Бармасан, келмесен, жат боларсын…
Соңғы бір-екі айдан бері әлеуметтік желілерде «енді елімізді қара қытай жаулайды» деген сыңайлы алып-қашпа жазбалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Әуелі бұл жазбаның о баста қайдан пайда болғанына үңіліп көрейікші. Бұл пікірлер негізінен «Қазақстан мен Қытай азаматтары 30 күн визасыз жүре алады» деген мәселеге байланысты туындап отырғаны анық. Одан солай болады екен деп үркудің қажеті жоқ. Сарапшылардың айтуына қарағанда, бұл үрдіс әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Өйткені, жаhанның жүзден астам дамыған мемлекеті осы бағытта оңтайлы жұмыстар жүргізіп, өз елдерінің экономикасын өркендетуге әлдеқашан кірісіп те кеткен. Біз қазір кез келген нәрсеге айдың-күннің аманында үрке қарайтын болып алғанбыз.