Адам өмірінің өткіншілігі мен ажалдың ақиқаттығы – баршаға ортақ шындық. Жақынынан айырылған жанның қайғыруы, марқұмды еске алып, оның рухына дұға бағыштауы – табиғи әрі ізгі сезім. Қазақ халқы ежелден дүниеден өткен адамның артынан дұға жасап, Құран бағыштап, ел-жұртты жинап, ас беруді қалыптастырған. Бұл – ұлттың рухани болмысымен біте қайнасқан дәстүрдің бірі.

Алайда уақыт өте келе осы игі дәстүрдің мазмұнына қатысты түрлі түсініктер мен көзқарастар қалыптасты. Кей жағдайда құдайы ас марқұмның рухына дұға бағыштап, сауапты амал жасау ниетінен алыстап, елдің алдында абырой сақтау, ағайынның көңілінен шығу немесе өзгелерден кем түспеу мақсатындағы шараға айналып бара жатқандай. Дастарқанның молдығы, шақырылған қонақтың көптігі, ас мәзірінің қымбаттығы алдыңғы орынға шығып, қарапайымдылық пен рухани мән екінші кезекке ысырылып жатады. Осы ретте бір мәселені айқындап алған жөн: ислам діні марқұмға арнап ас беруге тыйым салмайды. Керісінше, оның атынан садақа беріп, дұға жасап, игі іс атқарудың сауапты амал екенін баяндайды. Бірақ кез келген амалдың қадірі оның сыртқы көрінісімен емес, ниетімен, шариғатқа сәйкестігімен және адамға тигізген пайдасымен өлшенеді.

Астың мәні – дастарқанда емес, дұғада

Ислам дінінде қайтыс болған адамға тірілердің дұғасы мен ізгі амалдарының пайдасы тиетіні белгілі. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды жарылқа!» (Хашр сүресі, 10-аят) деп дұға етуді үйретеді. Бұл аят мұсылманның өзінен бұрын өткен бауырларына жақсылық тілеп, олардың күнәларының кешірілуін сұрауы керектігін аңғартады. Сондай-ақ сахих хадисте адам қайтыс болғаннан кейін амал дәптері тоқтайтыны, бірақ үш нәрсенің сауабы жалғасатыны айтылған. Олар: үзілмейтін садақа, пайдасын тигізетін білім және артынан дұға жасайтын ізгі перзент (Муслим риуаяты). Демек, марқұмның атынан садақа беру, мұқтажға жәрдемдесу, пайдалы іс жасау және оның ақысына дұға ету – шариғат құптайтын амалдар. Құдайы ас та осындай игі ниетпен ұйымдастырылғанда өзінің рухани мәніне ие болады.

Бірақ мұнда бір маңызды жайт бар: астың көлемі мен тағамның қымбаттығы марқұмға баратын сауаптың өлшемі емес. Біреуге берілген қарапайым садақа, шын ықыласпен жасалған дұға немесе мұқтаж жанның қажетін өтеу кейде үлкен дастарқаннан әлдеқайда пайдалы болуы мүмкін.

Дәстүр – жарыс емес, жауапкершілік

Қазақ қоғамында ас беру – тек тамақтандыру рәсімі емес, марқұмды еске алу, ағайынның басын қосу, туыстық байланысты нығайту секілді әлеуметтік мәні бар дәстүр. Оның осы қырын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен дәстүрдің бастапқы мақсаты мен бүгінгі қолданысы арасында алшақтық пайда болмауы керек.

Кейбір отбасыларда «ел не дейді?», «ағайыннан ұят болады», «пәленше осылай өткізген еді» деген ойлар басымдық алып жатады. Сөйтіп, қаралы отбасы қайғысын жеңілдетудің орнына, үлкен қаржылық және психологиялық жауапкершілікті мойнына алады. Тіпті ас беру көлемі мен шығыны арқылы бір-бірімен бәсекелесетін жағдайлар да кездеседі.

