Халқының Мәйтені еді, әулеттің бәйтерегі
Бала күнімізден санамызда қалғаны – әке, шешеміз, олармен қатарластар, тіпті күллі Нұржаудың еңбектеген баласы, еңкейген кәрісі ол десе, ішкен асын жерге қойып, ол жайлы даңқ пен дақпыртқа рахаттана құлақ асады. Мәйтен Матыбаев турасында өздері де білгенін айтып қалуға құштар. Айтқанда шайын ұрттап отырып құлықсыз ауыздарын сылп еткізбейді, жеріне жеткізіп, қоясына қондырып, тұздығын молынан қосып айтады. Әрісін айтпағанда Нұржау, Орлы бойының тұрғындары осы бір Мәйтен деген азамат ауызға іліксе, мейманасы тасиды. Әнтек әңгімеге араласып, ол жайында айтып қалуға көңілдері құштар. Тіпті менің әкем де ақкөңілдігіне салынып, жанары жасаурайтын. Дүйім елді аузына қаратардай ол соншалықты жұрттың бәріне не істеп қойыпты?