кезеңдерде қазаға ұшырап жатты. Олардың қатарында Тащанов Серік Сәрсенбайұлы, Дәулетияров Есжан, Нұржанов Болат Қадырұлы, Хайруллин Еділбай, Төленбаев Бейімбет, Сұлтанов Нұрлан Жағдайұлы, Азналиев Абат, Қошқарбаев Алпысбай, Есмағамбетов Бахтияр Есмырзаұлы, Мендіғалиев Кәкім Сәлешұлы, Бисекенов Асқар, Өтеғазиев Наурызбай батырларымыз бар.Антына берік кәтәпті нарлардың есімдерін ұрпақ ұлықтап, өшпес өр рухын маздату мақсатында арнайы ескерткіш обелиск орнатылды. Ескерткіш обелискіде қызмет бабында қаза тапқан 26 азаматтың есімі мәрмәр тасқа ойылып жазылды. Мұндағы азаматтардың бесеуі, атап айтқанда Сартов М., Оразов И., Ақбалин, Аталықов А., Шыңғысов Ө. 1921-1923 жылдар аралығында бандыларға қарсы соғысып ерлікпен қаза тапқан еді.
Облыстық полиция департаменті ғимаратының төртінші қабатында ІІО тарихына арналған арнайы музей ашылды. Музей экспозициясында Атырау милициясының аға буын өкілдері, әр жылдарда ОІІБ-на жетекшілік еткен басшылар, Ұлы Отан соғысы мен ішкі істер саласының ардагерлеорі, қызмет бабында қаза тапқан азаматтар туралы арнайы тақырыптық экспозициялық кешендер жасақталған. Музей ІІО қызметкерлерінің өмір деректерін, тарихи құжаттарын, тарихи мәліметтерін жинақтайтын ғылыми зерттеу орталығына айналып отыр. Ондағы экспонаттар, тарихи деректер Атырау милициясының құрылған уақытынан бастап бүгінгі кезеңдерді қамтиды.

Жалындаған жас ғұмыр

Жасындай қысқа ғұмырда жарқ етіп өте шыққан Атырау өлкесінің ардақты азаматтарының бірі Мұхамбетқали Сартовтың есімін үстінгі жазбада атап өткен едік. Жастайынан тағдыр тауқыметін тартып, екі жасында ата- анадан айырылып жетім қалған қарғадай бала немере ағасы Сартов Дошымбеттің қолында өседі.
Тұрмыстың қиыншылығына қарамастан, Мұхамбетқали өзінің туған жерінде бір жылдық орыс қазақ училишесінде оқып білім алып, оны ойдағыдай бітіреді. Отбасының тұрмыстық қиыншылығына байланысты, одан әрі оқып, білімін жетілдіруге мүмкіндік болмай қалады.
Өзінің бақ талайына сенген жас жігіт, жұмыс іздеп, бірсыпыра уақыт өткен соң Доссордағы мұнай кәсіпшілігіне табель құюшы қызметіне орналасады. Бұл жерде қызмет жасай жүріп, кәсіпшіліктегі жұмысшылардың хал ахуалымен, тұрмыстық, әлеуметтік жағдайымен етене танысады.
Кәсіпшіліктен жұмысшылар еңбегін қанаудың ең сорақы түрлеріне жол берілетінін, олардың тұрғын жайы да адам төзгісіз болатынын көреді. Мұнай кәсіпшілігіндегі шектен шыққан жағдай жұмысшылардың жаппай наразылығын туғызады. Мұнай кәсіпшілігіндегі жұмысшылар 1915 жылы алғашқы рет өздерінің саяси талап тілектерін білдірген демонстрацияға шықты. Демонстрацияға жалынды жас М.Сартов та қатысып, жұмысшылардың алдыңғы легінде болды.
Доссор мұнай кәсіпшілігінде жұмысшы депутаттарының кеңесі құрылғанда, М. Сартов басқа да азаматтармен бірлесе отырып кеңес жұмысына басшылық етеді. 1918 жылы наурыз айында контрреволюцияшыл бүлікші Толстов Доссор советін күшпен қуып таратады. 1918 жылы мамыр айында жұмысшы депутаттарының Гурьев Доссор біріккен Советі құрылады. Советтің төрағасы болып белгілі саяси қызметкер В.И.Тяжев, секретары болып М.Сартов сайланады.
Ал, 1921 жылы Гурьев уездік ревкомының 27 сәуіріндегі арнайы шешіміне байланысты ревком мүшесі Мұхамбетқали Сартов Гурьев уезіне қарасты №3 Топайлы аудандық милициясының бастығы болып тағайындалады. Мұндай шешім ревком тарапынан М.Сартовқа көрсетілген үлкен сенім еді. Себебі бандылар көптеп бой көрсетіп, ендеп кеткен аймаққа жалын жүректі, іскер азамат керек еді.
Милиция бастығының аудан көлемінде жүргізіп жатқан батыл іс әрекеттері жаңа өкіметтің жауларына ұнамады. Толстов бастаған бандылық топтың алдына қойған мақсаты аудандық милицияны таратып, бастығының көзін жою болды. Құтырынған бандылар тобы, ұзын ырғасы 100 ден астам адам Топайлыға шабуыл жасап аудандық милиция кеңсесін қоршап алады. Қасындағы бір екі милиционері мен Сартов кеңсе үйінде бандыларға қарсы табан тіресе соғысады. Соғыс тәсілін жақсы білетін М.Сартов, қызылтастан салған кеңсе үйіне мықтап бекініп алып, дұшпандарға бет қаратпас қарсылық көрсетті. Бандылар ержүрек милиция бастығын жеңе алмағандықтан, залымдық айла шарғыға көшеді. Сартовты алдап қолға түсірудің амалын ойластырады. Оны бұрыннан жақсы білетін осы селоның бір адамы бандылармен астыртын келісім жасап, батырды қолға түсірудің амалдарын ұйымдастырады. Бандылардың мұндай зымияндық әрекеттерінен ештеңе шықпайды. Елі мен халқының қасиетті аманатын арқалаған жүректі, асыл жанды азамат банды қорқауларының алдында тізе бүкпейді. Алған бетінен қайтпайды. Совет өкіметінің, еңбекші бұқараның қас жауы бандылармен қасық қаны қалғанша соғысып ерлікпен қаза табады. Бандылар ержүрек милиционер Мұхамбетқали батырды атып өлтіріп, қылышпен шабады.
Өзінің жалындаған жас ғұмырында халқы үшін, азамат пен ел бостандығы үшін, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін орасан зор еңбек еткен Атыраудың ардақты азаматы Мұхамбетқали Сартов бар болғаны 24 жыл өмір сүрген еді.