Мұндай көзқарас дәстүрдің де, діннің де негізгі ұстанымына сай келмейді. Исламда амалдың бағасы ниетке байланысты екені белгілі. Егер ас елге көрсету, мақтану, атақ жинау немесе өзгелерден кем қалмау үшін ұйымдастырылса, оның рухани мақсаты көмескіленеді. Марқұмды құрметтеу – оның атынан даңғаза шара өткізу емес. Оны шынайы дұғамен еске алу, артында қалған аманаттарына адал болу, туыстарына қамқорлық таныту және игі амалдарын жалғастыру әлдеқайда маңызды.

Ысырап – берекені кетіретін әрекет

Құдайы ас кезінде назар аударатын тағы бір мәселе – дастарқандағы ысырап. Кейде қонақтардың алдына тағамның бірнеше түрі қойылып, шамадан тыс мәзір әзірленеді. Алайда оның бәрі тұтынылмай, артылған тағамның бір бөлігі қоқысқа тасталып жатады.

Бұл – діни тұрғыдан құпталмайтын әрекет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді».  (Ағраф сүресі, 31-аят) деп ескертеді.

Ислам адамды үнемшілдікке, қанағатқа және жауапкершілікке тәрбиелейді. Дастарқан жаюдың өзі сауапты амал болуы мүмкін, бірақ оның шектен шығуы, тағамның рәсуа болуы бұл игіліктің мәнін төмендетеді. Қонаққа құрмет көрсету үшін міндетті түрде қымбат тағам әзірлеу қажет емес. Астың сапасы мен көлемінен бұрын, оның адал жолмен дайындалуы, жеткілікті болуы және ізгі ниетпен ұсынылуы маңызды.

Біз дастарқанның молдығын емес, оның берекесін ойлауымыз керек. Артылған тағамды мұқтаж жандарға жеткізу, қайырымдылыққа бағыттау немесе алдын ала қонақ санына қарай мөлшерлеу – ысыраптың алдын алатын қарапайым әрі тиімді жолдар.

Қарызға батып ас беру – міндет емес

Кейде марқұмның туыстары ағайын-туыстың, ауыл-аймақтың алдында ұятқа қалмау үшін қаржылық мүмкіндігі жетпесе де, қарыз алып, үлкен ас өткізуге мәжбүр болады. Мұндай жағдайлар отбасының тұрмысына салмақ түсіріп, қайғы үстіне қосымша қиындық әкеледі. Бұл жерде анық түсінуіміз қажет: исламда марқұмның атынан міндетті түрде үлкен ас өткізу немесе белгілі бір көлемде мал сойып, мол дастарқан жаю деген талап жоқ. Қарызға кіріп, өз мүмкіндігінен тыс шығындану да діни міндет болып саналмайды. Керісінше, шариғат адамға шамасы келетін істі атқаруды, өзіне және отбасына зиян келтірмеуді үйретеді. Қарыз алу – жауапкершілігі бар іс. Сондықтан тек жұрттың сөзіне қалмау немесе біреуден кем көрінбеу үшін қаржылық міндеттеме арқалау дұрыс шешім емес.

Әсіресе қайғыға батқан отбасының жағдайын түсініп, оларға салмақ салмау – қоғамның адамгершілік міндеті. Мұндай кезде ағайын-туыс марқұмның отбасынан шығын күтпей, керісінше, қолдау көрсетіп, ауыртпалығын бөлісуі керек. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннетінде де қайғыға ұшыраған отбасыға жанашырлық таныту үлгісі бар. Жағфар ибн Әбу Тәліп қайтыс болғанда, Алла елшісі (с.ғ.с.) оның отбасына тамақ әзірлеуді бұйырып, олардың қайғымен әуре болып отырғанын айтқан (Әбу Дәуіт, Тирмизи риуаяттары). Бұл өнегеден алатын ғибрат – қаралы үйге ауыртпалық түсіру емес, оның жүгін жеңілдету.

