Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет анықтаған сыбайлас жемқорлықтың әрбір алтыншы фактісі мемлекеттік сатып алу саласында жасалады. Олар келтірген залалдың мөлшері шамамен 2,5 миллиард теңгені құрады. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановпен, аймақтық тексеру комиссиясының, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің және тиісті басқармалардың басшыларымен болған кездесуде сөз болды.
«Өткен жылдың қараша айында «Сатып алулардың біріңғай терезесі» веб-порталында («ЭҚО» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» Еуразиялық электронды порталы, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және «Nadloc жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ) деректерге мониторинг жүргізілді. Бұл жүйе онлайн режимдегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоспарлау кезеңінде-ақ анықтайды. Камералды талдау 10 мың тұтынушыны және 130 мыңнан астам мемлекеттік сатып алулар жоспарларын қамтыды. Сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – жүйелі шарықтаған бағалар, бұл тұтынушы бюджетінің жасанды өсуін және қаражатты тиімсіз жұмсауды білдіреді. Жекелеген жеткізушілердің мүдделерін алға тартып, техникалық сипаттамаларды қолдан жасау, жалған актілерге қол қою – бұл осы салада қолданылатын қылмыстық схемалар», – деп атап өтілді Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментінің баспасөз қызметінде.
Атырау облысында мемлекеттік сатып алуларға жүргізілген мониторинг барысында бағаны аспандату бойынша 43 736 факт анықталды. Мемлекеттік сатып алу саласында көтерілген бағалардың ең көбін құрылыс басқармасы ұйымдастырған – 3 038 факт, білім басқармасы және оның мердігерлері – 1 596, ішкі саясат басқармасы – 756, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы – 1 260, полиция басқармасы – 910. Мысалы, ТЖ департаменті 6 жедел-құтқару кескішін сатып алуға конкурс жариялады. Жабдықтардың жалпы құжаттамаға сәйкес құны 17 560 000 теңгені құрайды, ал оның бір данасының нарықтық құны 422 000 – 2 900 000 тенге аралығында. Кескіштің орташа бағасы – 2 063 732 теңге. Осылайша, кескіштердің бағасы 5 177 608 теңгеге асырылып көрсетілген.
Денсаулық сақтау басқармасы және оның мердігерлері, Индербор кенті әкімінің аппараты, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы да осы тізімге енген.
Сержан Ізберген