Ел үшін жасаған ерлік

Атырау милициясының алғашқы ержүрек қызметкерлерінің бірі – Шыңғысов Өмір еді. Ол 1892 жылы Махамбет (Бақсай) ауданындағы 15 ауылда туған. Сарайшық қаласындағы мектепте оқып білім алып, оны тәмәмдағаннан кейін, өзінің алғашқы еңбек жолын сол жерде милиционер болып бастаған. Қатардағы милиционерден милиция бөлімшесінің бастығына дейін көтерілді. Гурьев уездік милициясының басшылығы, уездік партия комитетінің нұсқауына сәйкес, Шыңғысов Өмірді арнайы тапсырмамен Топайлы аудандық милиция бөліміне жұмсайды. Басты мақсат арнайы ұйымдастырылған милиция қызметкерлерінің шағын отрядымен бандыларға тұтқиылдан соққы беріп, талқандау болатұғын. Шыңғысов Өмір Топайлыға кетіп бара жатқан жолда, 15 ауылдағы әке шешесіне, туысқандарына соғады. Сол кезде тоғыз жасар шамасындағы туған қарындасы Ағипашпен асығыс қоштасып кетеді.
Ішкі істер музейі ашылғанда, 2000 шы жылы маусым айында, жасы сексеннен асқан Ағипаш Шыңғысқызымен кездесудің сәті түсті. Ағипаш апай музейді көріп, бізбен танысу үшін арнайы келді. Музейде біраз әңгімелестік. Ағипаш апай тоғыз жасында Өмір ағасын ең соңғы рет көрген сәтін есіне алды.
«Одан бері қанша уақыт өтті. Бірақ сол бір сәт өмір бойы көз алдымда тұр. Бір нәрсеге дегбірсізденіп асығулы. Тапсырмамен Топайлыға кетіп барамын, мені анда адамдар күтіп отыр, деді. Ағам мені бауырына басып, маңдайымнан сүйді». Батыр милиционер ағасын ең соңғы рет көрген қарындасының әңгімесі осындай. Уездік милиция басшылығының арнайы тапсырмасымен келе жатқан Шыңғысовты Топайлыда алты милиционер күтіп отырды. Топайлыға аман есен жеткен Шыңғысов, өзін күтіп отырған алты милиционермен бірігіп, арнайы тапсырманы орындауға кіріседі. Алайда, екі жақтың күші тең болмады. Ержүрек милиционерлер бандылармен соғыс кезінде ерлікпен қаза табады. Топайлы жері бандылық топтардың неғұрлым көптеп бас көтерген аймағы болды. Ондай жағдайдың өзіндік ішкі сыртқы себептері де болды. Топайлыда жеті бірдей милиционердің бандылармен ұрыста қаза болуы, Жайық бойын дүрліктірген оқиға болды.
Милиционерлер мен бандылар арасындағы соғысты сырттай бақылап қарап жүрген бір екі адам қаза болған милиционерлердің мүрделерін Жайық жағасына жақын жерге жинап айнала елге хабар салды. Шыңғысов Өмір бастаған милиция сарбаздарының мүрделерін туысқандары қайықпен алып келіп, қаза болған милиционерлерді бір жерге, ата бабаларының зиратына жерлейді.
Одан бері қанша заман өтті. Бірақ ел үшін жасалған ерлік те алмас қылыш сияқты тот баспайтыны анық. Өзінің туған елінің тәуелсіздігін, тыныштығын, мемлекет мүддесін ойлаған қазақтың ержүрек милиционер азаматтарының ерліктері еш уақытта ескірмейтін, тозбайтын асыл мұра.
Ержүрек милиционердің ерлігіне, батырлығына әр уақытта бас иіп ізет білдіру, қастерлеу, елін сүйген әрбір азаматтың, әрбір полиция қызметкерінің парызы болуға тиісті.