Құдайы астың шариғатта бекітілген міндетті мәзірі жоқ

Халық арасында құдайы ас берудің белгілі бір тәртібі болуы керек, міндетті түрде мал сойылуы тиіс, дастарқанның түрі мен көлемі нақты талапқа сай болуы қажет деген түсініктер кездеседі. Алайда шариғатта марқұмның атынан ас берудің осындай міндетті формасы бекітілмеген.

Ас берудің негізгі мақсаты – Алланың разылығын көздеп, адамдарға тамақ ұсыну, марқұмға дұға бағыштау және сауапты амал жасау. Оны қарапайым дастарқанмен де жүзеге асыруға болады. Мал сою міндет емес. Адам өз мүмкіндігіне қарай садақа беріп, мұқтаж жанды тамақтандырып немесе қайырымдылық жасай алады. Мұнда ең бастысы – ниеттің дұрыстығы мен амалдың шариғатқа қайшы келмеуі.

Сондай-ақ жаназа мен жерлеу рәсімдерінен кейінгі кезеңде қаралы отбасыға түсіністікпен қарау қажет. Дәстүрді сақтау дегеніміз – оның әрбір сыртқы көрінісін міндетке айналдыру емес. Керісінше, оның ізгілікке, бауырмалдыққа, жанашырлыққа үндейтін мазмұнын жоғалтпау.

Діни басқарма ұстанымы: дәстүрді сақтап, ысыраптан арылу

Құдайы ас өткізу мәдениетін қалыптастыру, діни рәсімдерді шариғат талаптарына сай орындау және халық арасында ысырапшылдықтың алдын алу – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы назар аударып отырған маңызды бағыттардың бірі.

ҚМДБ-ның «Дін мен дәстүр» бағыты аясында ұлттық құндылықтардың исламдағы орны, салт-дәстүрдің шариғатпен үйлесетін тұстары және діни рәсімдерді орындаудағы әдеп мәселелері тұрақты түрде насихатталып келеді. Мұндағы негізгі мақсат – халықты дәстүрден алыстату емес, керісінше, оның ізгі мазмұнын сақтап, дінге қайшы келетін немесе адамдарға артық салмақ түсіретін әрекеттерден арылту.

Діни басқарма тарапынан имамдарға жамағат арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, діни рәсімдерді ұйымдастыруда қарапайымдылық пен шариғи талаптарды басшылыққа алу бағытында насихат жүргізу міндеті жүктелген. Бұл ретте жаназа, жерлеу, ас беру, садақа жасау мәселелеріне қатысты дұрыс түсінік қалыптастыруға ерекше мән беріледі.

Басқарманың діни-танымдық басылымдары мен ақпараттық ресурстарында да дәстүр мен дін сабақтастығы, ысыраптың зияны, садақаның сауабы және мұсылмандық әдеп мәселелері кеңінен қозғалады. Мұның барлығы қоғамда діни сауаттылықты арттырып, қалыптасқан кейбір жаңсақ түсініктердің алдын алуға бағытталған.

Атырау облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өңір мешіттерінде жұма уағыздары, жамағатпен кездесулер, діни семинарлар мен ақпараттық-түсіндіру шаралары барысында ас беру мәдениеті, ысыраптың алдын алу, марқұмға дұға бағыштау және мұқтаж жандарға қолдау көрсету мәселелері тұрақты түрде көтеріледі. Имамдарымыз халыққа ас берудің негізгі мақсаты елге көрсету емес, Алланың разылығын іздеу, дұға жасау және қайырымдылық екенін түсіндіруде. Әрине, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыру қажет. Себебі қоғамда қалыптасқан кейбір түсініктерді өзгерту бір күнде жүзеге аспайды. Ол үшін мешіт пен жамағат, дін қызметкерлері мен ел ағалары бірлесе әрекет етуі керек. Әсіресе ауыл ақсақалдары мен көпті көрген азаматтардың қарапайымдылықты өздері үлгі етуі маңызды.

