«Ұлттық арна» сұқбатқа шақырды. Санақ туралы. Оның бюджеті туралы. Әрине, бірдеңе де көкуіме болатын еді. Мәселен, маған салса ІТ құралдарды қолданып, қалай өткізуге болатыны жөнінде. Бірақ, отказ бердім.
«Хабар» арнасы сұқбатқа шақырды. Әлеуметтік желілерге жалған ақпарат тарату һәм оның жауапкершілігі туралы. Әрине, бірдеңе деп көкуіме болатын еді. Бірақ отказ бердім.

«Евразия І» арнасы сұқбатқа шақырды. Киберқауіпсіздік туралы. Әрине, бірдеңе деп көкуіме болатын еді. Бірақ отказ бердім.

«Атамекен бизнес каналы» сұқбатқа шақырды. ІТ стартаптар һәм олардың даму не дамымай жатқаны жөнінде. «Шаршамайды екенсіздер» десем күледі… Әрине, көкуге құқым да бар, айтарым да бар. Тіпті «Келе алмасаңыз, скайп арқылы да айтсаңыз болады» деді. Бірақ отказ бердім.
Журналист ағайындар, сұқбат беруге отказ берсе, ренжімеңіздер. Өйткені, адам сұқбат беріп, сөз шығындаудан да шаршайды екен…

Кейде көз алдыма анау «Слуга народадағы» қолдан сайлау жасап, президентті басқарып отыратын буржуйлар тобы елестейді. Мен сұқбат беріп жатқанда экранға (тойыст маған) саусағын шошайтып «Муахаха, айтсын-айтсын… Қайтсын енді, айтпағанда, кідәй-әй…» деп күліп жатқандай болады.
Айтудан бұл ел оңалатын болса…

Әй, білмеймін…

Бұрын оқушы-студент кезімізде ауыл әкімі, қала әкіміне бірдеңе деп айтып, содан үміт күтетінбіз. Осы күні облыс әкімі, министр, вице-премьермен кездесіп проблема айтып, тіпті кейде ықтимал шешімін айтқандай болса да мызғымайды ғой, шіркін.

Әңгіме неден шықты?

Жаңа осында анау вайнер Мейіржанның халық санағына бөлінген ақшаны сынаған видеосын көріп қалдым. «Сонша ақшаны құртып, 18 млн екенімізді білмекші» деп ренжиді комик. Осы кезде барып мен анау санақ туралы, оның бюджеті туралы сұқбатқа келісім бермегенім дұрыс болғанын анық түсіндім.

Неге?

Себебі, кей бюджет біздің кедей санамызға қыруар қаржы боп көрінеді. Ал оның жалақыға (ФОТ) кететін шығынның өзі бюджеттің жартысына бара-бар болуы мүмкін. Сметаны көрген жоқпын. Тиісінше, бюджеттің сыртқы кейпіне қарап әңгіме айту – дилетанттың ғана пікірі. Әрине, билікке деп буып-түйіп қойған сенім кредиті таусылған халық ештеңеге құлақ асқысы жоқ. Дегенмен, соманың да сомасы бар, ағайын…

Тимур Бектұр