Қапыда қаза тапқандар

Атырау милициясының ерлік даңқын, ерлік шежіресін, аға буын өкілдерінің туған халқы үшін адал қызмет жасау дәстүрін милиция аға лейтенанты Худин Владимир Федорович және милиция старшинасы Ерниязов Қабдырахман жалғастырды. Екі бірдей азаматты алып кеткен қайғылы оқиға 1974 жылы сәуірдің 19 күні болды. Кезекшілік қызметте болған Ф.Худин мен Қ.Ерниязов қос ауыз мылтықпен қаруланған қанішер қылмыскерге қарсы айқаста, мылтық оғынан қаза болды. Өзінің Отанын, қызметін шын жүрегімен сүйе білген қос арыс бір күнде қоғамның ішкі тыныштығы үшін, нағыз хас батырларша қаза болды. Атырау қаласы әкімшілігінің шешіміне сәйкес, қаладағы екі көшеге ержүрек милиционерлер есімдері берілген.

Ерниязов Қабдырахман

Ержүрек милициыя старшинасы Ерниязов Қабдырахман Исатай ауданына қарасты Нарын құмындағы Баба ауылында туған.
Жеті жылдық білім алып, еңбек жолын колхозшы болып бастайды. Армия қатарында 1950 53 жылдары болып, ел қорғау бағытындағы азаматтық борышын өтейді. Армия қатарынан оралған Қабдырахман бірден милиция қызметіне орналасады.
1953 жылдан бастап облыстық ішкі істер саласында еңбек еткен. Гурьев қалалық №1 милиция бөлімінде милиционер, бөлімше командирі, 1 категориялы милиционер, старшина – 11.1953/07.1969. Қалалық ішкі істер бөлімінің милиционері, кезекшілік бөлімшесінде кезекшінің көмекшісі, 1 разрядты милиционер – 07.1969/04.1974.
1974 жылы 19 сәуірде кезекшілік қызмет барысында қарулы қылмыскерді ұстау кезінде, жүректен тиген мылтық оғынан ауыр жараланып, қаза табады. Атырау қаласының бір көшесі ержүрек милиционер есімімен аталады. Облыстық ішкі істер басқармасы кеңсе ғимаратының жанындағы, қызмет бабында қаза тапқан милиция азаматтарына орнатылған ескерткіш обелискіде ержүрек милиционер есімі мәрмәр тасқа ойылып жазылған. Медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталып, Ішкі істер басқармасының тарапынан алғыстарға ие болған.