Біз үшін басты мақсат – халықтың дәстүрден қол үзуі емес, оның шынайы мәнін түсініп, ысырап пен даңғазалықтан арылуы. Дәстүр адамға ауыртпалық түсірмеуі керек. Керісінше, ол адамдарды жақындастырып, жанашырлық пен бауырмалдықты арттыруға қызмет етуі тиіс.

Марқұмға жасалған ең үлкен жақсылық – ізгі амал

Құдайы асқа қатысты тағы бір маңызды мәселе – марқұмның атынан қайырымдылық жасау. Кейбір адамдар дәстүрлі асқа жұмсалатын қаржыны мұқтаж отбасыларға, жетім балаларға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға немесе пайдалы қоғамдық жобаларға бағыттауға бола ма деген сауал қояды.

Әрине, болады. Мұндай амалдың сауабы мол болуы үміт етіледі. Бір мұқтаж отбасының азық-түлік қажеттілігін өтеу, науқас адамның еміне көмектесу, жетім баланың жағдайын жақсарту, ауызсу немесе білім беру бағытындағы игі іске үлес қосу – марқұмның атынан жасалатын қайырымдылықтың жарқын үлгілері.

Бірде сахаба Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Анам қайтыс болды. Оның атынан садақа берсем, оған пайдасы тие ме?» деп сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Иә», – деп жауап берген (Бұхари риуаяты). Бұл хадис қайтыс болған адамның атынан садақа берудің шариғатта негізі бар екенін көрсетеді.

Сондықтан дәстүрлі ас пен қайырымдылықты бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ. Ас беруге мүмкіндік болса, оны қарапайым түрде ұйымдастырып, қалған қаражатты қайырымдылыққа жұмсауға болады. Ал отбасының жағдайы көтермесе, үлкен жиын өткізбей-ақ, мұқтаждарға көмек көрсетіп, марқұмның рухына дұға бағыштауына толық мүмкіндік бар. Біздің қоғамда осы түсінік кеңінен орнығуы керек. Өйткені игіліктің өлшемі жұмсалған қаржының көлемінде емес, оның кімге және қандай мақсатта пайда әкелгенінде.

Қайтыс болған адамның артынан ас беру – халқымыздың құрметке негізделген дәстүрі. Оны жоққа шығару да, шариғатта міндеттелмеген талаптармен күрделендіру де дұрыс емес. Ең бастысы, дәстүрдің мазмұнын жоғалтпай, оны діннің ізгілікке үндейтін қағидаларымен үйлестіре білуіміз қажет. Марқұмға дұға бағыштау үшін міндетті түрде үлкен дастарқан жаюдың қажеті жоқ. Сауапты амал жасау үшін қарызға кіру де шарт емес. Алла жолында берілген аз ғана садақаның өзі шынайы ықыласпен жасалса, үлкен сауапқа себеп болуы мүмкін. Қаралы отбасыға жанашырлық таныту, олардың жағдайын түсіну, ауыртпалығын жеңілдету – мұсылмандықтың көрінісі. Біз ас беруді абыройдың өлшеміне емес, дұға мен қайырымдылықтың дәнекеріне айналдыруымыз керек.

Ендеше, марқұмды еске алғанда дастарқанның сәніне емес, дұғаның шынайылығына, тағамның молдығына емес, қайырымдылықтың игілігіне мән берейік. Өйткені дүниеден өткен адамға тірілердің шынайы дұғасы мен ізгі амалы ғана пайда береді.

Алла Тағала бақилық болған барша мұсылманның күнәларын кешіріп, қабірлерін нұрға бөлесін! Артында қалған ұрпағына иман, сабыр және береке нәсіп етсін!

Болатбек ҰЛАСҚАНҰЛЫ,

Атырау облысының Бас имамы