Адамзат ұрпағының есінен еш уақытта шықпауға тиіс бір тарих бар: ол – Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы.
Адамзат ұрпағының ішінде қанша заман, қанша ғасыр өтсе де есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайтын бір ұрпақ, бір толқын бар, ол – майдангерлер, Екінші дүниежүзілік соғыстың майдангерлері. Олардың мың-миллион өкілі мәңгілікке ұрыс даласында қалды; бір бөлігі соғыс салған жарақаттар мен елге аман келіп,ұрпақ өсірді; ел қатарлы қажырлы еңбек етті; қайсарлық пен қаһармандықтың небір тамаша үлгілерін көрсетті.
Алдымызда Ұлы Жеңістің 75 жылдығы келеді. Бұл айтулы дата әлемді айтпағанда ТМД мемлекеттері үшін соғыс құрбандарын еске алу және тағзым күні болуы тиіс деп санайтындардың бірімін.
Бүгінде басылым беттерінде майдангерлер туралы сирек жазылатын болды. Майдангерлер қатары селдіреп қалды. Тыл ардагерлері де жыл өткен сайын естелікке айналуда.
Егер тарихшы ғалымдар түптің түбінде ақиқатты айтатындай болса, бұл соғыста аз ұлттар ішінде өздерін асқақ ерлік пен отаншылдықтың шынайы үлгісін көрсеткендер – қазақ халқының өкілдері. Ресейде, Украинада, Белорусьта қазақ халқының ерлігіне тағзым ескерткіші тұрғызылса, талай қыршын кеткен боздақтар аруағы ырза болар еді! Бұл тарих алдындағы әділдіктің салтанат құруы болар еді. Бұдан аталған мемлекеттердің бюджеті ортайып қалмас еді, қайта абыройлары асқақтап кетер еді.
Қаһармандық пен ерлікті мойындаудың өзі – адамгершілік. Енді негізгі айтарыма көшейін. Бұл жолы сәті түсіп қалам тербеп отырған адамым –жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов аға. Бұған дейін де талай мәрте ойланып, ниеттенгеніммен жазудың сәті түспеп еді…
Құрметті оқырманның:
– Ол кісіні көріп пе едіңіз?– деген заңды сауалы қоюы мүмкін.
– Иә. Құрметті оқырман, осы кезге дейін кездесіп тілдеспесем де, көркем әдебиеттен оқып, деректі шығармалардан біліп, көргендей болған майдангер ағалар туралы аз да болса жазғанмын.
Енді өзім бір емес, екі мәрте кездесіп, алғашқысында облыс орталығынан Индербор кентіне дейін және кентте қонақ үйде дәмдес болған екенмін. Қазақ «Бір күн жолдасқа мың күн сәлем» дейтін халық емес пе!? Аз ғана уақыт бірге болғанда, абзал ағаның кескін-келбеті, сөйлеу мәнері, өзін ұстауы, басқа адамдарға деген көзқарасы есімде қалып қойды.
Бұл – 1983 жылдың мамыр айының алғашқы күндерінің бірі еді. Сол жылдары «Даңқ» әскери-патриоттық тәрбие клубы мен аудандық орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен өткен даңқты жазушы Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы бойынша Қайырғали Смағұловпен болған кездесу.

Алдын ала Батыр ағамен телефон арқылы сөйлесіп, келіскеннен кейін, белгіленген күні ағаны Гурьевтен Индерборға алып шықтық. Мамыр айының үші мен жетісі аралығындағы күндердің бірі (дәл қай күн екені есімде қалмапты).
Табиғаттың біздің өлкеге ерекше ықылас-пейіл танытатын мезгілі. Жолда Батыр аға өзін өте жайдары, жарқын, ашық көңілде ұстады. Ағамыз шаршап
қалмасын деп жолда бар жағдайын жасауға тырыстық.
Ағамызды шаршатпай, жақсы, емен-жарқын, жайдары көңілде Индербордың сол кездегі бетке ұстар мейманханасы – Индер борат кенішінің «Люкс» қонақүйіне жайғастырдық. Осында Қайрекеңе арнайы дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Жолдағы әңгімеден ұққаным, көңілге түйгенім:
– Сізді жазушы Ғ. Мүсіреповтің көптеген батырлардың арасынан таңдау себебі неде?- деген сұрақтың төңірегінде өрбіп еді.
Сонда Батыр ағаның айтқан әңгімесінің мазмұны мынадай.
Әрине, Ғабит Мүсірепов майдангер жазушы болған жоқ. Жазушы бір ғана Қайырғали Смағұловпен кездесіп, білісті де, жазуға кірісті десек, жалған болар еді. Қайырғали ағамен Ғабең алғаш Батыр елге соғыс жылдарында демалысқа келген кезінде жүздеседі.
Қайрекеңді жазуға бекінгені Батырдың қилы-қилы өмірбаяны мен ашық-жарқын әңгімешілдігі болса керек. Ғабең аз сөйлеп, көп тыңдайтын кісі ғой. Қайрекең өзі айтқандай: «Ғабит ағаның көңілі маған түскені: қарапайымдылығым мен ашық-жарқындығымнан, барды бар деп, жоқты-жоқ деп айтатын шынайылығымнан болар»,- дегені есімде қалыпты…
Қайырғали Смағұлов аға менің батырлық, батыр туралы көзқарасымды түбегейлі өзгерткен жан. Олай дейтінім: бұрындары ойлаушы едім, батыр адамға тіке қарай алмайтын болармыз, жүздері суық, өздері қатал болатын болар деп. Сөйтсем, Махамбет бабам айтқандай: «Батыр болмақ ойдан-ды» деп, батырлық ақыл-ой мен тәрбиенің, адамгершілік асыл қасиеттердің жиынтығы екен ғой…
Батыр ағамен екінші жүздесу 1989 жылдың маусым айында сол кездегі облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы ұйымдастыруымен өтті. Батыр аға осы кездесуде отаншылдық, адамгершілік, азаматтық туралы әңгіме өрбітіп, талай тыңдаушының сұрақтарына сабырмен жауап беріп еді. Біз болсақ, «осындай асқар таудай асқақ ағалар, ерлігі ешқашан ескірмес, аласармас азаматтар алақандай ғана Атырауда біз сияқты жай пенделермен бірге жүргені ме? Мұндай ерлерді аяғын жерге тигізбей, иығымызға көтеріп жүрсек болмас па!»- деп шынайы көңілмен ырзалықпен тарқасып едік. Батыр ағаның мәңгі өлместей бейнесін әдебиетімізде көркем сөздің зергері Ғабең ескерткіштей ғып халқына қалдырып кетті. Кейде бір сұрақтың мазалайтыны бар. Осы Атырау қаламызда «Батырлар аллеясы», сол аллеяда Кеңестер Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов ағаның ескерткіші бар ма екен?- деген сұрақ.

P.S. Атырау қаласына барыс-келісте жол бойындағы қауымда мәңгі тыныстап жатқан Батыр ағаның аруағына бет сипап, «тие берсін» айтамыз.
Көзі тірісінде-ақ аңызға айналған әдебиет пен соғыс қаһарманы Қайырғали аға туған жер топырағында жатып, оның рухы ұрпақ пен ел амандығын, халқына бейбітшілік пен бірлік тілейтініне шүбәсіз сенеміз.

Аманат-өсиеті – «Отанды сүй!»,
Жас ұрпақ, сәл аялда, басыңды и!
Бұл жерде, «Қазақ солдаты», бабаң жатыр,
Ұмытпа, есімі оның – Қайырғали!

Амантай Бақыт