Худин Владимир Федорович

Атырау облысының ішкі істер органдары тарихында қылмыскерлерге қарсы күрес барысында ерлікпен қаза тапқан азаматтардың бірі – милиция капитаны Худин Владимир Федорович. Ержүрек милиционер Худин Владимир Федорович 1941 жылы 6 қарашада Алматы облысындағы Қаратал селосында туған.
Мәскеу қаласындағы техникалық училищеде оқып білім алған. Училищеден кейін армия қатарында болып өзінің азаматтық борышын атқарған. Ішкі істер органдарында 1960 жылдан бастап еңбек еткен. Қазақ КСР Ішкі Істер Министрлігінің 295 арнайы дивизионында топ командирі, рота командирінің орынбасары, рота командирі болып жауапты жұмыстар атқарған. КСРО Ішкі Істер Министрлігінің Қырғызстан және Қазақстан бойынша 483-конвой полкында взвод командирі, рота командирінің орынбасары – 1970/1973.
Гурьев Облыстық ішкі істер басқармасының кезекшілік бөлімінде аға инспектор, кезекші бөлім бастығының орынбасары – 1973/1974. Мерекелік медальдармен марапатталып, алғыстарға ие болған. 1974 жылы қарулы қылмыскер қолынан қаза болды. Атырау қаласының бір көшесі ержүрек милиционер атына берілді. Ішкі істер тарихына арналған музейде, ержүрек милиционерге арнайы экспозиция жасақталған. Ержүрек милиция капитанының есімі, облыстық ішкі істер департаменті жанындағы ескерткіш обелискідегі мәрмәр тасқа ойылып жазылған.

Бисекенов Асқар

Бейбіт заманда, жарияланбаған соғыс жағдайындағы, көзге көрінбейтін майданның жауынгері. Заң бұзушылыққа қарсы, қылмыскерлерге қарсы күрес майданында шейіт болған милиция қызметкері. Асқар Бисекенов 1955 жылы Атырау қаласында туған.
Гурьев пединститутының физика математика факультетін оқып бітірген. Еңбек жолын 1977 жылы мұғалім болып бастаған. 1977-1979 жылы Кеңес Армиясының қатарында болып оралғаннан кейін, облыстық ішкі істер органдары саласына қызметке орналасады.
Облыстық Ішкі Істер Басқармасында қылмысты іздестіру бөлімінде инспектор – 06.1979/12.1980. Гурьев қалалық Ішкі Істер Бөлімі қылмысты іздестіру бөлімінде инспектор, жедел уәкіл, бөлім бастығының орынбасары, аға жедел уәкілі – 12.1980/08.1991. Облыстық Ішкі Істер бөлімінде жедел уәкіл, аға жедел уәкіл – 08.1991/04.1993.
1993 жылы сәуір айының 18 күні қызмет бабында қылмыскерлер қолында қапыда қаза табады. Ескерткіш обелискіге орнатылған мәрмәр тасқа есімі жазылды.
2003 жылы қазан айында Атырау қаласында бір көшеге Асқар Бисекеновтың есімі берілді.

Өтеғазиев Наурызбай

Ержүрек милиция қызметкері, милицияның аға лейтенанты Өтеғазиев Наурызбай Құрманғазы ауданы Котяев селосында 1960 жылы туған.
Котяев селосында орта мектептен он жылдық білім алады. Еңбек жолын 1977 жылы колхозда ағаш шебері болып бастайды. 1978-1980 жылдар аралығында Кеңес Армиясы қатарында болып, азаматтық борышын өтейді.
Әскер қатарынан оралғаннан кейін, ішкі істер саласында қызмет жасауға ниеттенеді. Сол себептенде ішкі істер министрлігінің Алматы қаласындағы милиция мектебіне оқуға түседі. Алматы қаласындағы милиция мектебін бітіргеннен кейін, Теңіз аудандық ішкі істер бөліміне учаскелік милиция инспекторы болып жұмысқа орналасады. Өзінің міндетіне жауапкершілікпен қарайтын, үлгілі милиция қызметкері ретінде, қызмет бабында өзінің жақсы жақтарымен көзге түседі. ІІМ Алматы қаласындағы милиция мектебінің курсанты – 10.1980/08.1982. Теңіз Аудандық ішкі істер бөлімі учаскелік милиция инспекторы – 12.1982/07.1988.
1988 жылы 14 маусымда қызмет барысында қарулы қылмыскерлер қолынан қаза тапты. Ержүрек милиционер есімі ескерткіш мәрмәр тасқа жазылды.
Облыстық ішкі істер басқармасының, аудандық ішкі істер бөлімінің Құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталып, есімі Құрмет тақтасына жазылған. Милиция мектебінде оқып жүргенде, үлгілі тәртібі үшін «Ту» алдында суретке түсіріледі.

