ӨЛКЕМІЗДІҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ

Дендер-Нарын өлкесінде Кеңес өкіметі орнаған кезге дейін ислам діні жүйесіндегі имандылық және білім беру ошақтары – мешіттер мен медреселер біршама болған. Өңірдің шежіре-қарттарының мәліметтері бойынша олардың саны алтауға жеткен. Сол алтаудың бірі және бірегейі Әйіп қажы салдырған атақты «Көкмешіт». Жалпы Индер ауданы аумағында Ислам дінінің туын биікке көтерген діндар- ғұламалар аз болмаған. Олардың қатарында осы Әйіп қажыны және Нарын құмының тумалары «Жеті қазірет» атауымен танылған Себек руынан шыққан бір топ діни қайраткерлерді атауға болады.

Әйіп қажы Бекенұлы-Атырау өңірінде діни оқуды зайырлы мектеп жүйесіне айналдырған тұңғыш ағартушы

Әйіп қажы Бекенұлы 1838 жылы Толыбай елді мекенінде дүниеге келіп, 1931 жылы қайтыс болған. Ол кісі Атырау өңіріне даңқы жайылған ағартушылардың бірі. Ауқатты жанұяның баласы бола отырып жастайынан білім алуға құлшыныс білдірген Әйіп алғашында «Жалпақталдағы» медреседе, кейін Қазан қаласындағы жоғарғы дәрежеде діни білім беретін оқу орнында оқып, білім алады.