10 тамызда елімізде Абай күні аталып өтті. Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы әрі композитор Абай Құнанбайұлының туған күніне орай республика бойынша 350-ден астам мәдени, ғылыми-танымдық, білім беру және спорттық іс-шара ұйымдастырылды.

Абай күні қарсаңында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығында «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Абай Құнанбайұлының шығармалары, ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуге арналған ғылыми еңбектер, сондай-ақ әдеби және танымдық басылымдар қойылды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, мұнда ұлы ойшылдың қазақ әдебиеті мен руханиятындағы орны және оның ой-тұжырымдарының мәні туралы ақпарат берілген. Кітап көрмесінде Абай өлеңдері мен «Қара сөздеріндегі» білім, ғылым, еңбек, адамгершілік, ел бірлігі және ұлттық сана тақырыптары кеңінен қамтылған.

Ақын дәріптеген бұл құндылықтар бүгін де маңызын жоғалтпай, қоғам үшін рухани бағдар болып отыр. Аталмыш көрме бір апта бойы жалғасады.

Көпшілік Абайдың шығармашылық мұрасымен қатар, ақынның ұлттық мәдениеттің дамуына қосқан үлесіне арналған басылымдармен таныса алады.

Абай мұрасы әлемдік деңгейде кеңінен танылған. 1995 жылы ақынның 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткені белгілі. Оның әдеби, философиялық және музыкалық мұрасы, білім, еңбек, әділет және адамгершілік туралы ой-тұжырымдары бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Эльмира ОРАЛБАЕВА