Сырт көзге қарапайым болып көрінген қыш бөтелке Балтық теңізінде суға батқан кемеден табылған ерекше жүктің шығу тегін анықтауға көмектесті. Зерттеушілердің пікірінше, бұл кеме Нассау герцогы Адольфтың Ресей императоры II Александрға жіберген сыйлықтарын тасымалдаған.
Кемеден табылған сельтер минералды суына арналған қыш бөтелкелердегі мөр олардың 1836–1866 жылдар аралығында жасалғанын көрсетеді.
2024 жылдың жазында Балтық теңізіндегі суға батқан кемені зерттеп жүрген поляк сүңгуірлері Павел Трушинский мен Марек Чачай «Nassau» деген жазуы бар қыш бөтелкені тапты. Алғашында олар бұл Кариб теңізіндегі қарақшылармен байланысты Нассау қаласынан шыққан ром құтысы болуы мүмкін деп ойлаған. Алайда екі жылға созылған зерттеу нәтижесінде бөтелкенің Германияның батысындағы Нассау герцогтігіне тиесілі екені және оның ішінде қымбат минералды су болғаны анықталды.
Зерттеудегі алғашқы маңызды жаңалық тарихи керамикаға маманданған археологтың кеңесінен кейін белгілі болды. Бөтелкедегі мөрдің суреттерін көрген маман оның Нассау герцогтігінің таңбасы екенін айтты. Табиғи газдалған Selters минералды суының өндірушісі осы таңбаны 1836–1866 жылдары пайдаланған. Бұл мәлімет кеменің соңғы сапарының уақытын нақтылауға мүмкіндік берді.
Кейінірек Трушинский Амстердам мұрағатынан техникалық сипаттамалары, діңгектерінің саны, орналасқан жері және жүгі бойынша табылған кемеға сәйкес келетін кеме туралы құжаттарды тапты. Жүк тізімінде Villeroy & Boch керамикасы, өлшеу құралдары, сирек кездесетін минералдар мен метеориттердің Нассау герцогы Адольф тарапынан Қырым соғысынан кейін Ресей императоры II Александрға жіберілгені көрсетілген. Кемеде сондай-ақ жүздеген шампан бөтелкелері де болған.
Тарихи деректерге сәйкес, Адольф Романовтар әулетімен тығыз байланыста болған. Оның алғашқы жұбайы ұлы князь қызы Елизавета Михайловна II Александрдың немере қарындасы еді. Ол 1845 жылы қайтыс болғанымен, Нассау мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынас сақталды. Зерттеушілердің пікірінше, осы туыстық байланыстар Нассаудың Қырым соғысы кезінде ресми түрде бейтарап қалып, бірақ Ресеймен достық қатынасты сақтауына ықпал еткен.
Бұл жүк Еуропадағы бейбітшіліктің қайта орнауын, сауда жолдарының қайта ашылуын және Нассау мен Ресей империясы арасындағы стратегиялық байланысты нығайтуды білдіретін игі ниеттің символы болуы тиіс еді. Басқаша айтқанда, бұл суға батқан кеме XIX ғасырдағы еуропалық дипломатия мен халықаралық қатынастардың бірегей тарихи ескерткіші саналады.
Дегенмен, Амстердам мұрағатындағы деректер табылған кеме туралы мәліметтермен көп жағынан сәйкес келгенімен, Baltictech зерттеу тобы тергеудің әлі де жалғасып жатқанын айтады. Қазіргі уақытта команда Швеция үкіметінен үшінші экспедиция өткізуге рұқсат күтуде. Рұқсат алғаннан кейін сүңгуірлер екі топқа бөлінбек: бір топ ағыс алып кеткен болуы мүмкін кеме қоңырауын іздейді, ал екінші топ жүк қоймасының төменгі бөліктерін зерттеп, жүк тізімінде көрсетілген заттарды табуға тырысады.
Айта кету керек, қазіргі таңда бұл кеменің шынында да II Александрға арналған сыйлықтарды тасымалдағаны толық дәлелденген жоқ. Бұл – табылған жәдігерлер мен мұрағаттық құжаттарды салыстыру негізінде жасалған зерттеушілердің ғылыми болжамы. Зерттеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
