Қарттар үйі: Әрқилы тағдырлар
«Қариясы бар елдің қазынасы бар» десек, аузы дуалы, ұрпағына өз тәлім-тәрбиесін көрсетіп, келешекке бағыт-бағдар беріп, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қашыратын, бар өмірлік тәжірибесін сіңіріп отыратын ата-әжелер — асыл мұрамыз екені хақ. Үйімізде, бір шаңырақ астында, жанымызда жүрген, бізге бәйтеректей қорған болып отырған үлкендеріміздің жөні бөлек, десе де қартайған өз әке-шешесін баға алмай арнайы мекемелерге өткізіп, жанарларын мұңға шалып қоятындар да бар. Кейде тағдыр тәлкегімен қараусыз қалып, жанашыры табылмай жалғызбасты болған қарияларымыз арнайы мекемелердің тұрғындарына айналады. Жасы ұлғайған шақта төрт қабырғаға қамалып, бұлыңғыр терезеге үмітсіз телміріп, жалғыздықтан жапа шегіп отырғанша, қатарластарымен бірге тұрып, сырласып, шер тартқаны абзал-ақ.