АҚМАҢДАЙ ӘЖЕ рухына

Қазақта «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ» деген сөз бар. Мынау құс қанаты талатын ұшы-қиыры жоқ ұлы далада бір шаңырақтың емес, үлкен бір рулы елдің өсуіне жол салған, ардақты да аруақты, дана аналарымыз аз болмаған ғой. Солардың бірі Ақмаңдай әже десек артық айтпаған болар едік.Осыдан отыз жыл бұрын еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста атадәстүріміз бен салтымызды, дініміз бен тілімізді, әдет-ғұрпымыз бен төл тарихымызды түгендеп, ұлттық санамызды қайта жаңғырта бастадық. «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» дегендей, өткенімізге көңіл бөлдік. Бір сөзбен айтқанда, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Сол 1990 жылдары бағзы замандардан бері жалғасып келе жатқан, бұрынғы өткен қасиетті, белгілі ата-бабаларымыздың есімін ардақтап, кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында ас беру, түнек салу, белгі қою, ескерткіш, мазар орнату іс-шаралары қолға алына бастағаны баршамызға белгілі. Бұл сол кездегі аға буынның бастамасымен, орта буынның қолдауымен, кейінгі жас буынның көмегімен атқарылған, тәрбиелік-тағылымдық мәні бар, елдің немесе ағайын-туыстың ынтымағы мен бірлігін көрсеткен, үлгі аларлық игілікті істердің бірі болғаны айдан анық. Бұл өнегелі дәстүр қазірде өз жалғасын тауып келеді.