Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын Қазақстан Ұлттық арнасы арқылы тікелей эфирден көріп, зейін қоя тыңдадым. Осы жолғы дәстүрлі Жолдауында Президент халықтың денсаулығын сақтау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, заманауи медициналық нысандар салу мәселелеріне басымдық беріп отыр.

Жаңа медициналық нысандардың оның ішінде мұнайлы астанамыз Атырауда көпбейінді балалар ауруханасының салынуы, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымының жаңаруы тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне мүмкіндік бермек. Бұл ретте құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтап, нысандарды заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету, оларды білікті мамандармен жасақтау және тиімді жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасау аса маңызды.

Салалық кәсіподақтың төрағасы ретінде халықтың денсаулығын қорғау мен медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту өзара тығыз байланысты деп есептеймін. Өйткені сапалы медициналық көмектің негізінде заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған медициналық ұйымдар ғана емес, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби білікті әрі әлеуметтік қорғалған мамандар тұрады.

Сонымен бірге, денсаулық сақтау жүйесін дамытуда медицина қызметкерлерінің мүддесі әрдайым назарда болуы қажет. Дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту, лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету, кәсіби қауіпсіздігін сақтау, әлеуметтік қолдау көрсету және кадр тапшылығын азайту – саланың тұрақты дамуына ықпал ететін негізгі міндеттер.

Салалық кәсіподақтың басты ұстанымы – медицина қызметкерінің құқығын қорғау арқылы халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға үлес қосу. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды іске асыру барысында еңбек ұжымдарының ұсыныстарын ескеріп, жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестікті нығайту маңызды. Біздің мақсатымыз – әрбір азаматқа қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетілетін, ал әрбір медицина қызметкері өзінің еңбегі бағаланатынын сезінетін жүйені қалыптастыру. Халықтың денсаулығын сақтау – тек медицина саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Мемлекет басшысы көтерген міндеттердің нақты нәтижеге айналуы үшін салалық кәсіподақ өз құзыреті шеңберінде еңбек адамдарының құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау, лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыру және денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстарға белсенді атсалыса береді.

Майра КАШКЕНОВА,

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің

салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау

облыстық филиалының төрағасы