Гендер және БАҚ: әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық тақырыбы қалай жазылуы керек?
Қоғамдық мүддеге қызмет ететін журналистика әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күресте маңызды тетік болып саналады. Соңғы бірнеше жылда әлемнің көп бөлігінде жағдай жақсарғанымен, гендерлік зорлық-зомбылық мәселесі әлі күн тәртібінен түскен жоқ. ІІМ мәліметінше, 2021 жылы елімізде отбасылық жанжал кезінде 50-ге жуық әйел қаза тауып, 300-ден астамы ауыр жарақат алған. Осы тұста бұл проблема отандық БАҚ-та қалай көрініс тауып жүр деген сұрақ туындайды. Көптеген сарапшы әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық жарияланған күннің өзінде көбіне «отбасылық іс» не «жеке мәселе» ретінде сипатталады. Я болмаса өміріне қауіп төндіретін проблема ретінде көрсетілмейді, керісінше қоғамның қызығушылығын тудыру мақсатында жасалатынын айтады.