Атырауда көпқабатты үйдің бірінде шыққан өрттен 18 адам құтқарылды.
Облыстық ТЖД басшысының орынбасары Рашид Бляловтың айтуынша, өрт 3 мамырда түстен кейін СМП-163 мөлтек ауданында шыққан. № 5 «б» үйдің пәтерлерінің бірінде балкон өртеніп, түтін үйдің ішіне кірген. Салдарынан жоғарғы қабаттарда тұратындар сыртқа шыға алмай қалған.
Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер автосаты арқылы 18 адамды эвакуациялаған, оның ішінде бес бала бар. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.
Өрт бірнеше минутта сөндірілген, оның себебі мен тигізген зардабы тексеріліп жатыр.