Өтемісов Нұрберген Сисенбайұлы

12.05.1988 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. 2009 жылы 31 қазан күні таңғы сағат 05:30 шамасында Атырау қаласы Авангард мөлтек ауданында орналасқан «Қазақтелеком» АҚ ғимараты маңында мас жүргізуші автокөлікті басқара отырып, қызмет атқарып жатқан ІІД Жол полициясы басқармасының 1 взводының инспекторы полиция кіші сержанты Н.Өтемісовтің автокөлікті тоқтатқан талабын орындамай қасақана, қағып кеткен. Нәтижесінде жол инспекторы алған әр түрлі дене жарақаттарынан есін жинамастан оқиға орнында қаза тапты.
Республика президентінің арнайы жарлығымен №087 30-сәуір 2010 жылы «Айбын» орденінің 3-дәрежесімен марапатталған.

Бейбіт күннің батыры

Полиция сержанты Ақымғалиев Шалхар Көшкінбайұлы 1994 жылы 1 сәуірде Атырау облысының Индер ауданында дүниеге келген. 2000-2009 жылдары Береке орта мектебінде білім алған. 2009 жылы Атырау қаласындағы №7 кәсіптік лицейге оқуға қабылданып, 2012 жылы аталған оқу орнын «Дәнекерлеу ісі» («Сварочное дело») мамандығы бойынша аяқтаған.
2012 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарына шақыртылып, әскери борышын Алматы облысындағы әскери бөлімде өтеген.
2014 жылдың тамыз айында Атырау қаласы полиция басқармасы Жол-патрульдік полиция батальонының лауазымына тағайындалып, өмірінің соңына дейін аталған лауазымда қызмет атқарған.
Полиция сержанты Ақымғалиев Шалхар Көшкінбайұлы – Ішкі істер органдарында қызмет атқарған уақытында өзін адамгершілігі жоғары, еңбексүйгіш және орындаушылық қабілеті жоғары қызметкер ретінде таныта білді.
2019 жылғы 21 наурызда Жайық өзеніне суға батып бара жатқан азаматшаны өзінің өміріне төнген қауіп қатерге қарамастан, ержүректігі мен батылдығын танытып құтқару барысында қаза болды. Оның осы іс әрекетінің арқасында азаматша аман қалды.
Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және көрсеткен жоғары нәтижелері үшін Атырау облысы Полиция департаменті бастығының бұйрығымен бірнеше рет марапатталған.

Елге қызмет – абыройлы міндет

Еліміз Тәуелсіздік алып, алдымыздан ақ күн туған шақтан бері полиция қызметкерлері де уақыт талабына сай жаңаша бағытта, тамаша қарқынмен, дамылсыз дамып мемлекетіміздің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауда, республиканың әрбір азаматы мен азаматшасының құқығын қорғауда, заң бұзушылық пен қылмысқа қарсы күрес жұмыстарын талапқа сай жүргізу жолында бар күш қайратын салып, дамылсыз еңбек етуде.
Атырау өлкесі қазіргі таңда бүкіл әлем көз тіккен үлкен экономикалық аймаққа айналып отыр. Дүние жүзіндегі іргелі елдердің үлкен үлкен өндіріс орындары, компаниялары келісім шарт бойынша жұмыс жасауда. Шетелдік мекемелердің мыңдаған адамдары осы аймақта республика игілігі үшін еңбек етеді. Әрі Атырау облысы ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдында бұрынғыдан екі еселенген міндеттер тұр. Бұл біріншіден, облыс жұртшылығы арасында Конституция, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету. Екіншіден, шет ел азаматтары арасында Қазақстан Республикасы заңдарының бұлжытпай орындалуын үнемі қадағалап отыру.
Бүгінгі таңда ІІО алдында тұрған қызмет аясы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Республика Президенті ІІО сыбайлас жемқорлыққа, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті күшейту, пәрменді шаралар жүргізу жөнінде арнайы міндеттер жүктеп, тапсырмалар бергені белгілі. Осы ретте полиця қызметкерлері ел басшысының жарлықтарына, министрліктің бұйрықтары мен тиісті құжаттарына сәйкес жалпы қылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті табандылықпен жүргізіп келеді.
Ендеше, халық сенімінің айнасына айналып, бейбіт күннің батырлары атанған полиция қызметкерлерінің еңбектері жанып, игі істері еселене түссін.

Ерсайын Өміров, Асылай Ниязбаева