Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде мыңыншы науқас коронавирустан жазылғанын айтты.

Министрдің айуынша, індеттен жазылған әйел Қызылорда облысынан, жасы 30-да екен.

«Ол 16 сәуірде Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Науқас коронавирус жұқтырған науқаспен тығыз байланыста болған.  Оның жағдай орташа ауыр болды. Дене температурасы 38 градусқа дейін көтіріліп, құрғақ жөтелі, әлсіздік белгілері байқалды. Науқастың өкпесіне рентгенография жасалып, өкпесінің сол жағы қабынғаны (пневмания) анықталды. Әйелге «COVID-19 коронавирус инфекциясы» деген диагноз қойылды», — деп жазды министр Facebook желісіндегі жеке парақшасында.


Біртанов науқастың жағдайы орташа болғанын айтады. Тиісті емдеу шаралары жүргізілген соң, науқас коронавирусқа 2 рет тест тапсырыпты. Сынама теріс нәтиже көрсеткен.

«Ауруханадан шығардың алдында науқас денсаулығына шағым түсірген жоқ. Дәрігерлер оған 21 күн үйдегі карантинде отыруға кеңес берді. Мен алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Жарайсыздар! Рақмет!», — деп жазды Біртанов.